Аға басылымның торқалы тойы

Бүгінде елдік мүддені, Елбасы саясатын, ұлт тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, ел көлеміндегі жаңалықтарды жеткізіп отырған егеменді елдің бас газеті – «Егемен Қазақстанға» – 95 жыл. 1919 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» деген атпен алғаш рет Орынбор қаласында жарық көрген газеттің қазіргі таңда 200 мыңнан аса оқырманы бар. Тоқсан бес жылдың ішінде талай тарихи оқиғалардың куәсі болған аға басылымның тұрақты түрде жариялануына ұжымдастыру кезеңі де, сталиндік қуғын-сүргін кезеңі де, соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қиын кезеңдер де кедергі бола алмады. Тек атауы ғана «Еңбек Туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» және егемендік алған тұста «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Атауы өзгергенмен, басты ұстанымынан айнымаған «Егемен» әр отбасының сүйікті басылымына айналды.

Академик Серік Қирабаев ұлттық басылым турасында «Газеттің жаңа өмірі еліміздің тәуелсіздік алуынан басталды. Ол «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Соған лайық оның мұрат-бағдары да жаңарды. Қазақтың тәуелсіз ұлт газеті болу көп нәрсеге жаңа тұрғыдан қарауға үйретті. Бүгін «Егемен» бетінде жазылып, көтеріліп жатқан мәселелер ұшан-теңіз. Соның бәрі біздің бұрынғы жоғалтқанымыз бен айтылмай сақталып қалған ойларымыз…» деген екен.

Қазақ әдебиетінің марқасқалары – Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов және тағы да басқа ұлт зиялылары қызмет етіп, шығармашылықтарын шыңдаған газет мыңдаған журналистің қалыптасу мектебі болды.

Елімізде тәуелсіздік жылдарында заманға сай әртүрлі өзіндік бағыт-бағдары бар басылымдар жарық көрді. Алайда, сол басылымдардың бастауында «Егемен Қазақстан» газеті тұр. Ел газетінің ұжымын, барлық оқырмандарын торқалы тойларымен құттықтаймыз. Отбасыларына береке, шығармашылық табыс тілейміз. Аға басылымнан елдің күтер жаңалығы, тарихтан шертер сыры мол болсын.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.