Тәуелсіздік жазылсын бас әріппен

Ақиқаттан айнымайтын бір өлшем бар, ол – уақыт. Кез-келген құбылысты – оның қоғамға керегі бар ма, жоқ па, уақыттың онда шаруасы жоқ, жақсыны да, жаманды да тарих парағына жазып, жылжып барады. Сырт қараған санаға жылжып бара жатқан сияқты болғанымен, шын мәнісіне келгенде ол зымырап барады. Мысалы, көк жүзінде қалқыған ұшақ терезесінен жерге көз салғанда ол ақшабұлттар арасымен жылжып бара жатқан сияқты көрінбей ме? Ал, физикалық тұрғыдан келгенде ол зулап бара жатыр ғой. Міне, уақыт та солай. «Бақыттылар байқамайды уақытты» дегендей, ғарыштық жылдамдықпен жүйткіп бара жатқан керуен-өмір ағысында ешқандай аялдама жоқ, құстай ұшып барады.

Енді сол уақыттың кейбір мерзім өлшемімен салыстырғанда не тым қысқа, не шамадан тыс ұзақ көрінуі мүмкін. Тағы да бір мысалға жүгінсек, Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан бергі жылдар мерзімдік болмысы тұрғысынан айтқанда тым қысқа. Ал, осы уақытты қоғамдық саяси сана ауқымымен есептегенде, ол жылдар – қазақстандықтар үшін, оның төл перзенті – қазақтар үшін ғасырға бергісіз мерзім.

Ешқандай әсерсіз-ақ айтсақ, тәуелсіздіктің табалдырығын алғаш аттағанымыз күні кеше ғана еді. Ол да тарих парағына алтын әріптермен жазылып қалды. Ендеше, уақытқа табынбасқа лажымыз жоқ, оның айтқанына көнесің, айдағанына жүресің.

Ғасырға бергісіз жылдар. Ал, енді осы кезеңде жүзеге асырылған жұмыстарды, жұмыстарды емес-ау, армандарды тілмен айтып жеткізу қиын. Осыдан ондаған жыл бұрынғы санамен сарапқа салып көрсек, Қазақстанның империялық отаршылдық бұғауынан босап, әлемдік бірегей халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы қай қазақтың өңі түгіл, түсіне кіріп еді? Дүниежүзілік аренаға шығып, әлемнің жүзден астам елі оның егемендігін, тәуелсіздігін таниды деген ұғым ақиқат емес, қиял болып қана қалықтайтын, елес болып кезетін. Ал, бүгінде ол толған айдай анық, айнадағыдай айқын ақиқат. Осы жерде белгілі жазушы ағамыз Сафуан Шаймерденовтің бейнелеп айтқан: «Түрмеде көп отыратын адам, одан жазасын өтеп шыққаннан кейін де біразға дейін өзінің азаттығына сенбейтін көрінеді» деген теңеуі еріксіз еске түседі.

«Өз кемшілігін мойындаған да – ерлік» деп бағалайтын елдің ұрпағымыз ғой, несіне жасырайық, біздің санамызда да осындай сенімсіздіктің болғаны ақиқат. Сонда сол сенімсіздікке негіз болып отырған не? Оны тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев теледидардан сөйлеген бір сөзінде тап басып, нақты айтты. Ол елдің экономикасы, қорғаныс қуаты тәуелсіз болмай тұрған жағдайда ел тәуелсіздігін толық және түпкілікті деп бағалауға ертерек екенін ескертті. Ақиқаттың алтын көпірінен бір аттап қана өте алмайтындығын Президент өзінің сүйікті халқына осылай паш етті.

Иә, Қазақстан тәуелсіздігі әлі жас. Ендеше, тәуелсіздіктің анасы – халық оны әлі де мәпелеуі, мәпелей отырып шыңдауы, шыңдай отырып шынықтыруы қажет. Сол халықтың бір мүшесі ретінде біздің әрқайсымыз Тәуелсіздік атты бала қыранның бұғанасы бекіп, қанаты қатаюына қатысты нәрсенің бәрін істеуіміз қажет. Ол үшін алдымен елдің тілек-тірегі – бірлігі, ырыс алды – ынтымағы керек.

«Сүйінші» деген хабарды естігенде адамның сол қас-қағым сәтте не істеп, не қойғанын, тіпті, оны айтасыз, не деп қойғанын білмей қалатыны – жан иесіне тән табиғи құбылыс. Сондықтан болса керек, бәз біреулердің санасында: «Бізге тәуелсіздік ешқандай құрбандықсыз келді» немесе «Бұл бізге үш ғасырдан кейін келген тәуелсіздік» деген ұғымдар бар. Адамның шыр етіп дүниеге келгенде тәуелсіз болып, одан кейін – алдымен анасына, қала берді, табиғи құбылыстарға тәуелді болатыны, тәуелсіздіктің одан кейінгі белгілерін еңбектеуден бастап баланың өзі еңбекпен жеңіп алатыны ақиқат. Олай болса, қазақтарға да тәуелсіздіктің келуі – оның өз мақалымен айтқанда: «Бейнет түбі – зейнет».

Әрине, тәуелсіздіктің жарияланған сәті – 1991 жылдың желтоқсанымен өлшесек, құрбандықсыз дер едік. Ал, 1991-дің алдында әрісін айтпағанда, берісі 1986, 1945, 1937, 1916… тағы сол сияқты әрқайсысы ғасырға бергісіз, көзінен жас ағып, көкірегін жоқтау кернеген жылдар бар ғой. Оны қалай ұмытармыз! Тәуелсіздіктің тар жол тайғақ кешуі туралы толғанғанда ақын Жұбан Молдағалиев ағамыз ақиқатын айтқан: «Мың өліп, мың тірілген» қазақ емеспіз бе біз.

Иә, біз мың өліп, мың тіріле жүріп, өз ана тілімен айтқанда «Жанымнан – малым, арымнан – жаным садаға», «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес» деген мәрт халықпыз. Осы сөздерді жүрек жалауына жазып, еркіндікті ежелден аңсаған елміз. Өксігі мол өкінішке орай, қазақтың қонақжайлығын – қорқақтыққа, момындығын – жуастыққа жорығандар, тіпті жорыған емес, тап солай қабылдағандар да болды ғой. Сол «қабылдағыштардың» ұрпағы болса керек, қазаққа өз ана тілін беруге, жәй емес-ау, заңмен мемлекеттік тіл деп бекітіп беруге наразылық жасап бақты емес пе? Оны анау-мынау емес, парламент мінберінен мәлімдеушілерді кім деп түсінуге болады? Бұл жерде де Төлебилік төрелікті тарих, уақыт айтар.

Бейнелеп айтқанда, маған өз ана тілімді заңмен бекітіп беру мәртебе емес, қорлық, қорлықты көре алмау – зорлық. Ал, зорлыққа қарсы күресу – менің жан иесі ретіндегі жанталасым, адам ретіндегі азаматтық парызым. Мәселені осылай түсінген менің аға ұрпақ отандастарым опық жеді. Зорлықтың зардабын көрді. Тіпті, ол күрес ғасырдан-ғасырға ұласып келеді. Мүмкін ол қазір қайсыбір тарихшылар өлшеп-пішіп жүргендей, үш ғасырдан да әрі шығар. Міне, осыдан кейін тәуелсіздік құрбандықсыз келді деп көлгірсудің ешқандай жөні жоқ. Ендеше, бүгінгі қазақтың тәуелсіздігі, ертеңгі жарқын болашағы үшін құрбан болғандарға Аллаһ иман берсін.

Тәуелсіздік жолы – ұзақ та қиын жол. Оның құрбандықпен келетіні де ақиқат. Сол тәуелсіздік құрбандарының бірі – Қайрат Рысқұлбековтің сөзімен айтқанда:

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең атыңдар.

Міне, тәуелсіздік аңсаған ел жастарының айтар ақтық сөзі осы!

Өткен тарихты зерделеуді қоғамтанушы саясаткерлер мен ғалымдардың еншісіне қалдырып, беріден қозғасақ, бұрынғы КСРО-ның құрамында тәуелсіздік деп тұңғыш үн қатқан ел – Қазақстан. 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы желі мен оған қарсы соққан жылы ағыстан соң ғана бұрынғы одақта тәуелсіздік ұйқысынан оянған еді, қыстағы сең сонда қозғалған еді десек, ешқандай қателеспейміз. Бұл тарихи шындықты қоғамдық сананың қаз-қалпында қабылдары сөзсіз.

«Бақ берсең, баянын бер, байлық берсең, берекесін бер» деп бата беретін бұрынғылар. Түптеп келгенде, бақ та, байлық та – тәуелсіздікте. Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды да берекелі болсын. Ал, береке түбі – мереке.

Тәуелсіздік жолы – қиын жол дегенде менің Бибігүл әжемнің:

Ноқталы басқа бір өлім,

Білмеген құлға не айла бар?

Жұмақтың жолы қиын жол,

Азығыңды сайлап ал, – деген әлди әуені еріксіз еске түседі.

Сондықтан, бүгінгі тәуелсіздікке жету жолы қандай қиын болса, оның жалғасы да оңайлықпен алынбас асу, соған жету жолында бірегей бірлік, тапқан-таянғанды талапайға салмайтын ұқыптылық, қай істе болмасын қажымас қайрат таныту – ежелден еркіндік аңсаған ел азаматтарының абзал борышы, перзенттік парызы. Осындай тебіреніс үстінде тәуелсіздік туралы ой-толғауым өлеңге ұласып кетті.

 

Көзіме қуаныштан жас алып мен,

Өзіңді Тәуелсіздік қарсы алып ем.

Аңсаған арманымсың жүрегіме,

Жазамын есіміңді бас әріппен.

 

Шапағын маған төккен аспанда күн,

Гүл шоғы жастығыма жастанғаным.

Құтқарған отарлықтан Отанымды,

Тәу етем, Тәуелсіздік – Бостандығым.

 

Қазағым бодандықтан азат бүгін,

Жасасын, Тәуелсіздік – Бостандығым,

Байрағы тәуелсіздік биік тұрса,

Ғаламда кемсітеді қазақты кім?!

 

Біреулер пір тұтады сиыр малын,

Ал, менің Тәуелсіздік сыйынғаным.

Алдымен тұғыры оның берік болсын,

Содан соң көреміз ғой бұйырғанын.

 

Ділім – сен, Тәуелсіздік, тілім де сен,

Аспанда айым да сен, күнім де сен.

Дертіме ғасыр бойғы дәру болдың,

Мен өлік сен болмасаң тірілмес ем.

 

Тағатсыз талай жылдар аса күткен,

Қайысып қабырғасы қазақ біткен.

Аңсаған өмір бойы ата-бабам,

Жазылсын Тәуелсіздік бас әріппен.

Тәуелсіздік жазылсын бас әріппен!

 

Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.