Қайсар да әділ азамат еді

20141212-11-01Алып кен өндірісінде жүріп, еңбегімен еленген арқа азаматтарының қатарында Арон Әлмағамбетұлы Қазтаевтың есімі жиі болмаса да аракідік айтылып қалады. Ақтөбеде туып, өсіп-өнген азамат кенді шаһарда еңбекпен есейіп, ортасына сыйлы болды. Оның көзін көргендер «Қазтаев – нағыз еңбектің адамы еді» деп қысқа қайырады. Осы бір сөзден-ақ оның кенді қаланың дамуына қосқан үлесін аңғару қиын болмас. Ардақты азамат осыдан бір жыл бұрын өмірден өтті. Оның іскерлік, басшылық және азаматтық тұлғасы жайында қаланың Құрметті азаматы, Арон Әлмағамбетұлының замандасы Мұзараф Аханов ақсақал былай деп сыр шертеді:

– Менің Арон Қазтаевпен таныстығым 60-шы жылдардың орта тұсында басталды. Онымен кездесуге бірден-бір себеп болған да өндіріс ісі еді. Сол алпысыншы жылдары Жезқазған кен-металлургия комбинатының кен базасы күнделікті жер астынан кен қазу үрдісінен кеш қалып, мемлекеттік жоспарды орындай алмай мыс өндіруден көрсеткіші төмендеді. Сондықтан, сол кездегі Үкімет комбинаттан бөлек, шахтапроходкалау тресін құрды. Бұл 1966 жыл болатын. Тресті құру уақыт талабы еді. Оның басшылығына комбинаттың орынбасары әрі кен бөлімшесінің бастығы қызметінде жүрген алғыр, тәжірибелі ұйымдастырушы Ғазиз Омаров тағайындалды. Осы трест жұмысы іске қосылған сәтте Ғазиз Омарұлы білікті мамандарды қасына топтастырып, трест жұмысын жандандырды. Ғазекең жұмысқа өте талапшыл азамат еді. Ол треске мамандарды іріктеп алды. Мен ол кез­де Батыс Жезқазған кенішінде бас геологтың орынбасары қызметінде едім. Ғазиз Омарұлы шақырған мамандардың ішінде мен де бармын. Ол кісі мені трестің бас геологы қызметіне шақырды. Ағаның шақыртуын қабыл алдым. Трестің құрамында шахтапроходкалау басқармасы болатын. Екінші басқарманың маркшейдері Талғат Ибраев деген азамат мені 1966 жылдың соңында Арон Әлмағамбетұлымен таныстырды. Аронмен алғаш танысқан кезімде ол кен шебері болып қызмет етіп жүр екен. Талғат Ибрайұлы өзі Аронды маман ретінде жоғары бағалайтын, оның әділдігін, алғырлығын айтқан еді. Қазтаевпен таныса келе, Талғаттың айтқанына көзім жетті. 1967 жылы қарашада трестің жалпы есеп беру жиналысында мені партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Арада көп уақыт өтпей мен Ғазиз Омарұлымен келісе отырып Арон Әлмағамбетұлын трестің екінші басқармасына кәсіподақ төрағасына ұсындым. Ғазекең бірден келісімін берді. Кәсіподақ мүшелері де оның төраға болуын құптады. Бұл қызметті Арон абыроймен атқарып, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей араласып, мәселелер шешуде бірталай тер төкті. Осындай қоғамдық жұмыстарда Аронмен жиі қатынасып тұрдық.

1973 жылдың көктемінде Қарағандыдан бөлініп Жезқазған, Балқаш, Ақшатау сынды аудандардың біріктірілу нәтижесінде Жезқазған облысы құрылды. Жаңа құрылған облыстың басшысын тағайындауға сол кездегі қазақ мемлекетінің билік басында отырған Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың өзі келді. Осыдан кейін көп ұзамай желтоқсан айында кеншілердің шағын Никольский кенті қала мәртебесіне ие болды. Осыған байланысты партия комитеті халық депутаттары атқару комитеті құрылды. Мені сол жаңадан құрылған қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына сайлады. Мен трестегі партком хатшылығына Арон Әлмағамбетұлын ұсындым. Ғазиз аға мен трест коммунистерінің қолдауымен бірауыздан Арон хатшылыққа тағайындалды. Бұрын қоғамдық жұмыстардан тәжірибе алған ол жаңа қызметін де ойдағыдай меңгеріп кетіп, тиянақты атқарды. Трест басшысымен және кәсіподақ ұйымымен ортақ тіл таба отырып, трестің бұрынғы жұмыс қарқынын үдете түсуге үлкен еңбек сіңірді. Әсіресе, еңбек өнімін арттыру мақсатында бұрын-соңды болмаған өздігінен жүретін жаңа техникаларды трестің проходкалау жұмысына кеңінен пайдалануға үлкен үлес қосты. Осының негізінде трест Қазақстан бойынша, әрісі одақ көлемінде социалистік жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Комбинаттың кен базасын тез арада ұлғайтып, соның арқасында комбинат ырғақты түрде жоспарларын артығымен орындап, одақ бойынша түсті металл өндіру саласында көшбастаушылардың біріне айналды. Арон Әлмағамбетұлының бір қасиеті – өзінің ұсынысын, өндіріс мәселесін және коммунистердің еңбекке деген құлшынысын арттыру жөнінде өз көзқарасын ешкімнен тайсалмай батыл айтатын. Сондықтан болар, Арон Әлмағамбетұлы өз ұжымында, тіпті қала белсенділерінің арасында беделі жоғары болды.

Бірде қалалық партия комитетінің бюросында партком хатшысы Арон Қазтаевтың есептік баяндамасы тыңдалды. Баяндама барысында бірінші хатшы Шустов орынды-орынсыз сұрақтар қойып, Аронды тежегісі келді. Бірақ, Арон оның әділетсіздігін сезе қалып, оның өзіне «Сіздің іс-әрекетіңіз маған үлгі емес» деді. Ол осындай өткір мінезді, ешкімнен тайсалмайтын азамат еді.

Кейіннен тресте үшінші басқарма құрылғанда Арон Әлмағамбетұлы партия жұмысынан ауысып, басқарманың өндіріс бөлімінде басшы қызметін атқарды. Бұрын өндірісті жетік білетін азамат басқарманың тез аяққа тұрып кетуіне үлкен үлес қосты. Зейнеткерлікке шыққанша басқарманың жұмысын алға сүйреумен жүрді. Ол тек өндіріс саласын дамытып, өркендетуде ғана емес, Сәтбаев қаласының көркеюіне де зор еңбек сіңірді, – дейді Арон Әлмағамбетұлының жарқын істерін ақ көңілмен ақтарған Мұзараф ақсақал.

Өз дәуірінде адал еңбекпен қоғам дамуына үлес қосқан Арон Қазтаевтың еңбегінің қала тарихында алар еншісі бөлек. Оны да ұмытпағанымыз жөн.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.