«Партияның өзіндік платформасы қалыптасты»

20141212-02-01Биыл – ел Тәуелсіздігінің жиырма үшінші жылы. Жаңа бағыт, болашаққа деген үлкен сенім қалыптасқан қазақ елінің бүгінгі Тәуелсіздігі оңай келген жоқ. Азаттықтың көк туы желбіреп, көгімізде қыран қалықтаған бейбітшілік заман орнады. Бізге Тәуелсіздік теңдессіз бақыт сыйлады. Бастысы – өзгенің бодандығынан құтылып, өзімізге-өзіміз қожа болдық. Экономикалық даму мен әлеуметтің әлеуетін арттырудағы жұмыстардың да бүгінде жемісін көріп отырмыз. Бұл жетістіктердің қай-қайсының болмасын бастауында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Президенттің сондай бір бастамаларының негізінде 1999 жылы елімізде «Отан» партиясы құрылды. Бүгінде халық пен билік арасына алтын көпір болған «Нұр Отан» партиясы үлкен беделге ие. Ағымдағы жылдың наурыз айында 15 жылдығын атап өткен партия халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, күрделі мәселелердің де оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Тәуелсіздік тойы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаевпен жолығып, елдегі бас партияның тәуелсіздік жылдардағы жеткен жетістіктері мен болашақтағы жоспарлары жайында білген едік.

— Жаңбырбай Әбжә­мет­ұлы, міне, Тәуелсіздік тойының алдында дидарласып отырмыз. Әңгіменің әуелгі желісін тәуелсіздік бізге қандай мүмкіндіктер сыйлады деген сауалдан бастасақ.

— Біздің бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыз жаңаша бақыт, тың идеялардың дәуірі. Әрине, Кеңес кезеңінде еркін жүріп-тұру, өз ойыңды ашық айтудан тайсақтайтынбыз. Тәуелсіздік бізге ой еркіндігі мен бостандықты сыйға тартты. Мемлекеттік саясаттың рөлі нығая түсіп, еліміздің шет елдермен байланысы артты. Шекарамыз бекемделіп, тауар айналымы артты. Өзімізге тиесілі тек бір ғана Жезқазған аймағын алып қарар болсақ, дамуға бет алып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын көптің көкейінде «Кен бітті, болашағымыз не болады» деген сауал жүрді. Алайда, Елбасы кенді өлкенің болашағына бей-жай қарамай, дамуға жол салатын ғасыр жобаларының бірі – «Жезқазған -Бейнеу» теміржолын іске қосты. Ал, қазақ елін Иран мемлекеті мен Түркия арқылы байланыстырудың да мүмкіндігі туды. Күні кеше ғана үш мемлекет басшыларының қатысуымен өткен бұл темір­жолдың ашылуы – мемлекетіміздің болашағының жарқын болатынына дәлел. Қай дәуірде бізде осындай мүмкіндік болып еді? Мемлекет азаматтарының бай әрі қуатты тұруы сол елді мекен етіп жатқан ұлттардың тату-тәтті ғұмыр кешуінде. Біздің Отанымызда 130 аса ұлт өкілі тұрмыс кешуде. Өзге елдерде бір ұлт пен бір ұлттың ортақ тіл табысуы қиындап тұрған заманда қазақ жерінде тыныштық, бейбіт өмір салтанат құрып тұр. Осыдан асқан бақыттың да, сыйдың да болуы мүмкін емес.

— Қазіргі таңда Тәуел­сіздіктің арқасында елде басты беделге ие болып отырған «Нұр Отан» партиясының елдік мүддені билік басшылығына жеткізудегі маңызы ерекше. Партияға артылып отырған сенім жүгі де салмақты. Осы тұрғыда қандай ой айтасыз?

— Өзіндік жүйесі қа­лыптасқан партияның бүгінде елдің сүйеніші бола алатындай беделге жетуі – партияға деген елдің сенімінің артқаны. Партия құрылғаннан бергі 15 жыл ішінде оның жаңа бағытта платформалары қалыптасты. Партияның төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдау­ымен бірнеше бағытта жұмыс жасау қабілетіне ие болды. Қазір партияға қарасты бірнеше бағдарламалар жүзеге асып отыр. Елдегі бас партияның қызметі халық үшін қол жетімді болды. Қазір электронды нұсқада ғаламтор арқылы партияның сайтына өздерінің ұсыныстарын, тілектерін, арыз-шағымдарын қалдыра алады.

Оның сыртында жергілікті филиалдарда қоғамдық қа­был­дау жүргізіліп, елдің мәселелерін тыңдап, жергілікті биліктің не болмаса өзге де құзырлы мекемелердің назарына ұсынып отырады.

Біздің Сәтбаев қалалық филиалы да жаңаша үлгіде қала халқына қызмет көрсетуде. Қоғамдық қабылдауға күніне жоқ дегенде 4-5 азамат келіп, мәселелерімен шағымданады. Өкілеттік органдардың басшыларымен де халықты жүз­дестіріп отырамыз. Жалпы ал­ғанда ел көлемінде де, шағын қалалар мен облыстарда да партия жұмысы жанданды.

— Елбасы жақында партияның саяси кеңесінде ел халқына жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Нұр Отанға» көп міндеттер мен ауқымды шараларды жүзеге асыруды міндеттеді. Әсіресе, келер жылдан бастап ел көлемінде жүргізілетін ауқымды шаралардың жүзеге асуына бақылау жасауда партияның құдіреті құзырлы болмақ. Елбасы артқан сенім жүгі төңірегінде не айтасыз?

— Партия төрағасы Н.Ә.На­зарбаев бұл Жолдауында партияға мол жауапкершілік жүктеді. Әсіресе, келер жылдан бастап жүзеге асырылатын мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларға жұмсалатын қаржылардың өз мақсатында игерілуіне бақылау жасауда үлкен міндет тұр. Біз осы тұрғыда құрамында қалалық мәслихаттың депутаттары бар тек­серу комиссиясын құрдық. Бұл депутаттық фракция әр салаға бөлінген қаржының мақсатты игерілуін қадағалайды.

Одан бөлек, партияның жақында «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы 2015-2025» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данып, келер жылдан бастап өз үшіне енбек. Бұл бағытта да партия көздеген мақсаттарын жоспарлаған мезгіл ішінде жүзеге асырады.

— Елдің торқалы тойына тілегіңізді арнасаңыз…

— Айтар тілек – қарышты қадаммен болашаққа бет алған нұрлы жолы бар қазақ елі өркендеп, әлемдік дәрежеде бағы да, бабы да қатар шапсын.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.