Ерліктері есімізде

20141212-02-02Әлемді ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстаған Кеңес Одағының әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсылық білдірген қазақ жастарының Алматы қаласындағы 1986 жылғы 16 желтоқсандағы көтерілісі – ел Тәуелсіздігіне бастау болды. Алматыда ұлттың болашағы үшін көшеге шыққан жастардың бұл ерліктерін бүгін біз қалай бағалап жүрміз? Біріміз желтоқсан көтерілісі деп, енді біріміз оқиға деп баға беріп жүргеніміз тарихи шындық. Алайда, зерттеп, зерделеп жүрген азаматтар оны қазақ жастарының бостандық үшін бой көрсеткен көтерілісі деп баға берді. Сол кезде бұл дүмпу қазақ даласының әр қиырын шарлап, намысты ту еткен қазақ жастары Алматыдағы замандастарына қолдау білдірді. Біздің аймақтың жастары да бостандық үшін бірікті.

Мұндай дүмпудің Жезқазған қаласында да өткенін біреу білсе, біреу біле қоймас. Аймақтағы оған қатысушы азаматтардың кейбірінің атын естіп жүргенімізбен оларды аса тани да бермейміз. Сондай азаматтың бірі – Армия Есенов. Желтоқсан оқиғасының 28 жылдығына орай Армия Асанұлымен жолығып, бұл жайдың мән-мағынасы төңірегінде ой-пікірін білген едік.

– Желтоқсан көтерілі­сінде бой көрсеткен қазақ жастары империалистік идеяны ұстанып келген отаршыл Ресейдің «бөліп ал да билей бер» саясатына қарсы шықты. Біз ол кезде студентпіз, саясаттан аса хабарымыз болмаса да, ел арасындағы «қазаққа азаттық қажет» деген сөздерді құлақ шалып қалатын. Түптің түбінде қазақтың жалынды жастары ерліктерін көрсетті. Бұл тек белгілі мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевты билік басынан кетіруден туындаған мәселе болғанымен, әр қазақтың жүрегінде сан ғасырлық тоталитарлық жүйеге деген ыза жатты. Қазақтың жүрегінде дақ болып жүрген мәселелердің жарасы ушығып, жарылды. Сол кезде қазақ жастары ұлттық мүддені жоғары қойып, бостандықты талап етті. Осы жолда еліміз талай азаматынан айырылып, ақыр соңында жалған жалалар жабылды. Өңіміз түгілі түсімізде көрмеген нашаны шеккізіп, бас бұзар, содыр атандырды. Кейбір жастар сол жалған жаладан үй ішіне, ауыл-аймағына көріне алмай, құса болып, өмірден өтті. Біз тек мұның шет-жағасын көрдік. Шет жағасы дегеніміз жай ғана, бізді де біраз қудалады. Істің ақ-қарасы анықталған соң, көтерілісті ұйымдастырған бір топ азаматтарды оқудан, тіпті комсомол ұйымынан шығарды. Шындығы керек, бұл үлкен оқиғалардың желісінде туындаған болатын. Алайда, бір нәрсені санада жақсылап түюіміз қажет. Желтоқсан жайында әлі күнге дейін ақиқат ашылмай келеді. Түптеп келгенде желтоқсаншылардың бүгінгі тағдыры қоғамды ойландыруы қажет. Одан бөлек, көтерілістің тарихи маңызы мен әділ бағасы берілмей келеді. Бұған мемлекеттік дәрежеде көңіл бөліп қараса – қыршын кеткен қырандарымызға деген құрметіміз болар еді, – дейді Армия ағай.

А.Есенов желтоқсан көтерілісіне қатысқанда Жезқазған педагогикалық институтының көркем-бейнелеу факультетінің студенті болатын. Жаңаарқалық азамат жастайынан өнерге жақын болып өседі. Бейнелеу, қолөнер туындыларын жасау Армия Асанұлын бүгінде қаламызға танымал етіп жүр. Бейбітшілік заман орнаған еліміздің тыныштығын ойлайтын азамат ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты әке.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.