Жергілікті өнер саңлақтарына арналды

20141212-12-01Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап қаламыздың мәдени өміріне серпіліс берген «Ел іші – өнер кеніші» мекемелер мен ұйымдар арасындағы шығармашылық фестиваліне қатысушылар әртүрлі жанрларда өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін байқатуда. Өткен аптада фестиваль аясында өнер көрсеткен №15 орта мектептің ұжымы Жезқазған аймағын өнерімен тәнті етіп жүрген жергілікті өнер саңлақтарының шығармашылығын ұлықтады.

Кештің шымылдығы аймағы­мызға танымал сазгерлердің бірі марқұм Жақсыкелді Сейіловтың шығармашылығын насихаттаудан бас­талды. Өзінің көзі тірісінде орындаған «Ұлытау» әні бейнебаян арқылы көпшілікке ұсыныла отырып, сахнада мектеп ұста­зының орындауында осы ән шырқалды. Бала жасынан қос жанарынан айырылса да өнерге деген ынтасын жоғалтпаған жан биыл тірі болғанда 65 жасқа толады екен. Кеште білім ошағының ұстаздары сазгердің «Ана туралы баллада», «Неге солай?», «Әке туралы жыр» әндерін орындады. Ж.Сейіловтың ұйымдастыруымен құрылған «Қаракөз» ансамблінің шабытты шақтары да экран арқылы көрерменге ұсынылып, орта буын өкілдері жастық шақтарын бір еске алды.

Жақсыкелді ағаның кезекті бір гастрольдік сапардан қайтып келе жатқандағы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшеновпен екеуара мұңдасып, сыр шерткен кездерін мектеп ұстаздары Жалғас Ерубайұлы мен Рүстем Елешұлы «Жанарсыз жанған жұлдыз» атты қойылымда әсерлі жеткізе білді.

Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалдыгүл Бұ­қар барлық өнер иелеріне өзінің арнау-жырын тарту етті.

Шындықты айтып шырылдаған Шынболат Ділдебаевтың да шығармашылығы кештің мәнін аша түсті. Шынкеңнің шоқтығы биік туындысы «Шындық» термесі шырқалып, бірнеше өлеңдері оқылды. 1975 жылы Шынболат ақынның жетекшілігімен құрылған «Арман» ансамблінің Кеңес ода­ғы көлемінде аты шыққанын, олардың Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерде өнер көрсеткендерін тек аға буын өкілдері білсе, енді бұл ансамбльдің өз дәуірінде аты асқақтағанын сәтбаевтық жастар да экрандағы бейнебаян арқылы білді. Қайсар Ділдебаев, Аманжол Шоқпытов, Өмірбек Бекназаров, Ерік Асанов және Сейтеновтар отбасы өнер көрсеткен бұл ансамбльдің орындауындағы «Он алты қызды» білім ошағының мұғалімдері әуелетті.

Одан кейін жергілікті ақындар Мұса Тілеуовтың, Мәуия Бекмағамбетова мен Зинаида Чумакованың да шығармашылығынан өлеңдер оқылды.

Хордың орындауында сазгер Роман Бурданың әні «Город алых тюльпанов» әні орындалды.

Шығармашылық кештің шымылдығы «Қазақ елі» әнімен жабылды.

Іргелі білім ошағының шығар­ма­шылық фестивалі ерекше әрі қай­таланбас үлгіде өтіп, көре­мендердің қызу қолдауына ие болды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.