Бәрі де махаббаттан бастау алады

С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында «Бәрі де махаббаттан бастау алады» жобасының тұсауы кесілді. Жобаның басты ұйымдастырушысы Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының Жезқазған қаласының 60 жылдық мерейтойы аясындағы шараны өткізудегі көздегені – отбасы құндылықтарын, «берік отбасы – берік мемлекет» қағидасын насихаттау.

20141212-12-02

Тұсаукесерде қатысу­шы­лар­дың өмір жолы, ай­ма­ғымыздың дамуына қос­қан үлесі, отбасы дәстүрі мен береке-бірлігі туралы сыр шертілді. Аталмыш кеш­тің басты кейіпкерлері – Ұлытау, Қарсақбай, Жезді кенттері, Жезқазған мен Сәт­баев қалаларындағы түр­лі мамандық иелері, кен­шілер мен металлургтер, құрылысшылар мен мұғалімдер, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлері, теміржолшылар туралы «Біздің қаһармандардың бетбейнесі» слайдында баяндалды.

Жезқазған қаласында 28 мың 683 отбасы тұрады. Осы жобаға 57-сі қатысып, олардың арасынан іріктеуден өтіп, таңдалып алынғандары сахна төріне шақырылды. Отбасылық жұптар шеруінің алғы сапында меруерт той иелері, Сәтбаев қаласының құрметті азаматтары Мұза­раф Аханов пен Шабал Бей­сенбекқызы, лағыл тойын атап өткен құрметті құрылысшылар Владимир және Мария Пузановтар, мақпал той иелері Нұржан мен Жұлдыз Қа­рақ­баевтар ойып тұрып орын алды. Сонымен қатар, алтын, күміс, лаванда, топаз, креп, сынап, маржан, інжу, қола, ағаш, қағаз, қалайы той иелері де жұптар шеруінің сән-салтанатын ай­шықтай түсті. Мұнан соң жоба қатысушыларымен сыр-сұхбат жасалып, «Құрмет» орденінің иегері Мұзараф Аханов пен құрметті құрылысшы Александр Акулов, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Раушан Кантеева ізгі тілектерін білдірсе, Доспановтар әулетінің атынан Мадияр Қойшыбек «Еңбек даңқы» алауын жағу құрметіне ие болды. Қатысушылар арасында республикамызға танымал жас ақын Ернұр Сейдахмет, С.Қожамқұлов театрының әртістері Жасұлан мен Рысгүл Түсіпбековтер, хореограф Ири­на Боровик, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Тентек Жақыпова, ақын Файзолла Әжібеков секілді өмірін өнерге арнаған жандардың болғандығын айта кеткен абзал. Шарада сурет көрмесі ұйымдастырылып, коллаждар, куәліктер, сазсырнайлар, дисктер, сертификаттардан тұратын естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы ретро және заманауи нұсқадағы би кешіне ұласты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.