Жаңа дүкен ашылды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жезқазған қаласында жаңа дүкен ашылды. «Жезқазған қаласында ашылған дүкеннің несі жаңалық?» деулеріңіз мүмкін. Бұл дүкен – өзгеше дүкен. Өзгешелігі сол, дүкен тек Ұлытау ауданы Сәтбаев, Жезқазған қалалары төңірегіндегі ауыл шаруашылығы саласында жүрген азаматтардың өнімдерін сатуға арналған.

Дүкен Ұлытау ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Ұлар» несиелік серіктестігінің демеушілігімен ашылды. Ал, дүкеннің негізгі қожасы – Ұлытау ауданының «Тұяқ» шаруа қожалығы.

Дүкеннің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров бұл дүкеннің екі жақты тиімділігі бар екенін тілге тиек етті.

– Жаңа дүкен біріншіден, Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік жасаса, екінші жағынан қанаттас жатқан қос қаланың тұрғындары осы дүкеннен арзан бағамен өздері қалағанша ет, сүт, астық өнімдері мен көкөніс түрлерін сатып ала алады, – деді аудан басшысы.

Шынында да, дүкендегі баға қос қаладағы базар мен өзге де сауда орындарынан анағұрлым арзан: еттің бағасы – 700-1000 теңге аралығында. Жылқы етінің ғана бағасы – 1100-1200 теңгеге дейін. Қазының бағасы – 1700 теңге.

– Біз дүкен иесіне базардағы алыпсатарларға орын бермеге, бағаны көтермеуге тапсырма бердік және мұның бәрі біздің қатаң бақылауымызда болады. Өйткені, дүкен тек Ұлытау ауданы мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларының төңірегіндегі шаруа қожалықтары иелеріне арнап ашылып отыр. Ондағы мақсатымыз – шаруагерлердің өз өнімдерін халыққа сатып, табысын көру. Екінші жағынан шаруа қожалықтары бізден несие алғаннан кейін оны қайтаруға қиналып жүретін. Ендігі жерде сатқан өнімдерінен түскен қаражат олардың несиелерін қайтаруға да сеп болады, – дейді «Ұлар» несие серіктестігінің төрайымы Айгүл Досанова.

Қалай дегенде де, жаңа дүкен халыққа да, тұтынушыларға да тиімді болып отыр. Баға арзан, орын жылы әрі ыңғайлы. Ғимараттың жертөлесінде ет, көкөніс сақтайтын арнайы қойма да жабдықталған. Тек, басталған іс аяқсыз қалмай, жемісін берсін деп тілейік.

Айтпақшы, жаңа дүкен Жезқазған қаласы, 9 орамда, Гоголь көшесі, 18 үйде орналасқан.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.