Мәслихат мерейтойын атап өтті

20141219-06-01Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға 20 жыл толды. Осы жылдар аралығында мемлекеттік биліктегі өкілді органдар өздерін сайлаушылар мүдделерін ашық қолдаушы ретінде көрсете білді және Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел басқару ісіндегі үлкен жетістіктеріне бірлесе атсалысып келеді. Бұл істен Ұлытау аудандық мәслихаты да тыс қалып отырған жоқ. Осы жиырма жыл ішінде олар да жемісті еңбек етіп, сайлаушылардың үмітін ақтай алды…

1994 жылдың 7 наурызында «Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Заңына сәйкес, осы жергілікті өкілетті органдарға депутаттар сай­лауы өтті. Депутаттар бес жыл мерзімге сайланды. Нәтижесінде Ұлытау аудандық мәслихатына тиісті сайлау округінен 19 депутат, Жезді аудандық мәслихатына 17 депутат сайланды.

Ұлытау аудандық мәс­лихатының бірінші шақы­рылымының ұйым­дастыру сес­сиясында мәслихат хатшысы болып аудандық тұрмыстық комбинатының, аудандық шикізат дайындау мекемесінде директор қызметін атқарған Мұрат Сәулембеков, ал Жезді аудандық мәслихатының хатшысы болып Жезді автокөлік кәсіпорнында директор қызметін атқарған Сәлімжан Әуезов сайланды.

Әкімшілік-аумақтық бөліністі қайта ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 23 мамырдағы қаулысымен бұрынғы Жезді ауданының аумағы Ұлытау ауданының аумағына берілді. Содан бері екі ауданның мәслихаты біріктіріліп, халық қалаулылары қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.

1999 жылы аудандық мәслихаттың екінші шақы­рылым депутаттарының сайлауы өтті. Осы жылы сайлаушылар мен депутаттардың қолдауына ие болған Талғат Сейтжанов аудандық мәсли­хаттың хатшысы болып тағайындалды және хатшылық қызметке үшінші, төртінші, бесінші шақырылымдарда да сайланды.

Өткен жиырма жыл ішінде аудандық мәслихат депутаттары аймақтың өркендеп, экономикасының нығаюына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының өсіп дамуына өздерінің қомақты үлестерін қосты.

Міне, осындай ауқымды істерге толы 20 жылдық мерейтойын Ұлытау аудандық мәслихаты ерекше салтанатпен атап өтті. Бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде мерейтойға арналған салтанатты жиын болды. Оған аудан әкімі Хамит Омаров, аудандық мәслихаттың бес шақырылымы бойынша сайланған мәсли­хат хатшылары мен әр шақырылымдардың депутаттары, мекеме, ұжым басшылары мен кенттердің, селолық округтердің әкімдері қатысты.

Салтанатты жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов ашып, жүргізіп отырды.

Сессия өз жұмысын бастамас бұрын жұртшылық аудандық мәслихаттың 20 жыл ішіндегі қалыптасу, өркендеу жолдары жайлы арнайы дайындалған бейнефильмді тамашалады. Бұдан соң аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов баяндама жасады.

Баяндамашы өз сөзінде мәслихаттардың өмірге келу тарихынан сыр шерте отырып, аудандық мәслихаттың құрылуы, қалыптасуы және өркендеуі жайында кеңінен әңгімеледі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына, мәдениет пен өнердің дамуына қосып жатқан үлестерін де жіпке тізіп шықты. Жалпы, билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған мәслихаттың жұмысы мен халық қалаулы­ларының атқарған істері жайлы жан-жақты баяндады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Хамит Омаров сөз сөйлеп, аудандық мәслихаттың атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырғанын, осы бағытта үлкен-үлкен істерге мұрындық болғанын айта келіп, алдағы уақытта да аудандық мәслихат билік пен халық арасында шынайы дәнекер, алтын көпір бола беретініне сенім білдірді.

Бұдан соң аудандық мәс­лихаттың алғашқы шақы­рылымында сайланған аудан­дық мәслихаттың тұңғыш хатшысы Мұрат Сәулембеков сөз алып, мәслихаттың алғашқы жылдардағы жұмысы мен бүгінгі жеткен жетістігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол ауданның атқарушы билігі мен өкілетті органының тізгіні іскер, тәжірибелі азаматтардың қолында екенін айтып, олардың атқарып отырған істеріне ризашылығын білдірді. Әріптестерін 20 жылдық мерейтойларымен құттықтады.

Жиында сондай-ақ, аудан­дық мәслихаттың соңғы үш шақырылымында қатарынан депутат болып сайланған және аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясын басқарған азамат, депутат Шаяхмет Үмбетов, әр шақырылымдардың депутаттары, меймандар Өтеш Ахметов, Тентек Жакупова сөз сөйлеп, әріптестерін мерейтойларымен құттықтады.

Салтанатты жиын соңы марапаттау шарасына ұласты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов барлық шақырылым депутаттарын «Қа­зақстан мәслихаттарына – 20-жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Олардың көшін аудан әкімі Хамит Омаров пен «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жағыпар Бабатаев бастады.

Ізтай Белгібайұлы. Сурет түсірген автор.

Комментарии закрыты.