Тарихтың сақшылары

20141219-03-01Елімізде 1998 жылдың 22 желтоқсанында «Ұлттық мұрағаттар қоры және мұрағат туралы» Заң қолданысқа енді. Содан бері мұрағат саласының мамандары 22 желтоқсанда өздерінің төл мерекелерін атап өтеді.

Кенді өлкенің өткен тарихын, оның ішінде қаламыздың шежірелі жылдарынан сыр шертетін деректер мен құжаттарды көздің қарашығындай сақтап келе жатқан Сәтбаев қалалық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері құнды деректерді сақтап, қорғауда талмай еңбек етіп келеді.

«Мұрағат – тарихтың қайнар көзі» десек, сол мұрағат ісін жүргізіп, әрбір құжаттың бүлінбей сақталуына аса мән беріп отырған мұрағат басшысы Айгүл Қосманқызы Төлендинаның басшылығымен ұжымның қоры жыл санап толығып келеді.

Сәтбаев қаласы мемлекеттік мұрағаты 1991 жылы қалалық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің ұйғарымымен шаруашылық-есеп мұрағаты ретінде құрылған. Мұрағаттың ең алғаш басшылығында Айсұлу Тұяқбаева болса, мұрағат ісін жүргізудің басы – қасында Ольга Кислицина, Зейнелқарап Омарова, Ольга Наумова сынды білікті мамандар жүрді. Олар мұрағаттың бастауында тұрды. Ал, 1998 жылы Заң қабылданған соң мемлекеттік мұрағат болып қайта өзгертілді. Ұжымды басқарған 14 жылдың ішінде қала тарихынан болсын, аймақ тарихынан болсын қор жинақталды. О баста мұрағатта небары 7 қор болса, қазіргі күнде 169 қор бар. Мұрағат 1999 жылдан бастап әр мекеменің іс-қағаздарын топтастырып, жинастыруды, одан бөлек 2002 жылдан бері анықтама беру сынды жұмыстармен айналысады. 2002 жылдан бері қала мен аймақ көлемінде танымал тұлғалардың да жеке қорынан құжаттар жинастыру жүзеге асырылуда. Әрине, ғимараттың тарлығы кедергі келтіргенімен, мүмкіндігімізше келген құнды деректерді алып, сақтап қалуға тырысудамыз. Өйткені, кешегі тарих – бүгінгі тағылым, ал, бүгінгі тарих ұрпақ үшін маңызды. Мұрағат қорында 1930 жылы арап қарпінде жазылған хаттар да бар. Біз солардың сақталып қалуына да мән береміз. Одан бөлек, 1935 жылы құрылған Жезқазған кентінің де өткен тарихына қатысты деректер бар. Ұжымда қазіргі күні еңбек ететін Мереке Мәженова, Наталья Дакібаева, Айжан Сырманова, Гүлнар Байғазиева мұрағат ісін жүргізуде белсенді еңбек етіп келеді. Мұрағаттың қорын толықтыра түссек деген ниетпен «Қазақмыс» корпорациясының 1991 жылға дейінгі аралықтағы құнды деректерін де жинастырсақ деген ой бар. Алайда, оны іріктеп, саралауда мамандар жетіспей отыр. Қазіргі күні мұрағат маман тапшылығын сезінуде. Одан тыс, мұрағат үшін бөлек ғимараттың болғаны да дұрыс болар еді. Себебі, көпқабатты ғимаратта құнды жәдігерлердің бүліну қаупі де жоқ емес. Сондықтан да осы мәселеге қала басшылығы мән берсе деймін. Жалпы елімізде мұрағат ісі заман талабына сай жанданып келеді.

Қыркүйек айының 23 мен 25 аралығында Астана қаласында Мұрағаттардың Халықаралық кеңесінің Еуро-Азиялық өңірлік бөлімшесінің (ЕВРАЗИКА) XV Жалпы конференциясы өтті. Конференция жұмысында Беларусь, Өзбекстан, Молдова, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан Республикаларының мұра­ғаттық мекемелерінің өкілдері қатысты. Кеңесте мұрағат саласын жандандырудың өзекті мәселелері талқыланды. Жаңа жобалар, тың мақсаттар қойған кеңес мұрағаттардың маңыздылығын айшықтап берді. Тәуелсіздігіміздің арқасында мұрағат ісінің де бір жүйеге түсіп, тарихымызды саралап, сақтауға қосып отырған үлесі өлшеусіз», дейді Айгүл Қосманқызы.

Тарихтың сақшыларына айналған мұрағат қызмет­керлерінің еңбегі көзге түсе бермейді. Алайда, олардың тарихты сақтау жолындағы қызметтері аса жауапты.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.