Төрінен жүрегімнің орын алған

Үлкен өмірге араласқан алғашқы сәттерімнен бастап, ел алдындағы азаматтық парызымды өтеуге жұмсалған ұзақ жылдарым ағайын-туыс, жанашыр жамағайын ортасынан алыс жерде өтті. «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп» дейді біздің халық. Шынында да, бейтаныс ортада, әсіресе, араласып-құраласып кеткенше, мүлт кеткен қадамыңның өзі бадырая көзге ұрып, бұрын-соңды ешкім жасамаған сорақылықтай көрінуі ықтимал. Сондықтан, әлдебір әбестік жасап алып, артынан ұзақ уақыт өкініп жүргенше, қателікке бой ұрмай, қадіріңді арттыра беру абзал. Ол үшін ойға түйгенің, бойға жиғаның мағыналы болуы ләзім. Ал адамның бойына дарып, ойына сіңетін жақсы қасиеттер өзінен-өзі келе салмайды. Көбіне-көп жаныңдағы жақсыдан, қасыңдағы қадірліден біртіндеп дариды.

Құдайға шүкір, бала кезімнен өнегесін үлгі етіп, тағылымын сіңіріп өскен жайсаң жандардан кенде болған жоқ екенмін. Абзал жүректі сол бір асыл жандардың арасынан асқар таудай шоқтықтана көрінетн ардақты ағам – жастайымнан адалдыққа, адамгершілікке, табандылыққа, жігерлі болуға баулыған Мұзараф Ақанұлы.

Мен 9-10 сыныптарды Мағзұм көкемнің үйінде жатып оқыған кезден бастап, Алматыда өзі институт бітіргенге дейінгі аралықта Мұзекеңнің жанында жүріп, шарапатын көріп, жақсы қасиеттерін үлгі етіп өскен екенмін. Алаңсыз балалық, албырт жастық артта қалып, алғаны мен бергені аралас өмірдің біраз белесінен өткен тұста бойымдағы бар мен жоғымды саралай ойланған сәттерімде Мұзараф ағамның тәрбиесін көріп өскендігімнің арқасында өмір жолымның алғашқы қадамдарынан бастап-ақ дұрыс бағытқа бет түзегенімді көремін. Сүйінемін, қуанамын, іштей шүкіршілік етемін.

Атадан жалғыз жаралмаса да, жалғыздық салмағы басына ерте жүктелген Мұзекең мені туған інісіндей бауырына тартты. Жанының жылуын аямады, ащысы мен тұщысы қатар жүріп жататын күрделі өмірдің күрмеулі сәттерінде адаспай жол таба білуге баулыды. Жақсы мен жаманның жігін ажырата білуге үйретті. Өз бойына Жаратқан иеміз сыйлаған шыншылдық, адалдық, қайсарлық, қай­ырымдылық қасиеттерін маған да дарыта білді. Қателіктен қақты, қысылғанда қорғаушым, қиналғанда қамқоршым болды.

Мұзекең мектепте өте жақсы оқыды, мектеп бітіргенде «Алтын медальға» ұсынылды. Алдымдағы үлгі тұтар ағама еліктеп, бір жағынан, оның лайықты інісі болуға ұмтылып, намысымды қамшылай, мен де жақсы оқыдым. Алматыға оқуға барып, институтқа түскен кезде қамқоршы ағам жанымнан табылды. Бірінші курстың студенттері 15-20 баладан сығылысып жататын жатақхананың бөлмесіне бір күн де жатқызбай, жоғарғы курс студенттеріне арналған жатақханадағы өз бөлмесіне орналастырды. Бұл оп-оңай іске аса бермейтін шаруа еді. Оның жолын қалай тапты, о жағы Мұзекеңнің өзіне ғана аян…

Бала кезден қасына еріп, тәлім-тәрбиесін көріп өссем де, Мұзараф ағамның болмысына тән көптеген қасиеттерді сол кезеңде албырттықпен аңдамай қалғанымды қазір жиі байқаймын. Өмір жолы алға озған сайын, ол кісінің тәжірибесі молайып, көшелі ойы кемелденіп, даналығы арта түскен екен. Жалпы, Мұзекеңнің жаратылысында алып-ұшпа жеңілдік жоқ. Үстірт қарап, желдірте сөйлей салу болмысына жат. Қандай мәселені де жан-жақты таразылап, ой сүзгісінен барынша зерделей өткеріп, түбегейлі зерттейді. Кез келген күрмеулі мәселенің шешу жолын дұрыс таба біледі және дұрыстығына өз көңілі кәміл сенген шешімнің іске асуына қол жеткізбей қоймайды. Ол кісі қолға алған істің ешбірі аяқсыз қалып көрген емес. Өйткені, басын бастап, аяғын тастап жүре беру Мұзекеңнің мінезінде жоқ нәрсе. Сөзіміз жалаң болмасын, ағамыздың жаратылысын танытатын бірер оқиғаны ойға оралтып өтейін.

Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттар сайлау басталған кезде сол уақыттағы комбинаттың (НПО «Жезқазганцветмет») директоры Урумов облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінен тікелей қолдау тауып, өз басқаруындағы комбинаттың барлық мүм­кіндігін барынша пайдаланып, Жоғарғы Кеңестің депутаты болуға жан сала кіріседі. Жезқазған өңіріндегі ең ірі өндіріс орнының тізгінін ұстап отырған тізгінсіз Урумовты іштей жақтыра қоймаса да, оның көздегені боларына күмәнданушылар тым аз болады. Міне, осы тұста мұзбалақ тектес Мұзекемнің наркескен мінезі тағы да жарқ ете танылады. «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп өңмеңдеп үйреніп қалған Урумовқа тайсалмай қарсы шығып, табандылықпен күресе жүріп, қолдаушылардың дүм­ділігіне қарамастан, депутаттыққа өтуге мүмкіндік қалдырмай, Филаретова деген мұғалімнің Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануына жол ашады. Аймақ жұртын сүйсіндірген осы күресі кезінде сенімді серігі болған ақын, Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихын зерттеуде зор үлес қосқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Ахметов есімін де осы тұста құрметпен еске алып өту абзал.

Кеңестік-коммунистік биліктің дегені жүріп тұрған сол бір жылдары билік басындағылар қолдап отырған адамға дәл осындай қарсылық таныту, ашық күреске шығу, күресіп қана қоймай, жеңіске жету оп-оңай жұмыс болмағанын түсіну қиын бола қоймас. Сондай-ақ, сол бір жылдары әділетшіл іс-әрекеттері үшін Мұзекеңнің өз қызметінен ығыстырылып, шуақты күндері шұбырып жүретін «тілеулестері» түгілі, түзу ниетпен амандық-саулық сұрасатын дос-жарандарының өзі азайып, күншілдерінің дәурені жүріп тұрған кезең болғанын ескерсек, ол кісінің бұл әрекеті жалаң қылышпен жауға шапқан хас батырдың ерлігімен пара-пар болғанын ұғамыз. Өз басым Мұзекеңнің әділдік жолындағы күрескерлігін, көптің көңіліндегісін ашық білдіретін батылдығын, көздеген мақсаты жолында қажетті жұмыстарды ұйымдастыра білудегі қабілеттілігін елдік істердің бастауында жүретін көсемдерге тән қасиетке балаймын.

Бәлкім, Мұзекеңнің болмы­сындағы қайрат-жігер кеңестік-партиялық басшылықтың өктемшіл өкілдерімен тартыстар кезінде шыңдала түскен болар. Сонау бір жылдары облыстық партия билігінің басында болған Давыдовтың бастауымен Мұзекеңе қарсы ұйымдастырылған арандату кампаниясының өзі неге тұрады?! Ол жылдары жан-жақтан анталай жабылған партиялық-кеңестік аппараттың арандату әрекеттеріне төтеп берудің өзі ерен ерлік болатын. Өйткені, партиялық билік басындағылардың әрекеті өздеріне қарсы шыққанды тойтарып тастаумен тыйыла қалмайтын, керісінше, қарсы тұрғанды жермен-жексен еткенше, еңсесін езіп, бойдағы жалынын сөндіріп тастағанша толас таппайтын сұрапыл соққы еді. Асқақ рухты қайсар ағам сұрапылға қасқая қарсы тұрды. Сол бір сын сағаттарда Мұзекең жалғыздықтың сал­мағын екінші мәрте жанымен сезінгендей күй кешті. Оның алдында екі жол ғана бар еді, оның бірі қиындықтан мүжіліп, жаншылып қалу болса, енді бір жол қайратына қайрат қоса қарсыласу еді. Тумасынан күрескерлік рухты өмірлік серік еткен Мұзекең екінші жолды таңдады. Ар-намысын, азаматтық ұжданын жанқорлардан қорғап қалу үшін айқас алаңына жалғыз өзі шықты, өзіне жабылған барлық айыптың жалғандығын ел алдында дәлелдеп, қас­көйлерін жерге қаратты. Әрине, қазір айтуға оңай болғанмен, азамат ағамның жүрегінде сол бір күндердің қандай із қалдырғанын жүрекпен ғана сезінуге болар.

Мұзараф ағамның әді­леттілік жолындағы күрестерін ойға алсам, жасанған жауға жалғыз шапқан жаужүрек батырлар көз алдыма келеді. Дегенмен, қан майданда хас дұшпанмен бетпе-бет кездесіп, жекпе-жек шайқасқан батыр бабаларымыз егескен жауымен шайқас алаңында ашық айқасатын. Қаруларын жекпе-жектің шартына сай таңдайтын. Ал Мұзекеңнің «майдан алаңындағы» қарсыластары жекпе-жектің талабына жүгі­нуден гөрі, қылтадан бағып, қырқып түскенді қолайлы көретін. Сонысымен қатерлі еді. Тек, әманда әділетті жақтайтын жаратушы Аллаһтың қолдауының арқасында ғана абыройын асқақ ұстап, ар-намысын таптауға жол бермей, жеңіспен шықты. Дегенмен, азаматтық ар-ұждан таразыға түскен сын сағаттар денсаулыққа салмақ салмай өткен бе? Ардақты ағамның денсаулығы да сыр берді. Жігерлі жан мойымады, өзін өзі қолға алды. Аллаға шүкір, бұл ісі де жеміссіз емес, денсаулығы да қалпына түсті.

Мұзекеңнің сол жылдары танытқан азаматтық ұстанымына, принципшілдігіне, қайрат-жігеріне, табандылығына, өжеттігіне қазір таң қала қараймыз. Ал, өз ойымды айтар болсам, ар тазалығын ту етіп ұстанған ағамның қараулыққа қарсы тұрған қайсар қимылдарын ерлік деп білемін. Мұзекең – өз ұстанымын қорғау жолында күрескерлік әрекеттерді де, ұтымды уәжді де дер кезінде сәтімен пайдалана білетін тұлға. Соның бір мысалын мына оқиғадан көре аламыз. Бүгінгі Сәтбаев қаласы «Никольск» аталып тұрған жылдары Мұзекең қалалық партия комитетінің екіншісі хатшысы болып қызмет еткен еді. Сол кезде Ақши-Спасский шахтасының құрылысы аяқталып, эксплуатациялауға қабылдау үшін жиырма бес адамнан тұратын мемлекеттік комиссия құрылады да, комиссияның бір мүшесі ретінде Мұзекең де кіреді. Салынып біткен шахтаның құрылысын жан-жақты тексеріп шыққан комиссия мүшелерінің жиырма төрті қабылдау актісіне қол қояды да, комбинаттың бас инженері Д.Ешпанов қана қол қоюдан бас тартады. Жағдай шиеленісіп, сол уақыттағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы К.С.Лосевтің алдына дейін жетеді. Мәселенің соңы созбақталып, ушығып бара жатқан соң, Мұзекең сөз алып: «Бұл қалай болғаны? Құрамында орталық Комитеттің номенклатурасында тұратын бірнеше мүшесі бар комиссия жалған сөйлеп, жалғыз Ешпанов қана шындықты айтып тұрғаны ма? Олай болса, актіге қол қойған комиссия мүшелерінің жауапкершілігін обкомның бюросында қарау керек», – деп Ешпановқа қадала қараған кезде, өзінің «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» боп, текке қитығып жүргенін түсінген ол амалсыздан қателігін мойындаған екен.

Бүгінгі уақытта зейнетке шығып, қызмет ортасынан сыртта жүрде де, Мұзекең ел мүддесіне, халық қажетіне, ұрпақ болашағына байланысты шешуші мәселелер таразыға түскен сәттерде қағыс қалмай, белсене араласып келеді. Ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибесін, білімін, ойға түйгенін ортаға салып, қандай күрделі мәселе болмасын, түйінін дұрыс тарқатудың жолын көрсетіп, құзырлы органдардың назарын аударудан тартынған емес.

Өмір бойы ізденуден, ой түюден жалықпай келе жатқан Мұзекеңнің пікірлері қандай мәселеге қатысты айтылса да, тау өзенінің тасында сұрыпталған, тереңнен көзін тауып шыққан қайнар бұлақтың суындай таза, зерделі жанға күн шуағындай даритын сәулелі болып шығады.

Осы жолдарды жаза отырып, қырық төрт жыл өткеннен кейін де абзал ағаның жан жылуын жақыннан сезінуге тағы да мүмкіндік берген Аллаға мың мәрте ризашылығымды білдіремін. «Табандымын» деген талайдың тауаны қайтып, жігері жасып, қайраты қажып қалатын өмір сынақтары басына түскен кездері мұзбалақ ағамның қасынан табылып, інілік міндетімді атқара алмағаныма өкінемін. Уақыт шешімі солай болды. Асыл ағадан алыста, Ақадыр даласында өз міндетімді өтеу жолында жүріп, Мұзекеңнің басынан өткен қиындықтарды білген де жоқпын. Аллаға шүкіршілік ете отырып, сүйінерім – қайсар ағамның сол қиындықтың бәрінен қайыспай өте алғаны, ар-намысына шық жұқтырмай, асқақ қалпында қалғаны. Мұзекең қазір қалың елі қадір тұтатын, хас батырындай мақтан ететін азаматы. Мен осындай адамның інісі болғаныма мақтанамын.

Сұлтан Сүтбаев, Қазақстан Республикасының «Құрметті геологі».

Комментарии закрыты.