Сый-құрметке бөленді

20141219-02-01«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өздігінен жүретін жерасты жабдықтарға сервистік қызмет көрсету басқармасының үздіктері Тәуелсіздік күніне орай сый мен қошеметке бөленді. Кеніштердегі қуатты жабдықтардың ырғақты жұмыс істеуі көп жағдайда жөндеу шараларының сапалы жүргізілуіне байланысты. Сонда жабдықтарды техникалық бабында ұстап, тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. Ол өндірістік жоспарды орындауға жұмылған кеншілерге ғана емес, жөндеушілердің сапалы жұмысына да тікелей қатысты.

2014 жылдың екінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша еңбек жарысының жеңімпаздарын техникалық же­текші Сағат Ахметов, «Кәсіп­Қазақмыс» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мәриямгүл Такішева, «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Сушков құттықтады. Қазақ халқының асыл мұраты, жарқын болашағы, береке мен бірлікке, бейбітшілік пен жасампаздыққа жетелеген Тәу­елсіздік екендігі баса айтылды.

Кен техникаларына сервистік қызметтің қазіргі талап тұрғысындағы мәнін терең түсінген сервистік қызмет көрсету басқармасының оң өзгерістерге қол жеткізіп, кеншілермен бір сапта тізе қосып, еңбек майданының алдыңғы шебінде жүрген озаттарын марапаттайтын сәт те келіп жетті. Басты ұйымдастырушы болған кәсіпорын әкімшілігі, кәсіпорындағы «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымы мен Жастар одағы қоғамдық бірлестігі қатысушыларға барынша қолдау танытты.

Мұндай жарыстардың еңбек сапасының жақсаруына, жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің артып, тәжіри­бе­лерінің шыңдалуына қосар үлесі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта да осындай шараларды жиі өткізіп, жұмысшылардың ынта-ықыласының артуына үлес қоса бермекпіз, – деді Александр Сушков.

Сөз алған басқарма бастығының орынбасары Руслан Муратханов кәсіби шеберлік байқауының «Қазақмыс» корпорациясының жете мән берген басты бағыттарының бірі екендігін айта келе: «Бірлік пен өзара сыйластықтың белгісіне айналған бұл байқау жыл сайын бәрімізді қанаттандырады, жетістіктерге жетелейді», – деді.

Байқау барысында қатысушыларға теориялық және тәжірибелік бағыттарда тапсырмалар берілді. Сұрақтарға ауызша жауап бергендердің білімі мен білігі сынға түсті. Олар – алдын-ала өткізілген іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары. Тәжірибелік тапсырмаларды орындауға арнайы жұмыс орындары, құрылғылар мен құрал-жабдықтар дайындалды. Қорытындылау барысында комиссия мүшелері қатысушылардың қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін ұстануына, тәжірибелік тапсырманы орындау уақыты мен сапасына, теориялық дайындық деңгейіне ерекше көңіл бөлді.

«Өз мамандығының үздігі және үздік жетекші» номинациясы бойынша Алтынсара Жұмабекова «Үздік кен жұмысшысы», Тұрғанәлі Мейірманов «Үздік жонушы», Виктор Кернер «Үздік дәнекерлеуші», Шамсуддин Лепшаков «Үздік электрослесарь», Абдулғазиз Миркинов «Үздік жетекші», Алтынбай Сүлейменов «Үздік бригадир», Әшімхан Үсенов «Үздік механик», Вячеслав Пак «Үздік қоғамдық инспектор», Еркебұлан Құлымбетов «Үздік сервистік орталық» атауларына лайық деп табылса, Айдын Жадрин, Тимофей Панькив, Аслан Көшербаев, Асхат Тінікенов, Болат Құдайқұлов «Үздік жас жұмысшы» номинацияларын иеленіп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Өндіріске техникалық сервистік қызметтің енгізілуі — уақыт талабы. Жөндеушілердің біліктілігі ешкімнен осал емес. Сол біліктілік жауапкершілікпен жұптасып, табыс пен сапаға апаруда. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жетілдіріп, сапаны жақсартуға барынша ден қойылмақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.