Жауапкершілікті серік еткен

20141219-02-03Cәтбаев қаласындағы №44 өрт сөндіру мекемесі қызметкерлері арасында Тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты жиналысқа төтенше жағдайлар саласының бір топ ардагерлері қатысты. Өртке қарсы қызмет капитаны Мұқан Құраловтың баяндамасы тыңдалып, Жезқазған аймағы бойынша өртке қарсы қызмет ардагерлері кеңесінің төрағасы Зейнғабден Жалмұханов, аталмыш сала ардагерлері Серікбай Бәрменше мен Юрий Сергеев ізгі лебізін білдіріп, өмірлік тәжірибелері туралы бөлісті.

— Өрт сөндіру – ерік­ке­ннің ермегі емес. Негізгі тапсырмалар, оны орындауға арналған нақты нұсқама бар. Тәжірибе жағы біртіндеп жиналатындықтан апатсыз жұмыс істеу үшін қауіпсіздік техникасын жетік біліп қана қоймай, оны мүлтіксіз орындау шарт. Сонда берілген жоспар да жүзеге асырылады. Ең бастысы – отбасыңа аман-есен ораласың. Ұжымдағы жетістіктер береке-бірлікте еңбек етудің, әр адамның өз кәсібін жетік меңгеруінің арқасында жүзеге аспақ, – дейді З.Жалмұханов.

№44 өрт сөндіру бөлімінің ұжымы өңшең сайдың тасындай іріктелген, қайраттары қай­наған, жалындаған жас мамандардан құралған. Жігерлерін жаныған олар төтенше жағдайдан жол тауып шығуды дәстүрге айналдырған. Мұнда кез­дейсоқ адамдар жұмыс істемейді. Барлығы бір-­бірі үшін жауапкершілік жүгін мойнына алған. Мамандығының майын ішкен майталмандар арасында мақтауға да, марапаттауға да лайықтылар жетерлік. Солардың бірі – №44 өрт сөндіру бөлімінің командирі, өртке қарсы қызмет старшинасы Сәкен Айтбаев. Ол бұл күні Ішкі істер Министрлігінің «Ерлігі үшін» төсбелгісіне ие болды.

— Кәсіби маман ретінде қалыптасуыма ұжымның ұйымшылдығы оң әсерін тигізді. Бір жағынан өзіңе де көп нәрсе байланысты. Сондықтан, бүгінгі жетістігіме әріптестерімнің қосқан үлесі зор, – деген Сәкен біз арқылы ұжымдағы жігіттерді, үзеңгілес құрдастарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі ниетін жолдады.

Бұл күні қызметтік ауысулардың орын алғандығын да айта кетейік. Өртке қарсы қызмет капитаны Қуаныш Үйсінбай №2 жасақ байланыс құралдары тобының инженері, №44 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Мұқан Құралов осы бөлім бастығының орынбасары болып тағайындалды.

Бір-біріне қолұшын беруге әрқашанда әзір еңбек ұжымы тәжірибелерімен бөлісіп, жаңадан келгендерге қамқорлық танытады. Мәдени-спорттық шаралардан да қалыспауға тырысады. Мәселен, ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған Қарағанды облысының өртке қарсы қызмет гарнизоны бөлімшелері арасында өткен жарыста №44 бөлімінің құрама командасы үшінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға арналған арнайы дипломды № 2 жасақ бастығының орынбасары Бектемір Құдайбергенов №44 өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жақыповқа тапсырып, жауапкершілікті серік еткен өрт сөндірушілерге сенім мол екендігін жеткізді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.