Поэзия падишасы — 75 жаста

20141219-11-03Қазақстанның халық жазушысы, біртуар ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 75 жыл толуына орай Сәтбаев қаласындағы Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Поэзия падишасы» атты поэзия кеші өтті.

Ақын Фаризаны білмейтіндер кем де кем. Өз заманының ар-ұжданы іспетті болған Фариза Оңғарсынова пасықтықтан жүрегі мұздап, мұңайған кезінде поэзиямен сырласты. Өйткені, оның сенері де, сүйенері де поэзия еді. Ол туған жер, Отан, ана, махаббат, сүйіспеншілік тақырыптарын шабыттана жырлап, бейнелі тіл, көркем тәсілмен өрнек салды. Әйелдер әлеміне барлау жасап: «Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан дүниесі өз алдына бір әлем. Мен өз жырларымда сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігімше жеткізгім келеді. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы», –деп жазды.

Поэзия кешіне №1 мектеп-гимназия мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, сөзіне жазылған әндерді орындап, азаматтық тұлғасы, өмір жолы турасында баяндама жасады. Кітап көрмесіне шолу жасалып, сөзжұмбақ ойыны ұйымдастырылды. Библи­о­­граф Зейнеп Арыстанова өлкетану бөлімінде сақталған ақынның «Ойлы оқырмандарыңыз көп болсын, жыр секілді мәңгілік ғұмыр тілеймін!» деген тілекпен қалдырылған қолтаңбасымен таныстырды. Шараға белсене қатысқан Мөлдір Әбікенова, Әлия Әбітай, Айсәуле Айтбай, Дамир Мизамбаев, Аякөз Хамзаева, Ардақ Тойлыбаева секілді бір топ оқушы Алғыс хатпен марапатталды.

Жетпістің бесеуіне қараған шағында дүниеден озған Фариза ақынның жарқын бейнесі мен жауһар жырларының халық жүрегінде мәңгі сақталарына осы кештің дәлел болғаны анық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.