«Тәуелсіздік – аңсар жырым»

20141219-11-02Осындай тақырыпта ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі №27 орта мектепте мәнерлеп оқу сайысын өткізді. Қала мектептерінің оқушылары қатысқан бұл сайыста – Тәуелсіздік жайында және осы бостандығымызға бастау болған Желтоқсан көтерілісін жырлаған өлеңдер оқылды.

– Елімізге ертеңгі күні тұтқа болатын бүгінгі бүлдіршіндерге Тәуелсіздіктің қасиетті ұғым екендігін түсіндіре отырып, олардың патриоттық рухын қалыптастыру және әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру ниетінде осы сайысты ұйымдастырып отырмыз, – дейді білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғапова.

Отанын, бостандық таңын жырға қосқан бүлдіршіндердің ішінен «ә» дегеннен-ақ көзге түскен №5 орта мектептің оқушысы Бекжан Ахмедиев сайыстың І орнын жеңіп алды. Ал, №1 мектеп-гимназиясының оқушылары Арайлым Қабыкенова мен Ерсұлтан Мұратбек, С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Жантөре Сатыбалды және Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Нұршайым Асқар ІІ орынды еншіледі. ІІІ орынның жүлдесін Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Асылжан Молдабеков, №7 мектептің шәкірті Айгерім Байбек пен №27 орта мектептің оқушысы Нұрахмет Батырбек өзара бөлісті.

Ұйымдастырушылар тарапынан сайыс жеңімпаздары мен қатысушылары сый-сияпатқа ие болды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.