Еліне сағынышпен ән арнады

20141219-11-01Кезінде аймағымыздың «Ақбаяны» атанған әнші Зоя Имамбаеваны бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Араға ұзақ жылдар салып барып сахнаға шыққан күміс көмей әнші тыңдарманымен қайта қауышты. Өткен сенбінің кешінде мәдениет салаcының ардагері Зоя Имамбаеваның шығармашылық концерті Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті.

Жастайынан өнерге жақын өскен Зоя Құндаққызы – Жезқазған кентінің тумасы. Жезқазған мәдени-ағарту училищесінде білім алып, алғашқы еңбек жолын сол кездегі Октябрьдің 50 жылдығы мәдениет сарайында бастап, түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Он алты жасынан қаладағы мәдени шараларға белсене қатысып, өнер әлемінің «ән» аталған жайлауына атбасын біржола бұрған әнші Жезқазған аймағының жарық жұлдызына айналды. Бүкілодақтық байқауларда топ жарып, «Байқоңыр дауысы» фестивалінде жеңімпаз атанды. Кеңес одағы ыдырап, өнер мен мәдениет қараусыз қалған тұста да халыққа сазды әндерімен жылу сыйлаған әнші үшін ән салу тірлігінің тірегі, өмірінің мәні іспетті.

Кеш шымылдығы Жақсыкелді Сейіловтың «Сәтбаев – достықтың қаласы» әнімен ашылып, мәдениет ардагерінің алған асулары мен жеткен жетістіктері баян етілді. Зоя апамыздың атын шығарған «Ақбаянға» қоса өзге халықтардың «Тумбалалайка», «У меня большая семья» секілді әндері шырқалды. Тамаша тарту ретінде «Шырын қыз», «Махаббат вальсі», «Бейбітшілік таңы» әндері орындалды.

Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатына қоса сый-сияпатын әкім орынбасары Серік Имамбай тапсырып, селт еткізер жаңалықтардан сырт қалмайтын «Шындық» қоғамдық қорының бір топ азаматтары тарту-таралғыларын табыстады.

Зоя – тыңдармандарын бей-жай қалдырмайтын әнші. Ел-жұртын тағы да әсем әндерімен тамсантып тұрғанына қуаныштымын. Бар ғұмырын әнге арнап, талайларды тәнті еткен аймағымыздың Ақбаяны бұл – Зоя.

Сахнаға ауғаны-ай аңсарымның,

Құлағымнан кетпейді кәусар үнің.

Мына халық қол соғып күтіп отыр,

Зоя қалқам, жақсылап ән сал бүгін.

Ән сал бүгін өзіңнің мерейіңе,

Бүлкілдесін бұлбұлың көмейіңде.

Ақ маңдайың жарқ етіп, сен көрінсең,

Хор қызына көркіңді теңейін де, – деп жыр арнаған ақын Мұса Тілеуов, Ғалил Жәнібеков секілді әншінің өмірдегі, өнердегі достары ақжарма тілектерін жеткізді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.