Боксшы қыздардың жеңісі

Қараша айының 18-22 аралығында Павлодар қаласында және 23-28 күндері Қарағанды қаласында жасөспірімдер мен қыздар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу мақсатында ашық біріншілік өтті. Біріншілікке еліміздің барлық аймақтарынан жас боксшылары қатысқан. Бұл байрақты бәсекеде қаладағы мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты «Жігер» аула клубының 8 тәрбиеленушісі күш таластырды.

КСРО спорт шебері Дүйсен Қаңтарбаевтан тәлім алып жүрген жас боксшы қыздарымыздың ішінен Павлодардағы бәсекеде І орынды №25 мектептің оқушысы Анастасия Яньшина жеңіп алып, республикалық жарысқа жолдама алды. Ал, №27 орта мектептің оқушысы Сәбина Әшенова ІІ орынды еншілеп қайтты.

Өзімздің облыстық іріктеуде тағы да Яньшинаның бағы жанып, жүлдегер атанды. ІІ орынға №27орта мектептің оқушысы Әлия Сапарғали, № 1 мектеп-гимназияның оқушылары Айзада Жүрсін мен Әсел Әбдібекова табан тіреді. Шаршы алаңда жұдырықтасып, қарсыласын шаң қаптырған №1 мектеп-гимназияның шәкірті Әйгерім Ғалымжанова, №1мектеп-гимназияның оқушысы Ардақ Әшенова мен №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Жансая Нұрлан ІІІ орынмен оралды.

Жүректері нәзік болғанымен, жұдырықтары қарсыласын алып жығатын қыздарымыздың осы байрақты бәсекеде бақ сынауға мүмкіндік беріп, қолдау білдірген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдени- сауықтыру спорт орталығына, білім, денешынықтыру және спорт бөлімі мен мектеп басшыларына түсіністік танытқандықтары үшін ризашылықтары шексіз.

Жүзден жүйрік озып шыққан былғары қолғап иегерлері қазір келер жылы республикалық деңгейде өтетін чемпионатқа дайындық үстінде.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.