Қалалық ашық біріншілік

Өткен сенбі күні қаламыздағы №16 мектептің спорт залында 15-20 жас аралығындағы қыз балалар арасында волейболдан қалалық ашық біріншілік болып өтті. Оған Сәтбаев қалалық мәдени-сауықтыру спорт орталығы мұрындық болды.

Біріншілікке қала бойынша 5 команда қатысты. Ойын талабына сай командалар әуелі өзара сайысқа түсіп, араларынан топ жарып, үздік шыққандары ақтық сайысқа жолдама алды.

Тартысты өткен бәсекеде «Аула клубтары» командасы мен «№16 мектеп» командасы өзгелерден оқ бойы озып шықты. Сөйтіп, аталмыш екі команда бірінші орын үшін ақтық ойынға шықты. Намысты қолдан бермеуге тырысқан командалардың ойыншылары шын мәнінде тартысты ойын көрсете алды. Соның нәтижесінде финалда үш тайм ойналды. Оның бірінші таймын 25-20 ұпаймен «Аула клубтары» командасының қыздары жеңіспен аяқтаса, екінші тайм 26-24 ұпай болып «№16 мектеп» командасының пайдасына шешілді. Ал, шешуші, үшінші таймда «№16 мектеп» командасының қыздары 15-13 ұпаймен жеңіс тұғырына көтерілді.

Сонымен, бірінші орынды «№16 мектеп», екінші орынды «Аула клубтары» командалары өзара бөліссе, үшінші орынды «№19 мектеп» командасының қыздары иемденді.

Жеңімпаз командаларға кубоктар мен мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айтпақшы, жекелеген ойыншылар арасында да үздіктері арнайы номинацияларға ие болды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.