Алаштың айбоз ұлы 60-та

20141219-08-0123 қараша — таэквондодан қара белбеудің 6-дан иегері, Қазақстан таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Күллі қазақтың рухын көтерген, өлімімен қалың елін күңірентіп кеткен оғылан тірі болғанда асқаралы алпыс жасқа келеді екен. Асылдың сынығын ардақтау, атын ұлықтау және ұмытпау мақсатында Сәтбаев қаласы әкімдігі дүбірлі дода ұйымдастырды.

Таэквондадан 2001-2006 жылы туылған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ашық біріншіліктің ашылу салтанатына қала әкімі Әнуар Омар, әкім орынбасары Серік Имамбай, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова қатысты.

– Тағдырдың жазуымен шетелде туып, шетелде өссе де, қазақы намысы мен қазақы болмысына кір жұқтырмаған ардақты бауырымыз өз атажұртына жай оралған жоқ, барымды да, нарымды да іні-бауырларыма үйретсем деп аңсап-сағынып жетті. Жүрегі «елім» деп соққан ақберен ұл тарихи Отанында ел таэквондосының негізін қалап, талантты шәкірттердің томағасын сыпырды. Мұстафа Өзтүріктің есімі ел спортының тарихында ерекше құрметтелетіні хақ, – деп атап айтты қала басшысы.

Ашық біріншілікке Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының командалары қатысып, үздік ойын өрнегін көрсетті.

– Спортшы­ларымыз халықаралық турнирлерде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Әлі де үздіксіз жаттығып, тәжі­рибе жинақтау керек. Биік белестерді бағындыру үшін таэквондо спортына қамқорлық қажет. Бүгінгі шара соның бір көрінісі, – дейді Жезқазған таэквондо спорт орталығының директоры Арнат Сейтенов.

23 салмақ дәрежесінде 155 спортшы бағы мен бабын сынаған дүбірлі додада жалпы есеп бойынша 14 алтын, 16 күміс, 35 қоланы жеңіп алған жезқазғандықтар бірінші, 8 алтын, 5 күміс, 4 қола еншілеген қарағандылықтар екінші, 1 алтын, 2 күміс, 4 қоланы місе тұтқан сәтбаевтықтар үшінші орынды иеленді.

Жолын жалғар ұрпақ барда Алаш топырағында таэквондоның қарқынды дамуына ықпал еткен қазақтың қаһарман ұлының ерлігі ұмытылмасы, ұлы халық ұлтым деген ұланын ұмытпасы анық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.