Күлкі көмкерген күн

20141219-12-02Қаланың 40 жылдық мерейтойында бастау алған республикалық «Жайдарман» ойыны биыл да қала әкімі Әнуар Омардың қолдауымен жалғасын тапты. Шаһар басшысының Кубогы сарапқа түскен сайыс бұл жолы ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына арналып, «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында өтті.

Көңілді тапқырлардың ойынына «Жезқазған құрамасы», «Петропавл құрамасы», «Астана құрамасы» мен «Теміржол тарландары», «Тараз жас­тар құрамасы», «Алматы құрамасы», Қостанайдың «Қызық болсын» командалары мен Қарағандының «Күлкі терапиясы», «Болашақ VIP» және «Сәтбаев құрамасы» қатысып, жиналған көпшілікті қыран-топан күлкіге қарық қылды.

Ойынның қатысушыларына сәттілік тілеген қала басшысы Әнуар Омар жастарға шығармашылықтың биік шыңына жетіңдер деген ағалық ниетін білдірді.

Әне-міне дегенше ойын да басталып кетті. Топтар әр алуан тақырыпта әзіл-қалжыңдарынан тарту жасап, Кеншілер сарайының ішін күлкімен көмкерді.

Сайысты бағалаған қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орын және 30 мың теңге ақшалай сыйлықты «Тараз жастары құрамасы» иеленсе, ІІ орын мен 50 мың теңгені «Қызық болсын» тобы қанжығалады. Астаналық «Теміржол тарландары» командасы І орынға тігілген 70 мың теңгенің иегерлері атанды. Ал, қала әкімінің Кубогы мен 100 мың теңге қарағандылық «Күлкі терапиясы» тобына бұйырды. Сайыста қызықты ойын көрсеткен өзге топтар да дипломдармен марапатталды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.