Дүбірлі думан

Сәтбаевтықтар Тәуелсіздік мерекесін сән-салтанатпен атап өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел — Қазақстан — 2050» мерекелік шоуы спорттық-сауықтыру кешенінің мұз айдынын думанға бөлеп, тарих қойнауына саяхат жасаған қойылымдарымен ерекшеленді.

20141219-12-01

Өнерпаздар жұртшылық жігерін жанитын рухты шығармаларды орындап, көрермендерді елдікке, ерлікке үндеп, ұрпаққа ұлағатты өсиет айтты. «Тәуелсіз Қазақстанды күллі әлем бейбітшілік бесігі деп таниды. Сондықтан да, тарихты қастерлеп, бейбіт күнді бағалап, болашаққа сеніммен қарауымыз қажет», дейді сәтбаевтық өнерпаздар.

Құттықтау сөзінде қала әкімі Әнуар Омар:

– Күллі қазақ баласы үшін азаттықтан ардақты ұғым, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінен асқан мереке жоқ. Себебі, бұл – халқымыздың тарпаң тағдырдың тар жол, тайғақ кешулерінен өте жүріп, мың өліп, мың тіріле жүріп, бодандықтың болат қамытын үш ғасырға таяу мойымай көтере жүріп, ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалғанда зорға жеткен азаттығы! – деп атап айтты.

Би ұжымдары, өнер мектебі, оқушылар сарайы, спорт­тық-сауықтыру кешенінің мәнер­леп сырғанау үйірмесінің тәрбие­ленушілері, көркемөнерпаздар ұжымы өкілдерінен құралған сегіз жүзге жуық өнерпаздар өнерін қаланың Құрметті азаматтары, денсаулық, білім саласының қызметкерлері, депутаттық корпус, этно-мәдени орталық өкілдері – төрт мыңнан аса қала тұрғыны тамашалады.

Думанды шоу Қазақстан Республикасының мәдениет қайрат­кері Байғара Сәдуақасовтың ди­ри­жерлығымен домбырашылар ансамблінің орындауындағы Құр­манғазының «Балбырауынымен» ашылды. Мұнан соң Қорқыт ата қобызының сүйемелдеуімен бишілер мұз айдыны бетінде «Мәңгілік ел» таңбасын бейнелеп, «Алтын адам» кейіпінде ұршықша үйірілген Жасұлан Мәжікенов ешкімді бей-жай қалдырмады. «Халықтар достығы» театрландырылған композициясында ұлттық билерге кезек беріліп, Астана қаласының басты символы Бәйтерек, қазақ елінің азаттығын айғақтайтын мемлекеттік нышандар – Ту мен Елтаңба түрлі-түсті жарық сәулелер арқылы айшықталды. Тәуелсіздіктің маңыздылығын жас буынға түсіндіру, оны бағалай білетін, отансүйгіш ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған флэшмобта береке-бірлігіміз, елдігіміз әспеттеліп, көк байрағымыз желбіреді. «Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, халықаралық қоғамдық өкілдері көз тігіп, құлақ асқан мемлекетке айналды. Жастарымыз да соған сай білімді де білікті болуы керек», дейді шараны ұйымдастырушылар. Мерекелік думанда Елбасының мәмілегерлігі мен табандылығы, «Мәңгілік ел» идеясы, Тәуелсіз де қуатты мемлекетіміз, үш жүздің басын қосқан Ұлытау ұлықталып, ән мен жырға арқау болды.

Тәуелсіздік – ел бірлігінің арқасында нығайып келеді. Оған Сәтбаев қаласының тұрғындары үлкен үлес қосуда. Барлық салада ілгері жылжуымыз еліміздегі саяси және экономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бағдарламалардың жемісі екендігі осы мерекеде анық байқалды.

Думанды шоу соңы республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған Салтанат Серкебаева, Арина Антонова, Ақбота Ақбергенова, Мадияр Құлашев секілді қаламыздағы жас әншілердің мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, әсем ән мен тәтті күй көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Н.Виттих.

Комментарии закрыты.