Тәуелсіздік – тәу етер киеміз

Өткен аптаның соңында қаламыздағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, халық қалаулылары, мемлекеттік қызметкерлер және жастар қауымы жиылды.

20141219-01-01

Салтанатты жиын үстіміздегі жылы шымылдығын ашқан «Ел іші – өнер кеніші» атты шығармашылық кеш үздіктерінің Гала-концертімен басталып, оның соңы Тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихына арналған бейнебаянға ұласты.

– Тәуелсіздік – ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Сол арман-мұратқа қол жеткізген Тәуелсіздік күні біз үшін ерекше қастерлі, ерекше қадірлі, – деп бастаған қала әкімі Әнуар Омар, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан бүгінде әлемдік қауымдастықта өзіндік салмағы бар жас мемлекет екендігіне тоқталды. Әкім өз сөзінде өз мақсат-мүддесін анықтаған мемлекетіміздің тәуелсіздігі тұғырлы, болашағы баянды болуы үшін сәтбаевтықтар да өз үлесін қосып келе жатқаны зор мақтаныш ұялататынын айтып өтті.

Салтанатта сондай-ақ, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары Т. Мусин, Г.Беланова, орыс этно-мәдени орталығының жетекшісі А.Кондрашова, татар-башқұрт этно-мәдени орталығының өкілі В. Гайнуллин сөз сөйлеп, береке мен бірлікке, бейбітшілік пен жасампаздыққа жетелеген Тәуелсіздік туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Еліміздің бас мерекесіне арналған жиында қала әкімі Елбасы Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілеріне ие болған көп балалы аналарға құрметті атақтарын салтанатты түрде табыс етті.

Қаламыздағы көп балалы аналарға депутаттық корпус, жеке кәсіпкерлер тарапынан да қолдау танытылды. Қалалық мәслихаттың депутаты, «Тазалық – 2020» ЖШС-нің директоры Қ.Керімқұлов, бес баланың анасы А. Бучатскаяға 50 мың теңгенің сертификатын табыстаса, жеке кәсіпкер Л.Гелисханова «Күміс алқа» иегері атанған Г.Торғаеваға да осынша көлемдегі қаржы сертификатын табыстады.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында бірқатар қала тұрғындары Қарағанды облысы әкімінің, Сәтбаев қаласы әкімінің, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Тәу етер киеміз – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын соңы мерекелік концертке жалғасты.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген А. Құлашова.

Комментарии закрыты.