Қой – талғампаздар мен таланттылар жылы ма?

20141226-05-11949 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауылында дүниеге келген Ғұзыхан Ақпанбек үш жасында әріп танып, төрт жасында мектепке барған. Қарағанды политехникалық институтының физика-математика факультетінде білім алып, алғашқы еңбек жолын ауыл мектептерінде бастады. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жезқазған педагогикалық институтында қырық сегіз жыл бойы шәкірт дайындады. 15 жыл кешкі факультет деканы, кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. «Бөрі ғұмыр», «Өтеді өмір», «Құранның математикалық құпиялары», «Адам, болмыс, жан дүние», «Қазақ халқының дүниетанымы» секілді қырыққа тарта кітаптар мен оқулықтардың авторы. «Бір уыс дән», «Қажының әңгімесі» сияқты балладалары мен оқиғалы өлеңдерінің де айтары көп. Өлең топтамалары мен ғылыми-танымдық мақалалары аймақтық баспасөз беттерінде үзбей жарияланады. Ғалымның өмір мен өлім, махаббат пен ғадауат, жақсылық пен жалғандық белдескен жарық дүниенің жаратылысы, адам ғұмырының мәні, иман, сенім дүние сырлары, адамдық жайындағы зерттеулерінің орны бір бөлек. Шығыс жыл санауы бойынша, 2014 – желдей жүйрік Жылқы жылынан кейін 2015 – қарапайым Қой жылы төрімізге енбек. Қой жылының табиғи қасиеттері мен ерекшелігі жайында жазылған болжамдар қаншалықты шындыққа жанасады? Оны зерттеуші ғалым Ғұзыхан Әбілқадырұлынан сұрауды жөн көрдік.

– Ғұзыхан аға, осыған дейінгі Қой жылдары (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003) несімен есте қалды?

– Жылдың сәтті өтуі Ал­ланың жазуына, адам­дар­дың өзіне байланысты. Қой жылының басқа жылдардан айырмашылығы жұмсақ­ты­ғында. Бір аңызда жер бетінде қыс болмаған. Өйткені, Үркер жұлдызын жануарлар аяғымен басып тұрады екен. Жылқы кезекті сиырға беріп, сиыр аяғымен баса бергенде тұяғының арасынан Үркер аспанға шығып кетіпті. Содан бері жер бетіне қыс мезгілі келетін болған. Үркер қыста төбеде тұрып, жазда көрінбей кетеді. «Үркер көтерілген айдың бәрі қыс» деген сөз содан шыққан. Менің зерттеуім бойынша, жыл түстері жасыл-көк, қара, қызыл, сары, аққа бөлінеді. Бес түрлі түс ауысып отырады. Бабаларымыз осының бәрін жазып кеткен. Келе жатқан Қой жылының түсі – сары. Қызыл ат кетіп, орнына сары саулық келеді.  Он екі жылдың өз тегі бар. Қой жылының тегі – Жер, түсі – сары, сайраны (планетасы) – Санжар (Сатурн), қасиеті – шынайылық. Осы жылы орын алатын маңызды оқиға – жауын-шашынның молдығы. Қой жылында ылғи құрғақшылық болады да, шегіртке қаптайды. Кейінгі кездері жаңбыр көп жауғандықтан шөптің өсімі жақсарды. Шөптің шығуына байланысты 4000 жылда бір рет шегіртке қаптайды. Екі жұлдыздың арасы 2166 жыл екендігін қазақ ертеде айтып қойған. Осы уақытта әр жыл басы бір жылдан екінші жұлдызға ауысып отырады да Қой жылы ылғи жаңбырлы болып, шегіртке қаптап, дауыл соғып, бұршақ жауады. Ол туралы Борисенков пен Пасецкийдің «Табиғат тылсымдарының мың жылдық жылнамасы» кітабында толық айтылған. Мәселен, 1907 жылы қыс солтүстікте жылы болып, батыс пен оңтүстікте суық болған. Көктем кеш түсіп, бірінші жартысында қар аралас жаңбыр жауған. Көкек айында солтүстік батыста құрғақшылық орын алып, күзде шегіртке мен тышқан қаптап, тоқтаусыз жауған жаңбыр кесірінен топан су басқан. Келе жатқан қой жылында да табиғаттың тосын мінез танытуы әбден мүмкін.

– Қой жылында туыл­ған­дарға берілетін астро­логиялық сипаттама қан­шалықты сәйкес келеді?

– Жұлдызнаманың қай жылы жазылғандығына мән беру керек. Әл Фарабидің тұсында жазылғаны – шынайы. Кейінгілері содан көшірілген. Қазіргі Қытайда, Арабияда, Египетте шығыстың астрологиялық болжамдары дәл келеді. Олар айналып Европаға өтіп, өзгеріске ұшырады. Қазіргі қолданыстағылар да осылар. Қой жылы талантты адамдар көктемде дүниеге келеді. Яғни, Қой жылын талғампаздар мен таланттылар жылы деп толық сеніммен айтуға болады. Олар – сөзге ұста, шығармашылыққа бейім, ұстамды да кешірім­шіл, мейірімді жандар. Ұйым­дастырушылық қабілет­тері жоғары. Әншейінде ұяң көрінгенімен, көп алдына шығып сөйлеу керек болса ашылып сала береді. Өзгелердің көңіліне қарағыш болғандықтан, басқарушылық қызмет тапсырылса, бірден бас тартады. Қой үшін кез келген жағдайда, барлық адамдармен түсіністікпен тіл табысу аса маңызды. Ол – мінсіз талғамның иесі. Сәнқойлығымен көзге түспесе де, жарасымды киіне біледі. Көпшілік жиналған ортаны ұнатады. Ептеп, өсек айтқанды да жақсы көреді. Жел сөздерді елеусіз етіп айтатыны соншалық, айтып отырғанын біреу аңғарса, біреу аңдамай қалады. Әйтсе де, ұнамсыз жайларды тілге тиек етуге әуестігі жоқ. Ұнаған адамдарға бірден бауыр басып кетеді. Сабасынан шығып кететін кездері сирек. Байсалды. Ашуға бой алдыра бермейді. Көңіл-күйі тез бұзылады. Ондайда жылай салуға дайын тұрады. Сезімтал. Жолы болғыш. Денсаулығына көңіл бөлгіш.

Жыл сипатын табиғатпен, жаратылыспен байланыстыратын дана халқымыз әрбір жыл иесіне тән ерекшеліктерді болжай білген. Халық сенімі бойынша жыл қасиеттеріне байланысты адамдар да сондай қасиетке ие. Сиырлар – шыдамды да еңбекқор, Барыс – өркөкірек, бірбеткей, Қоян – сезімтал, Ұлулар –байсалды да қайсар, Жыландар – көреген де кемеңгер, Жылқылар – қызуқанды, Қой – момын, көнгіш, қарапайым,  Мешін – ұқыпты, Тауық – жайдары да еңбекқор, Ит – мейірбан да ынталы, Доңыз – ұшқалақ та жеңілтек болып келеді. Міне, қазақ халқының әлем тану жолындағы мүшел есептері мен астрономиалық білімі туралы қысқаша айтқанда осындай.

– Ғұзыхан аға, Қой жылын қандай ерекшелігімен сипаттар едіңіз? Алдағы жылдан не күтеміз?

– Қой жылы халыққа жайлы болады. Қазақ айтқан «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп. Келер жылы экономикамыз, руханиятымыз біраз өзгерістерге ұшырап, экономикалық даму басталады. Ауыл шаруашылығына өте қолайлы болмақ.

Келер жылы күнтізбе өзгереді. Біз қолдан жасалған, механикалық алдамшы уақытта тіршілік етудеміз. Өйткені, қолданыстағы григорианның күнтізбесі бүкіл әлемді өзіне басыбайлы етіп алды. Оның бір жылдық мерзімі 28, 29, 30, 31 күнге тола салатын ұзынды-қысқалы он екі айдан тұрады. Ол аз болғандай адамзат уақытын нақтыламақ болып, әрі оны кеңістікпен шатастырып, сағат сандарын он екі бөлшекке бөліп, әр сағатты алпыс минутқа, әр минутты алпыс секундтқа жіктеп, бас-аяғы 360 градус болатын дөңгелек жиынтыққа байлап қойған. Мұның кемшілігі өте көп. Жаңа күнтізбені жасап жатқан америкалық ғалым жуырда бұл жаңалығын жарияламақ. Галактикалық импульспен біздің өміріміз сәйкес келмейді. Бұл дәлелденген. Ғалымдардың көзі жетіп отыр. (Суретте).

Алпыс жылдық мүшел есебінде әрбір жылдың ерекшелігі болады.  Жыл есептеудің қалыптасқан жүйесі бар. Бірі – он екі жылдық мүшел, бірі – алпыс жылдық мүшел. Бұлардың ортақ қасиеті бар. Бұл жерде мен алпыс жылдық мүшел туралы айтып отырмын. Бұл жүйе Шығыс елдерінің бәрінде бар. Қытай елінде, жапондарда күні бүгінге дейін сақталған. Алпыс жылдық жүйеде жыл басы – Тышқан. Діңі – үлкен ағаш, түсі – жасыл, сайраны – шоңай болса, Сиыр жылының діңі – кіші ағаш деп келеді. Барыс жылының түсі – қызыл, діңі – үлкен от, сайраны – арай.  Бұл өз алдына жеке ғылыми түсінігі бар күрделі мәселе. Қазақта «Ұзынсары сары», «Бес қонақ» деген сөз бар. Он жылда бес күн қосылады. Наурыз айының 18, 19, 21, 22 «бес қонақ» деп аталады.  Жыл есебіне кірмесе де, күннің саны жылдан тысқары қосылып отырады. Ал, биылғы Қой жылында 364 күн бар. Яғни, бұл теңестіруші жыл. Мысалы, Күн галактикасы өзінің 11 планетасын айналып, 12 шоқжұлдыздың жанынан өтеді. Бір орыннан шығып, қайта айналып келгенше 26 мың жыл өтеді. Қазір Тышқан жыл басы болудан қалғалы 2014 жыл өтті. Мұны Ғайса пайғамбардың туған жылынан бастап есептеп отырмын. Ал енді Күн өзінің нөкерлерімен бір жылдан екінші жұлдызға өту үшін 2166 жыл керек. Толық айналып қайтып келу үшін 26 мың жыл уақыт керек. Айналып келгенде дәл орнына келмей сәл шегініп отырады. Барлығы құралған уақытта соның өзі 3000-4000 жылға дейін кетіп қалады. Яғни, бір кезде жыл басы Сиыр болса, қайтып келген уақытта Доңыз болады, Тышқанның алдындағы. Қазір галактикалық жыл басы – Доңыз. Тышқаннан Доңызға қарай ауысып кетті. Алдағы 26 мың жылда айналып Итке өтіп кетеді. Одан кейінгі  26 мың жылда Тауыққа, сосын қайтадан Қой жылына келеді.

Негізі, Қой – жағымды жануар. Алдағы жыл адамдардың жанын мейірімге толтыратын, жер бетін бейбітшілікке бөлейтін, шындықтың беті ашылатын жыл болады деп үміттенемін. Амандықпен келген әрбір жыл – қуаныш. Әр жылдан ғана емес, әр күннен амандық сұрауымыз керек. Жалпы, жылдың жақсы өтуі адамның ниетіне байланысты. Адал еңбек етсең, Құдай құр қалдырмайды. Тіпті, еңбекпен дертті де жазуға болады. Дегенмен, келер жылдың қандай болары бір Аллаға ғана аян. Алдағы жыл елімізге тек жақсылықтар сыйласын!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.