Жаныңда жүр жақсы адам

Өткен аптада қатты аяздан Сәтбаев ауылындағы №17 бастауыш мектеп пен халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін құдық қатып қалды. Солтүстік Жезқазған кенішіне қарасты «Қыпшақбай», «Қарашошақ» карьерінің бастығы Жұлдызбаев Мадияр Ақжанұлының көмек қолын созуы арқасында бұл іс оңынан шешілді.

«Ықылас пен ынтымақ, Бітер іске болсын тап» деп дана халқымыз текке айтпаған. Бұл қанатты сөз ел қамын ойлайтын Мадияр Ақжанұлы сынды азаматтарға арналғандай.

Желтоқсан айының басында қыс қаһарына мініп, момақан күй кешкен табиғатты алай-дүлей етті.

Осының салдарынан Сәтбаев ауылындағы №17 бастауыш мектебінің жылу жүйесінің құбыры және халықты ауыз сумен қамтитын құдық құбыры істен шықты. Бұл төтенше жағдай қажетті орындарға хабарланды.

Ауыл тұрғындары Сәтбаев ауылымен іргелес жатқан Солтүстік Жезқазған кенішіне қарасты «Қыпшақбай», «Қарашошақ» карерінің бастығы Жұлдызбаев Мадияр Ақжанұлына хабарласып көмек сұрады. Ол азаматтығын танытып, дер кезінде көмек қолын созды. Өзі еңбек ететін өндіріс орнынан дәнекерлеушілер жіберіп, мектептің, құдықтың жарылған жерін дәнекерлеп қалыпқа келтірді.

Елбасы өз Жолдауында: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай құндылығы», – деп атап көрсеткен.

Сәтбаев ауылының тұрғындары, мектеп ұжымы қайырымды азаматтың адамгершілігіне бас иіп, зор алғысын білдіреді.

Ауыл тұрғындарының атынан: Б.Кожабаева, №17 бастауыш мектеп әкімшілігі.

Комментарии закрыты.