Сегіз мәселе қаралды

20141226-07-1Сәрсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында Сәтбаев қалалық мәслихаты бесінші шақырылымының 35-ші сессиясы болып өтті. Оны депутат Сұлтанбек Мырзақоңыров ашып, жүргізіп отырды.

Сессияның күн тәртібінде «Сәтбаев қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы» қалалық мәслихаттың 2010 жылғы 23 желтоқсандағы 31 сессиясының №384 шешіміне өзгерістер енгізу, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласын дамытудың 2013-2015 жыл­дарға арналған кешенді даму жоспарын бекіту, 2015-2017 жылдарға арналған қала бюджеті, «Мәдениет туралы» ҚР Заңының Сәтбаев қаласында орындалу барысы, Сәтбаев қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың пайда болуы және жинақтау нормаларын бекіту, қалалық мәслихаттың 2015 жылға арналған жұмыс жоспары, «Сәтбаев қаласының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы» Сәтбаев қаласы мәслихатының 2010 жылғы 14 қыркүйектегі 29 сессиясының №363 шешіміне толықтыру енгізу туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2010 жылғы 23 желтоқсандағы №393 ше­ші­мінің күші жойылды деп тану, қалалық мәслихаттың 36 сессиясының төрағасын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы үш мәселе тұрақты комиссияның отырысында талқыланған­дықтан, депутаттар оны толықтырып, бір ауыздан қабылдады. Бұл орайда қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Сәкеев пен қалалық мәслихаттың экономикалық реформа, бюджет, ком­му­налдық шаруашылық жә­не кә­с­іп­керлікті қолдау мәсе­лелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы депутат Владимир Цой хабарлама жасады. Депутат Иманбай Бралин бөлінген қаржының не жолды жөндеуге, не болмаса балалар алаңдарын салуға жұмсалуын нақтылай түсу қажеттігін көтерді. Осы мәселге қатысты депутаттар Тоғызбай Тәжбенов пен Қайрат Керімқұлов өз көзқарастарын білдірді.

Қаржыға қатысты мәсе­лелер талқыланғанда депутат Иманбай Бралин мектептерде оқулықтардың жетіспейтінін алға тарта келіп, оны сатып алуға қажетті қаржы бөлу жайлы ұсынысын айтты. Депутаттар бұл мәселені де мақұлдап, қаржыны бюджетті нақтылау кезінде бөлуді ұйғарды.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш есеп берді. Бұдан соң депутат Айгүл Төлендина тыңдалған мәселе бойынша депутаттық жұмыс тобының қорытындысын жария етті.

Сессияда талқыланған мәселелер бойынша арнайы шешімдер қабылданды.

Сессия соңында депутаттар қалалық мәслихаттың 36 сессиясының төрағалығына депутат Айгүл Төлендинаны бір­ауыздан сайлады.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.