Ғибратты ғұмыр иесі

20141226-02-1Қаланың Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мұзараф Аханов күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне шықты. Ұлы академик Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген қаланың өсіп-өркендеп, дамуына үлес қосқан Мұзараф Аханұлының өмірі мен өнегелі ісі – кейінгі буынға үлгі.

Жастайынан шыншылдық, табандылық, жігерлілік қасиеттерін биік қойған Мұзараф аға бүгінде қаладағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Өмірі өнегеге толы тұлғаның еңбегін кейінгі буынға насихаттау мақсатында Сәтбаев қалалық мемлекеттік мұрағаты «Ғибратты ғұмыр» атты Мұзараф Ахановпен жастардың кездесуін ұйымдастырды.

Сәулетті Кеншілер сарайында өткен кездесуге қала әкімі Ә.Омар, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, ақсақалдың замандасы Мәлік Омаров, ақын, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының басшысы Зинаида Чумакова, Ұлы Отан соғысының ардагері Әкбар Аманжолов қатысты.

Кездесуде сөз алған қала басшысы Әнуар Омар Мұзараф Аханұлының кенді қаланың дамуындағы үлесі айрықша екендігін атап өтіп, оның өмірі мен еңбек жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге деді.

Ақсақалдың бала жастан бері үзеңгі қағысып келе жатқан досы, туысы Мәлік Омаров, Зинаида Чумакова, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Боранбай Әбенов Арқаның асыл азаматы жайында жастарға көп ақпарат берді.

Кештің ұйымдас­тыру­шы­лары қалалық мұрағаттың басшысы Айгүл Төлендина қазына кеуде қарттардың қай-қайсының болмасын өмірі тарих екенін тілге тиек етті. Шежірелі қарттардың есімдерін, еңбектерін хатта қалдырып, кейінгі буынға жеткізу мақса­тында мұрағат қаланың Құрметті азаматтары қоры коллекциясын ұйымдастырып отыр. Осы қорға құжаттарын аманаттаған Мұзараф Аханов пен Зинаида Чумаковаға Айгүл Қосманқызы сертификат тапсырды.

Кездесудің соңында сөз алған кеш кейіпкері Мұзараф Аханов жастарды талмай еңбек етіп, елін, жерін сүюге шақырды.

Жыл айрығындағы жүз­де­судің шымылдығы Ақ­толқын Әбдуахитованың орын­дауындағы «Әкешім – асқар тауым» әнімен жабылды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.