Ток-шоу өзекті мәселенің мәнісін айқындады

20141226-12-1Соңғы жылдары әлемде экстремистік лаңкестіктің өсуі жиілеп, кейбір елдерде саяси тұрақсыздық пен бей-берекет бассыздықтар орын алуда. Әсіресе, діни экстермизмнің қай мемлекет үшін болмасын қауіпті екендігі айдан анық құбылыс болып тұр. Дінде азаматтардың наным, сенімін бұрмалап, кейбір топтар қазақ жастарын Сирияға алып кетіп жатыр. Жасыратыны жоқ, жалған ақпаратқа бойұсынып, ақ пен қараның ара жігін ажыратпастан ата-анасын зар еңіретіп, белгісіз бағытта шет елге шекара асқандардың қатарында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының да жастары бар.

Бүгінде қазақ қоғамының бас ауруына айналған діни экстермизмнің мемлекетке қаупі жиі талқыланып, кейінгі жастарды бұл жолдан қалай аман алып қалу қажет деген тұрғыда көп пікірлер айтылып жатыр.

Қаламызда биыл ғана құрылған Діни сенім сұрақтары жөніндегі орталығы өткен аптада Оқушылар сарайында «Дініңді сатпа, салтыңды сақта» онкүндігінің қорытындысы ретінде «Қазақстан Республикасына діни экстремизм қаупі бар ма?» тақырыбында ток-шоу ұйымдастырды.

Қала жастары мен аға буын бас қосқан пікірсайыс алаңда өзекті де орамды ойлар ортаға салынды. Ток-шоуға арқау болған тақырыпқа тұздық ретінде жиналғандарға әуелі бейнефильм ұсынылды.

Дискуссияға арнайы шақыртылған қонақтарға орталық басшысы Зәмзәгүл Қиянова сұрақтар қоя отырып, тақырыптың өзектілігін ашты. Пікірсайыс алаңына келген қаланың бас прокуроры Серік Назарбеков, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова мен бөлімнің сектор меңгерушісі Ботакөз Бушманова, «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева мен «Нұрлы білім» ҚБ теологы Нұрсұлтан Мәмедалиев тақырыпқа сай қойылған сұрақтарға жауап беріп, жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтты. «Әрине, бұл кеселдің қоғам үшін өте ауыр зияны бар. Сана-сезімі жаңа қалыптасып, діни сенім тұрмақ, оңы мен солын танып үлгермей жатқанда өзге бағыттағы топтар қазақ жастарының санасын улауы – өте қайғылы жағдай. Егер қоғам үшін діни экстремизмнің қаупі төнбесе мұндай жиындар, талқылаулар болмас еді» деді ток-шоу қонақтары.

Өзекті мәселенің мәнісін айқындаған ток-шоу одан әрі марапатқа ұласты. Орталықтың ұйымдастыруымен өткен шығармалар байқауы мен «Дініңді сатпа, салтыңды сақта» тақырыбындағы плакаттар және үгіт-насихат тобы сайысының жеңімпаздары марапатталды. Шығармалар сайысына келіп түскен отызға жуық шығарманың ішінен 5 туынды үздік деп танылған. Соның ішінде «Қазақмыс» корпорациясы технологиялық колледжінің студенттері Айтуған Әбілқайыров пен Ержан Әбдухамит, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Жасұлан Нақыпбек пен «Денсаулық» колледжінің студенті Аяулым Нұрғалидың, №16 орта мектептің оқушысы Аида Бауыржанның шығармалары сайыста оза шауып, бәйге алды. Ал, плакаттар сайысында І орын №16 орта мектептің оқушысы Арман Шабденге бұйырса, ІІ орынды №7 орта мектептің оқушысы Динара Қамбарова иеленді. ІІІ орынды №16 орта мектептің оқушысы Диана Бодықова еншіледі.

Үгіт-насихат топтары сайысындағы бас жүлдені №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің тобы еншілесе, І орынды №16 орта мектеп, ІІ орынды №3 орта мектеп иеленді. Ал, ІІІ орын №7 орта мектептің тобына тиесілі деп танылды. Барлық жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.

Ток-шоуда үгіт-насихат топтары сайысында бас жүлдені жеңіп алған №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп тобы өнерлерін көрсетіп, өз замандастарын асыл дінімізді құрметтеп, ата жолымен жүреуге үндеді.

Қоғам үшін қандай дерт болмасын, ол бір жарасын салған соң айығу қиын. Алайда, дерт жұқты, енді қылар дәрмен қалмады деп қол қусырып отыратын кез емес. Діни экстремизмнің қазақ қоғамында кең етек жайып кетпеуі үшін әр отбасы, әр қоғам мүшесі бала тәрбиесіне аса мән бергені жөн. Шындығы керек, бұрындары жастарымыз «Әке, ана, мен мешітке барамын, намаз оқимын» деп имандылыққа бет бұрғанда қуанатын жағдайда болса, қазір осы бір сөз айтылса шошына қарайтын хәлге түстік. Бұл өте өкінішті жағдай. Әуелі дінге деген сенімді, салт-дәстүрге деген жастардың көзқарасын жалпы қоғам болып түзеп алмасақ, бүгін жайқалып өсіп келе жатқан жас буынның тағы адасушылыққа жол бермесіне кім кепіл?

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.