Қаладағы діни ахуал сараланды

20141226-12-2Апта басында Діни сенім сұрақтары жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында дін мәселесін талқылау бойынша кезекті отырыс өтті. Аймақтағы діни ахуалдың жай-күйі талқыға салынған жиынға Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының басшысы, бас ғылым қызметкері Тұрар Әбуов қатысып, түйткілді мәселелер жөнінде жауапты мамандардың ой- пікірін тыңдады.

Мемлекеттік мекемелердің, ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің әрқайсымен жеке пікір алмасқан Т.Әбуов Сәтбаев қаласынан жастардың Сирияға кету себебі, жалпы тұрғындардың дінге деген көзқарастары, ұлтаралық татулықтың тұрақтылығы, БАҚ бетінде дінге қатысты мақалалардың қаншалықты деңгейде жарияланып тұратынын саралады.

Орталық басшысы жастардың дінді дұрыс бағытта түсініп, Әбу Ханифа мазхабын ұстануда отбасы тәрбиесі, ақсақалдардың ақыл-кеңесі басты рөлге ие дей келе, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Т.Әбуов №7 орта мектептің 9-10 сынып оқушыларымен де кездесіп, жастардың дінге деген көзқарасын білді. Жастар да өзекті мәселе төңірегінде ойларын ортаға салды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.