Ертегілер еліне саяхат

20150109-03-2Балалардың қысқы демалысын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында Оқушылар сарайы бастауыш сынып оқушыларының арасында «Ертегілер әлеміне саяхат» қалалық байқауын ұйымдастырды.

Бұл байқауға №1 мектеп-гимназияның, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің, №5, №16, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептердің оқушыларымен қатар, Сарайдың «Драма» және «Әдебиет әлемі» үйірмелерінің тәрбиеленушілері қатысты.

Қалалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған ертегілер байқауы балалардың өмір танымын, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнерге баулуды көздеді. Жалпы, байқауға қатысуға ниет білдірген мектептердің қатары аз болғанымен, байқауда бақ сынаған балалардың өнерге деген ынталары мен құлшыныстары байқалып тұрды.

Байқауда балалардың жанды дауыста өз образдарын сомдау, киім үлгісі, сахналық мәдениеті мен ертегі барысында сахнаның оқиғаға сай безендірілуі сынды талаптарға қазылар алқасы аса мән берді.

Сайысты бағалаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектепке бұйырса, І орынды №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары иеленді. ІІ орынға «Драма» үйірмесі лайық деп танылса, ІІІ орынды №1 мектеп-гимназия мен №16 орта мектеп өзара бөлісті. Ал, №5 орта мектеп оқушылары мен «Әдебиет әлемі» үйірмесінің тәрбиеленушілері байқауға белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.