Дайындық мәселелері талқыланды

Үстіміздегі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтпек. Бүгінде жер-жерлерде осынау мерейлі мерекеге қызу әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Сейсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Әнуар Омардың төрағалық етуімен мерейтойға қатысты іс-шаралар қаралып, талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен мекеме, ұжым басшылары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосу барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 70 жылдық мерейтойына дайындық мәселелерi көтерiлдi.

– Бұл мерекенің мәні де, маңызы да ерекше. Өздеріңізге мәлім, ТМД мемлекеттері басшыларының ұйғарымымен 2015 жыл – Ардагерлер жылы деп жарияланды. Оны лайықты атап өту – баршамызға сын. Біздің бүгінгі ісіміз – ертеңгі болашаққа тағылымы мол тәрбие. Сондықтан, осы мерейтойда атқарылатын әрбір істің мәніне де, мазмұнына да жіті назар аударуымыз қажет. Бұл орайда бiр реттiк материалдық көмек берумен ғана шектеліп қалмай, ардагерлердi жүйелi түрде қолдау шаралары басты назарға алынғаны жөн. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тiршiлiк сапасын жақсарту және ел қорғаған жерлес жауынгерлеріміздің ерлiгiн көпшiлiкке жария ету бойынша ауқымды шаралар жүргізу қажет, – деді жиынды ашқан қала әкімі Әнуар Омар.

Жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралардың жоспарымен таныстырды. Онда біршама ауқымды істер қаралған.

Қала басшысы осы жоспарға сай атқарылатын жұмыстарды саралай келіп, іс-шаралар жоспарына орай орынды сындар айтты. Кейбір мекеме, ұжым басшыларына өздеріне қатысты жұмыстарды тағы бір рет пысықтап, толықтыруды тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.