Елбасының ерекше құрметі

Өткен жылдың 26-30 желтоқсан аралығында еліміз бойынша бұрын-соңды болмаған, ТМД мемлекеттерінің бірінде де баламасы жоқ, Қазақстан Президентінің Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы өткізілген болатын. Елбасы тапсырмасы бойынша Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар мен оның орынбасары Серік Имамбай ардагерлердің шаңырағына арнайы атбасын тіреп, Мемлекет басшысының құттықтауы мен жаңажылдық сыйлықтар жиынтығын табыс етті.

20150109-01-1

Аталған шара ардагерлерге қолдаудың тек 9 мамыр – Жеңіс күнінде ғана көрсетілмейтінінің, олардың тұрақты қамқорлыққа алынғанының айғағы болып табылады. Осы орайда айта кете­тін бір жайт – Елбасы барлық Ұлы Отан соғысының арда­герлерін құттықтап отырған алғашқы Мемлекет басшысы. 2015 жыл – Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңіс­тің 70 жылды­ғы, сон­дай-ақ, ТМД елдерінде Арда­герлер жылы деп белгіленіп, Елбасы тапсырмасы бойынша, Жеңістің 70 жылдығын тойлау шараларының арнайы жоспары бекітілді.

– Қарияларын қадірлеп, ардагерлерін ардақтау – халқымызға тән тағылымды қасиет, қазақы болмыс-бітім. Нұрсұлтан Назарбаев осы ұстанымнан айнымай келеді. Сондықтан, аға ұрпақтың еңбегі мен ерлігін ұдайы ескере отыра, оларға қамқорлық көрсетуді басты назарда ұстайды. Және мұның ауқымын жыл сайын кеңейте түсуде, – деп атап айтқан қала әкімі Әнуар Омар, Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен ардагерлерге Елбасының құрметін жеткізді.

Қарт майдангер Шермұханбет Байбосынов үшін бұл құрметтің жөні бөлек. Себебі – Президенттің өзі жолдаған марапат. Соғыста бірнеше қаланы жаудан азат етіп, Жеңіс туының желбіреуіне теңдессіз үлес қосты. Ерліктерінің естелігіндей болып тұрған кеудесіндегі төсбелгілерінің орны да, тарихы да ерекше екендігін айтқан ол былай деп ағынан жарылды: – Бұл Елбасының адамгершілігінің жоғарылығын, азаматтық өресінің биіктігін көрсетеді. Қазақстандағы ұлтаралық достыққа баға жетпейді. Оның елдегі тұрақтылық пен бірлікті, татулықты қалыптастырудағы ерен еңбегіне ризамын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп осындайда айтса керек. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеп, қамқорлық жасауына ризашылығымыз шексіз. Қазақстан гүлдеп, көркейе берсін!

Ұлы Отан соғысының ардагері Әкбар Аманжоловқа да Елбасының құттықтауы салтанатты жағдайда жеткізілді. Ол өмірлік жары Елена Аманжоловамен Магаданда танысқан. Соғыстан кейін геология саласында ұзақ жылдар бойы тер төккен Әкбар ата мен поляк кызы Елена төрт баладан сегіз немере, сегіз шөбере сүйіп отыр. Елена әжей қазақтардың достыққа берік екенін, бауырмалдығын да атап өтті.

– Соғыстан соң елге оралып, еңсеміз көтерілді. Қазір Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде коммуналдық жеңілдіктерді пайдаланып отырмыз. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Отбасын құрдық, бала сүйдік. Шүкір, немере, шөберелердің ортасындамыз. Елімізді әлемге мойындатқан Елбасының сарабдал саясатының арқасында тыныштықта, бейбіт өмір кешудеміз. Осындай ықылас-ниеті үшін Президентімізге ризамыз, – деді Әкбар ақсақал.

Қала басшылары бұл күні Станислав Шантер, Маргарита Коваленко, Иван Онигдюк, Нина Шульгина және Надежда Чумактың шаңырағында болып, атаулы аманатты жеткізіп, Елбасының мықты денсаулық, ұзақ өмір, қадірлі қарттық тілейтінін айта келіп, алаңдатқан мәселелеріне мән берді. Соғыс ардагерлеріне жағдай жасауды Президенттің ұдайы назарда ұстап отырғандығын жеткізді. Жалпы, бұл күні мұндай құрметке Ұлы Отан соғысының 14 ардагері ие болды.

Сызы жүректен өтіп, салмағы жүйкені жұқартқан алапат соғыста отбасына оралып, бала-шаға ортасында емен-жарқын өмір сүруді армандаған күйі қанша боздақ жер жастанды. Алда ажал бүркіп тұрған алаңнан аман-сау оралу ардагерлер үшін Алладан берілген ең басты сый.

«Біз соғыстың не екенін білеміз. Аспаннан оқ жауып тұрған тар кезеңде алтын бесік шаңырағымыз есімізден бір сәт шыққан жоқ. Туған елдің амандығын ойладық. Артымызда қалған бала-шаға­ның соғыс қасіретін көрмегенін арман­дадық. Құдайға шүкір, бүгін еңселі елміз. Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясаты Қазақстанды бақытты елге айналдырды. Отанымыз – Қазақстан аман болсын! Қазақтың бағына біткен ер – Елбасымыз аман болсын! Соғыс деген қасірет енді қазақ баласының басына түспесін!».

Міне, бүгінгі бейбіт өмір үшін кезінде қан кешкен ардагерлеріміздің бұл күні берген батасы, ақ тілегі осындай болды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.