Ауыл балақайларына базарлық

20150109-12-3Сәтбаев ауылының кішкентай бүлдіршіндері Қой жылын ерекше қарсы алды. Жаңажылдық мерекеге әсем киініп, өлең-тақпақтарын, ән мен билерін дайындап келген ауыл балақандарының қуанышымен қала әкімі Әнуар Омар да бөлісіп, оларға ағалық ақ тілегін жеткізді.

– Бүгінгі балғындар – ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстап, болашағын өркендететін азаматтар. Сондықтан, сендерге зор сенім арта отырып, осындай айтулы мерекеде құттықтауға келдік. Өткен жыл еліміз үшін де, қаламыз үшін де табысты жыл болды. Арғымақ Жылқы жылында жеткен жетістіктеріміздің қатары Қой жылында да арта түсетініне кәміл сенімдіміз. Құрметті балғындар, жаңа жылда жаңа белестердің биігінен көрініп, бағындырар жетістіктерің мол болсын, –дей келе, Әнуар Серікбайұлы мерекелік сый-сияпат тапсырды.

Ауылдағы №17 негізгі орта мектептің қабырғасында өткен шырша тойының көркі мәдени-сауықтыру спорт орталығы өнерпаздарының күшімен қойылған жаңажылдық бағдарламамен ашыла түсті. Шырша маңына топтасқан балғындар ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен қойылған қызықты көріністерді тамашалап, өздерін арнайы құттықтауға келген Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетіп, сыйлықтарын алды.

Ауыл тұрғындары қала басшысы Ә.Омарға мерекеде балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, құттықтауға арнайы атбасын бұрғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.