Елтаңбаға жаңа стандарттар енгізілді

«2015 жыл еліміз үшін елеулі өзгерістермен басталып отыр. Басқаларын айтпағанда, мемлекеттік рәміздердің бірі – Елтаңбамыздың өзіне жаңа стандарттар енгізілмек. Бұл өзгерістер үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап өз күшіне енеді», – дейді astana.kz хабарына сілтеме жасаған ел газеті «Егемен».

Қазақстан стандарттау институты директорының орынбасары Нұртас Өтешев өзінің бұқаралық ақпарат қызметкерлеріне берген сұхбатында өзгеріс енгізудің себебін де түсіндіріп өткен.

– Уақыт ағымына сай, кез келген мемлекеттік таңбаның өзгеріп, ескіруі – заңдылық. Елтаңба да сондай. Стандарттарды енгізу жұмысы 2010 жылы қолға алынған болатын. Нәтижесінде негізгі 6 өзгеріс енгізілді. Ол Елтаңбаның түрі, түсі, пішініне байланысты. Сондай-ақ, оның 3 жыл кепілдік мерзімі де бекітілді, – дейді Нұртас Өтешев өз сұхбатында.

Орынбасардың сөзіне қарағанда, 2015 жылдың 1 шілдесі мен 2017 жылдың 1 шілдесі аралығында стандарттар өз күшіне енетін секілді. Осы уақыт аралығында өндірушілер өз өнімдерін өзгертіп, барлық мекемелер Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттарына көшуі тиіс.

– Елтаңбада 72 уық бар. Оның біреуі кем болса, стандартты сақтамаған болып есептеледі. Мүйіздердің 7 сақинасы бар. Бұл жеті атаңды білдіреді. Керегелердің де орналасу тәсілдері бар. Ол қазақтың ұғымында үлкен мәнге ие. Оның босағасы бар, босағасында тұрған қиықтары бар. Қошқар мүйіздер бар. Солардың барлығы Елтаңбамыздың қуатты және қасиетті екендігін білдіретін белгілер, – дейді. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков.

20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Мемлекеттік Елтаңба үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап осындай жаңаша сипатқа енетін болды. Жаңа стандартқа сәйкес, оның түсі алтын түстес, ал, ар жағындағы түс аспан түстес болуы керек. Сонымен қатар, Елтаңбаның бөліктеріне 40-қа жуық атау берілген.

Қазір жер-жерлерде Елтаңбаға енгізілетін осы өзгерістер жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.