Бірлік пен тұтастықтың тойы

Ұлтымыз әлімсақтан бері бірлік пен берекені, татулық пен достықты ел тыныштығының негізі деп жоғары бағалаған. «Бірлігі бекем елдің берекесі құтты» деген аталы сөз осындайдан қалса керек-ті. Қазақ ұлты тар жол тайғақ кешкен кешегі нәубет жылдарда да сан ұлттың өкіліне құшақ ашып, қазақы мейірімділігімізді көрсетіп, достыққа құшағы кең ұлт екенімізді айғақтады. Бүгінгі ымыра-біршілігі жүз отыздан аса ұлттың баласымен жарасып, бір шаңырақ астында түтін түтеткен елдердің қатары өте сирек кездеседі. Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүгінгі тәуелсіз қазақ елінде мамыражай тіршілік салтанат құрды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 4 жылдан соң, яғни 1995 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықтан соң көп ұзамай Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет Ассамблеяның бірінші сессиясын шақырғанын дүйім жұрт жақсы біледі. Елбасы осы сессияда тарихи маңызы зор баяндама жасап, бұл институттың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы рөлі жоғарғы деңгейде болатындығын айтқан еді. Міне, арада 20 жыл өтті. Бұл Ассамблея өзінің толыққанды шағына жетіп, елдегі бірлігіміз бен татулығымызға негіз болып келеді.

Қазіргі күні «Бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің Назарбаев моделі» деп аталатын Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығы артып келеді. Оған дәлел – Президенттің Өкімімен Ассамблея туралы ережелер оның мәртебесі мен құзіреттерін, сонымен қатар, ел тұтастығын сақтаудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу тәртібі бекітілді. Одан бөлек, «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» бекітіліп, бағыт-бағдары айқындалды.

Бүгінгі күні елімізде 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің белсенділігі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. Этномәдени орталықтардың жұмысы бір жүйеге қойылып, әр облыстарда, қалалар мен аудандарда өздерінің ұлттық, мәдени, рухани мұраларын насихаттауға, тілдерін, діндерін сақтап қалу мен салт-дәстүрін ұстануға мол мүмкіндік алды. Біздің кенді қалада да 7 этномәдени орталық бір шаңырақ астына бірігіп, тұтастықта татулықты ту етуде.

Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің былтырғы жылы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде әлемге үлгі» деген болатын.

Иә, биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Мерейлі жылдың алғашқы дүбірлі тойының шымылдығын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы ашпақ.

Тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі бағындырған белес аз емес. Ал, осы Тәуелсіздіктің мәңгілік болуы, табысымыздың еселенуі бірлігіміздің тұрақтылығында жатыр. Олай болса, бірлік пен тұрақтылықтың тойы құтты болсын, ағайын!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.