«Мұражай – жәдігерлер жиынтығы ғана емес, тарихтың тамыршысы»

Өткен жылдың ортасында Республикалық қорық-мұражайлар қызметкерлері жиналысында еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиев «Республикамыздағы ең үздік қорық-мұражай «Ұлытау» мекемесі болып табылады» деп қорытынды жасаған еді. Әрине, бұл аймағымыздағы іргелі ұжымның жұмысына берілген әділ баға деп білеміз. Жуырда біз «Ұлытау» ұлттық тарихи-табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметовке жолығып, қорық-мұражайдың қол жеткізген жетістіктері мен алда тұрған жоспарлары жайлы ой бөліскен едік.

– Жалпы, қорық-мұражай қызметінің негізгі мақсаты тарихи ескерткіштер мен тарихи ландшафттарды қорғап, сақтау деп естіп жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде 2014 жылы қандай жұмыстар атқарылды? Өткен жыл сіздің ұжым үшін несімен ерекшеленді? Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер? Әңгімені осы сауалдардан бастасақ.

– Әрине, әр жылдың өзіндік өрнектері болады ғой. Өткен жыл жайлы айтар болсақ, біздің ұжым үшін бір қуаныштысы өз жұмысымыздың әділ бағасын алуымыз болды дер едім. 2014 жылы шілде айында өткен Республикалық қорық-мұражайлар қызметкерлері жиналысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиев өзінің баяндамасында бірнеше рет «Ұлытау» қорық-мұражайының жұмысын басқаларға үлгі ретінде атап айтты. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.

Есептік жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлытаудағы сұхбатында» Әулиетауды атап айтқаны. Әулиетауды насихаттау, тағзым орнына айналдыру, дүниежүзілік өркениетте ерекше орнын айтып көрсету біздің мекеменің басты бағдарламасы болғандықтан, біздің қуанышымыз шексіз болды.

– Өзіңіз айтқан алқалы жиындағы министрдің баяндамасында «Ұлытау» қорық-мұражайының ескерткіштерді қайта жөндеу, археологиялық зерттеу жұмыстарына лицензия алып, осы бағытта тәжірибе жинаудағы жұмыстарыңыз жоғары бағаланды. Сол жөнінде толығырақ айтылса.

– Қорық-мұражай ұжымы Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын қорғау, сақтау мақсатында ескерткіштерді зерттеу, анықтау, құжаттау жұмыстарын жылда үздіксіз атқаруда. Әсіресе, «Ұлытау» археология тобы М.Абдикаримов бастаған тәжірибелі археологтар А.Искаков, Л.Сембинованың жұмысын ерекше атап өту қажет.

Хан Ордасы қалашығының, бір мұнарасына археологиялық қазба-зерттеу жүргізу негізінде ескерткіштің хронологиясы, стратиграфиясы және планиграфиясы анықталды. Мамыр айында Археология бөлімінің қызметкерлері Ұлытау-Тасбұлақсайы шыңының түбінен табылған ескі тұраққа археологиялық барлау қазбасын (шурф) жасады. Осы бөлімнің мамандары мамыр-маусым айларында тәжірибе алу мақсатында Қызылорда облысы, Қуаңдария ауданы территориясында орналасқан Шірік Рабад көне сақ қалашығында болған археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Талдысайдағы металлургтер тұрған тұрмыстық бөлігінде қазба жұмыстар дәстүрлі түрде жылда өткізіледі. Қыркүйек айында Теректі әулие кешеніне, Сарысу мен Қаракеңгір өзендері қилысына, Болған Ана қалашығында барлау қазбасы (шурф) салынды.

Архитектуралық ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, жай-күйін анықтау үшін экспедициялар ұйымдастыру, сәулет өнері ескерткіштерін зерттеу-сақтау жұмыстарына қатысу, есепке алу мен қорғауды қамтамасыз ету, олардың Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес пайдаланылуын бақылау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстар Б.Шайгозованың басқаруымен белсенді атқарылуда. Атап айтқанда, Қонысбай медресе-мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары, Қорғантас ауылында орналасқан Ахмет Ишан мешітінің, Жыланшық өзеніндегі Қайырбек мазарының жай-күйлерін анықтау, фотоға түсіру жұмыстары жүргізілді. «Қазқайтажаңғырту» РМК «Тараз» филиалының Құлан ана, Болған ана, Аяққамыр мазарларына жүргізген қайта қалпына келтіру жұмыстарын қадағалап, іс-тәжірибе толықтырылып, фото-видеоматериалдар алынды. Жошыхан кешенінде орналасқан ескерткіштерге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Аяққамыр мазарының темір қоршаулары жасалып, орнатылды. «Бесім дарасы» шатқалында жерленген Мәшһүр Жүсіптің атасы Бесім биге «Ұлытау» мұражайының ұсынысымен Баянауылдан белгі тас әкелініп қойылды.

– Министр ерекше мән беріп, атап айтқан жұмыстардың бірі – «Терісаққан көктемі» этнофестивалі, «Ұлытау Ел» этноауыл жобасы, шетелдік әріптестермен, ЮНЕСКО-мен жұмыс. Осы жағы қалай жүргізіліп жатыр?

– Туризм кластерін дамыту мақсатында, жаңадан туризм бөлімі ашылып, оны Е.Омаров басқаруда. Туристік бағдарламалар, бұқаралық іс-шаралар өткізу, халықаралық туризмді дамыту, халықаралық мәдени байланыс орнату, тарихи-мәдени ескерткіштерді экскурсия жүргізу арқылы көпшілікке таныту, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәстүрлі жаңғырту жұмыстары кеңінен атқарылып келеді. 1-2 мамыр аралығында «Ұлытау» қорық-мұражайының жетекшілігімен «Терісаққан көктемі» этнофестивалі ұйымдастырылып, фестивальде асық ойнау, садақ ату және найза лақтыру сияқты қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Фестиваль ға Ресей, Бахрейн мемлекеттері және ЮНЕСКО өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, өткен жылдың 18-22 маусым аралығында республикалық «Фотоөнер» қоғамы, Ұлттық география қоғамы ұйымдастырған экспедицияларға да белсенді қатыстық.

«Әулиетау» шыңына туристердің қонып, тағзым ету мүмкіндігін ұйымдастыру мақсатында кәсіпкер А.Құдабаевтың көмегімен, Б.Аяшевтың басқаруымен киіз үй орнатылып, «Әулиетау» үнпарағы дайындалып, келген туристерге, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарына таратылды.

Атырау, Маңғыстау, Сарайшық, Қарағанды, Астана, Жаңаарқадан келген Грузиядан, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай, Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Отырар елді мекендерінен келген қонақтарға, журналистер мен қоғам қайраткерлеріне Жезқазған-Ұлытау өңірінің тарихи орындары көрсетіліп, таныстырылып отырады.

Мұражай қызметкерлері Түркияның Стамбул қаласында өткен Европалық археологиялық ассоциация конгресіне, Тегеран университетінің шақыруымен Иран мемлекетінде, Казань қаласында өткен IV(XX) Бүкілресейлік археологиялық съезге, Түркіменстанда Мәдениет министрлігінің шақыруымен конференцияға қатысып, баяндама жасалды. Осы шетелдік байланыстардың арқасында, демеушілердің көмегімен радиокарбондық әдісті қолдану арқылы Бұланты өзенінің бойында белгісіз зираттардан табылған материалдар АҚШ-тың Аризона қаласындағы лабораторияда сараптамадан өтіп, нәтижесінде ескерткіштің Алтын Орда дәуіріне (1260-1310ж.ж.) жататындығы анықталды. Ресейдің Тюмень қаласындағы антропологиялық лабораторияда табылған 2 бас сүйекті қалпына келтіру арқылы адамның бет пішіні жасалды. Омск қаласында Қазақстан Консулымен, қазақ қоғамдарының, қазақ баспаларының, қала мұрағатының өкілдерімен кездесулер өткізілді.

– Жалпы мұражайдың қай жұмыстарын бірінші кезекті деп айтар едіңіз?

– Дүниежүзілік мұражайлар ережесіне сүйенетін болсақ, қордағы бар тарихи-мәдени мұраларды сақтау, мұражай қорын толықтыру, мұражайлық заттарды ғылыми тұрғыдан сипаттап жазу, оларды таңбалау, сақтау орнын ұйымдастыру, түгендеу, қалпына келтіру болашақ ұрпақтарға жеткізу – мұражайдың негізгі бағыты болып табылады. Бұл жұмыстар біздің мұражайда үздіксіз жүруде. 2014 жылы 175 жәдігер қорға қабылданып, оның 86-ы негізгі қорға, 89 жәдігер қосалқы қорға тапсырылды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша 24 жәдігерге жаңғырту жұмыстары жасалды. «Жәдігер жанашыры» атты акция өткізілді. Нәтижесінде Айыртау ауылынан сүт тартатын құрал-сепаратор, Ұлытау ауылынан XIX ғасыр кезеңінде қолданыста болған кебеже, қазан сияқты тұрмыстық-этнографиялық тұрғыдағы 7 жәдігер жиналды. «Сарайшық» қаласының маңынан табылған Алтын Орда дәуіріне тән 36 дана металл ақша қорық-мұражайдың қорына тапсырылды. Бұл біз үшін өте құнды жәдігерлер.

Жәдігер және өлкенің тарихы жөнінде мәлімет жинау мақсатында «Өлкетану-2014» экспедициясы ұйымдастырылып, Қарақұм ауылынан қорға 8 жәдігер, Құлжанбай, Ғалымжан деген азаматтар бесік құрал-жабдықтары, XVIII ғасыр құрылысында қолданылған кірпіштер, XIX-XX ғасырларда қолдан тоқылған 3 әр көлемдегі кілемдер өткізді. Өңірде өткен архитектуралық, археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған заттар қорға жәдігер ретінде жинақталды. Мәселен, Келінтам мазарының кірпіштері, Қонысбай медресе-мешітінен диірмен, кептірілген қарын, құран кітап қалдықтары және Сығанақ қаласынан табылған 2 дана құмыра бөлшектері біздің жәдігерлерімізді толықтыра түсті. Жәдігерлерді, жиналған деректерді, атқарған іс-шаралар қорытындыларын сақтап қана қоймай, оны жұртшылыққа көрсету бағытында да жұмыстары алға басып келеді. Негізінде кезекті, кезексіз, тұрақты, аймақтық, облыстық, республикалық 16 көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде Астана, Ақтау қалаларындағы Халықаралық көрмеде Ұлытау жәдігерлері орын алды. Омск және Қарағанды қалаларындағы көрмелер де ерекше болды.

– Редакциялық, баспалық, жарнамалық жұмыстар, мақала, ғылыми және көрмелік тақырыптық кітапшалар шығару, бейнефильмдер мен фото-альбомдар жасау, интернет, телекоммуникация жүйесін қолдану жұмыстары, баспасөз өкілдерімен байланыс жұмыстары сіздерде қалай жолға қойылған?

– Есептік жылда «Ұлылыққа тағзым» кітапшасы, «Терісаққан көктемі» күнтізбесі, «Ұлытау қазынасы» буклеті, «Ұлытау» қорық-мұражайы буклеттері, «Биіктіктің бейнесі» фотоальбомы баспадан басылып шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысының «Айғақ», «Қазақстан-Ақтау», 24-KZ, Қазақстан ұлттық телеарнасы, «Хабар», «Қарағанды», «Дидар» телеарнасына мұражай қызметкерлері сұхбат берді. «Президент телерадиокомпаниясы» телестудиясымен «Ұлытау ұлағаты» деректі фильміне біздің мамандар жүргізушілердің бірі болып қатысты. «Мәлім де, беймәлім Қазақстан» атты арнайы деректі фильміне археология бөлімінің жетекшісі М.Абдикаримов қатысты. Қазақстан ұлттық география қоғамының арнайы «Ұлытау даласының тамаша табиғи, тарихи орындары» жобасына туризм бөлімінің жетекшісі Е.Омаров сұхбат беріп, фильмге түсті. «Қазақфильм» киностудиясы тобына Ұлытау туралы деректі фильм жасауға көмек көрсетілді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.