Тұтынушы құқығы – маңызды фактор

Кез келген тұтынушы өз құқығының сақталуы үшін талпынатыны сөзсіз. Осы орайда медициналық қызмет көрсетуде тұтынушы құқығын қорғау мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті. Отырысқа медициналық, фармацевтикалық қызмет көрсету мамандары, дәріхана және стоматология қауымдастықтары, емдеу-профилактикалық ұйымдар мен отбасылық амбулатория дәрігерлері қатысты.

Сәтбаев қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзинаның айтуынша, өткен жылдың 8 айының қорытындысы бойынша аталмыш салаға қатысты 2632 шағым түскен. Оның ішінде медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі – 32,1 %, дәрі-дәрмектің қымбаттылығы – 20%, медицина мамандарының білімсіздігі – 14,2%, дәрі-дәрмектің тапшылығы 8,5 % құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіш. Мұның ішінде аймағымыздың үлесі жоқ емес.

Жиналыс барысында дәрі-дәрмектердің рецептсіз жіберілуі, білікті мамандардың жетіспеушілігі, жас мамандарды тарту үшін ынталандыру факторларының жоқтығы, материалдық-техникалық базаның нашар жабдықталуы, аурухана ішіндегі жұқпалардың алдын алудағы инфекциялық бақылауды ұйымдастыру және денсаулық сақтау саласының нормативтік-құқықтық актілерінің дұрыс жүргізілмеуі мәселелері жан-жақты талқыға салынды. Медициналық көмекке жеңілдік алу жайы, науқастардың ауруханаға дер кезінде жатқызылуы, тұрғындарды скринингтік тексерістен өткізу, жеңілдігі бар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде уақытылы ақпараттандырылмауы, медициналық көмек көрсету қызметінің сапасыздығы секілді денсаулық сақтау саласындағы тұтынушылар құқығын қорғаудың өзекті мәселелері сөз болды. Мемлекеттік органдар мен тұрғындардың өзара байланыста болуы, тұтынушылар құқығын қорғауды, медициналық көмек көрсету деңгейін жақсарту, медицина саласы қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру жайы да қамтылды.

Басқосуда ойлар ортаға салынып, ұсыныстар қабылданып, тапсырмалар берілді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.