«Мәдениет — мәйекті мәселе»

20150116-11-1Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең. Халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асады. Осындай елеулі істің басында жүрген Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешті әңгімеге тартқан едік.

— Өткен жыл сіздер үшін қалай аяқталды?

— «Өнерлі елдің өресі биік» деген қанатты сөздің астарында өнер адамдарына деген құрмет жатса керек. Мәдениет – ел мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең бас-ты факторлардың бірі. Сондықтан, өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. Жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқан экономика мен мәдениеттің оңды әсері өңірімізге өз жемісін беруде. Өткен жылға өкпе жоқ. Қаламыздың атын әйгілеп, үш дүркін республикалық байқау өткізілді. «Қош келдің, Әз Наурыз!» ақындар айтысы, Ерден Сандыбайұлы атындағы қобызшылар байқауы, көңілді тапқырлар клубтарының сайысы бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі оның әні мен күйінде, жыры мен толғауында екендігін танытып кетті. Мәдениет нысандары жергілікті бюджеттен 223 миллион 924 мың теңгеге, мәдени шаралардың барлығы 25 миллион теңгеге қаржыландырылып, орнымен игерілді.

— Сәтбаев қалалық мәслихатының бесінші шақырылымының 35-ші сессиясында мәдениет нысандарына қатысты аталған мәселелерге тоқталсаңыз. Депутаттық жұмыс тобының ескерулерінен нәтиже шықты ма? Аула клубтарының бүгінгі жай-күйі қандай?

— Мәдениет саласында шешімін таппаған мәйекті мәселелер жетерлік. Мәселен, Орталықтандырылған кітапханаға 2009 жылы «Жол картасы» республикалық бағдарламасы бойынша жөндеу жүргізілген болатын. Кейінгі бес жылда кітапхана ғимаратының сырты құлап, тағы да жөндеуден өткізу қажеттілігі туындауда. Мәдени-сауықтыру орталығына қарасты аула клубтары да ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Қаланың бесінші шағын ауданында екі бірдей балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қатар орналасқандықтан, басқа аудан балалары кітапхана қызметіне зәру. Осыған орай мектептер мен балабақша орналасқан Абай, Комаров көшелерінен, шет жақтағы Ұлытау көшесінен филиал ашу мәселесі туындауда. Қаламызда 9 аула клубы жұмыс істеп тұр. Оның бесеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қала аумағында орналасқан аула клубтарын күтіп ұстау үшін мәдени-сауықтыру орталығы мен «Сәт Тазалық» ЖШС келісім шартқа отырып, сырлау, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Ал, аула клубтарын талапқа сай толық жабдықтау үшін өз балансымызға алу мүмкін болмай тұр. Тұрғындарға тиесілі болғандықтан, ешкімнің меншігіне ала алмай отырмыз. Ал, балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тұрғындармен келісімге келу қиынға соғуда. Аула клубтары әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары үшін ауадай қажет. Оларға тәрбиені қазіргі заман ағымына байланыстыра отырып беруде, тәлімді тәрбиенің жүйесін қалыптастыру арқылы ұлттық намысты оятуда аула клубтарының маңызы зор. Егер ұлттық тәрбие жүргізбесек, жаһанданудың ішінде шаң қауып қалмаймыз ба? Тәрбиелі ұлт өсіруге күш салуымыз керек. Қазіргі жастар өте талантты, білімді. Оларда ой бар, мақсат бар. Ең бастысы осы. Алдағы уақытта осы төңіректе атқарылатын жұмыстар жетерлік.

— «Ел іші өнер кеніші» фестивалі жалғасын таба ма?

— Сәтбаев қаласы әкімінің қолдауымен өткізіліп жатқан фестиваль өз мәресіне ақпан айында жетпек. Қатысатын әлі төрт мекеме бар. Алдағы уақытта аталмыш өнер байқауы басқа формада жалғасын таппақ. Бұл жолы халық арасында көрінбей жүрген жеке шығармашылық иелеріне жол ашылады. Пародия, әзіл-сықақ, баян, домбыра, қобыз секілді ұлттық аспаптарда ойнау, дәстүрлі ән секілді жанрлар бойынша өнерпаздар сынға түспек.

— Биыл қандай ауқымды жобаларды жүзеге асырмақсыздар?

— Алдағы уақытта мәдениет желісін кеңейту, медениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің мәртебесін жоғарылату бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруды жалғастыра бермекпіз. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына байланысты «Жеңімпаз аға ұрпақ аманаты – бейбітшілік» облыстық жас ақындар айтысы, «Ұлы Жеңістің ұлылығы» атты театрландырылған қойылым, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Бізге – 15 жыл» «Дослық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының, «Сатпаевские спиваночки» Т.Шевченко атындағы украин этно-мәдени орталығының шығармашылық кештері өткізіліп, «Қазақ тілі» қоғамының 25 жылдығы аталынып, «Алтыбақан», «Қымызмұрындық» байқауы ұйымдастырылмақ. Біздің бөлімнің үстіміздегі жылы атқарар игі бастамалары мен жобалары ел өміріне ерекше серпіліс беріп, ұлттық құндылықтарды ұйыстыруға ықпал етері сөзсіз. Ендеше, қасиетті өнеріміз бен төл мәдениетіміздің болашағы жарқын болғай!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.