Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын лайықты атап өту мақсатында аймағымызда небір айшықты шаралар қолға алынып жатыр. Сондай бір үлкен іске қаламызбен қоңсылас жатқан Ұлытау ауданы да қызу дайындық үстінде. Нақтырақ айтқанда, Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ұжымы тамаша бір тағылымды іске бастамашы болып отыр. Жуырда редакциямызға қоңырау шалған қорық-мұражайдың ақпараттық байланыс бөлімінің жетекшісі Қайрат Жұмабаев бұл аталмыш бастаманың жай-жапсарын түсіндіріп, қолдау көрсетемін деген азаматтар болса хабарласуын өтінген еді.

– Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын лайықты атап өту мақсатында біздің «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ұжымы өткен жылдың жазынан бастап нақтылы жұмыстарды қолға алған еді. Қорық-мұражайдың басшысы Бақтияр Қожахметов Санкт-Петербург қаласына барып, кешегі қан кешу қасап заманда Ленинградты қорғаған жауынгерлер арасында болған қазақстандық, оның ішінде ұлытаулық жауынгерлер жайлы мағлұматтар, деректер жинап қайтқан еді. 1941 -1945 жылдары Ұлытау ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанып, Ленинградты қорғау кезінде қаза тапқан жерлестеріміз Смағұл Мұңсызбаев, Нұртаза Айдарханов, Тоңсай Уксүкбаев сынды ұлытаулық боздақтардың бүгінгі күні Ленинградта жерленгені мұрағат деректері бойынша толық анықталды. Осы жауынгер аталарымызға арнап Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының бастамасымен Санкт-Петербург қаласында арнайы ескерткіш орнатылмақшы. Егер осы азаматтардың туған-туыстары, жақын бауырлары, танитын адамдары болса «Ұлытау» қорық-мұражайына немесе (871035) 2-13-42; 87057665057 телефондарына хабарласуын өтінеміз, – дейді Қайрат Жұмабаев.

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес. Кешегі от кешіп, оққа кеуделерін тосқан жерлес жауынгерлеріміздің есімін ел есінде осылай қалдыруға ұлытаулықтар белді бекем буып отыр. Бұл – құптарлық іс. Қанаттас жатқан қос қала тұрғындарының дені Ұлытау ауданының тумалары десек, жоғарыда аттары аталған боздақтардың бауырлары, туған-туыстары біздің қаламыздан да табылары сөзсіз. Олардың мұражайға хабарласып, қолдау көрсетеріне сенімдіміз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.