«Қазақ хандығы үлкен ғылым: оны зерттеу мен зерделеудің уақыты келді»

20150123-04-1Биылғы жылы дүйім қазақ елі төрт бірдей атаулы күнді тойламақ. Ұланғайыр атырабы бар ұлтымыздың сан ғасырлық тарихы, ұлы тұлғалары мен қазақ қоғамының бостандыққа жету жолындағы шежіресі де осы жылы шешіліп, өткеніміз сараланатын жыл да осы жыл болып тұр. Олай дейтін себебіміз, Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өткен жылы Астана қаласы активімен кездесуінде сөйлеген сөзінде «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз», деген болатын.

Сарыарқадай сайын даласында құлан жортқан, Алтай мен Атыраудың арасында ұшқан құстың қанаты талған ұланғайыр қазақ жерінде үстемдік құрған Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы жайында әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Осы тақырыптың төңірегінде ой қозғау үшін біз қаламыздағы білімнің қарашаңырағы №27 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жұмағали Құлмановпен сұхбаттасқан едік:

— Жұмағали аға, өзіңіз жақсы білесіз, биыл Елбасының қолдауымен өткен тарихымызға тағзым жасап, ер рухты бабаларымызға құрмет пен қошемет көрсетілетін жыл болып отыр. Тарихшы маман ретінде естіп те жүрген боларсыз, кейбір шетелдік азаматтар «Қазақтың сан ғасырлық төл тарихы жоқ. Олар тек Тәуелсіздік алған тұста ғана тарихының шежіресін жазды» деген пікірлерді айтып жатыр. Алайда, Елбасы оларға қазақтың осал халық еместігін дәлелдеп, Қазақ хандығының негізі осыдан 550 жыл бұрын қаланғанын төрткүл дүниеге паш етті. Бұл орайда қандай ой айтасыз?

— Қазақ тарихы – тамыры тереңнен бастау алатын үлкен тарих.Бұл төңіректе көптеген пікірлердің туындауы да орынды. Соның ішіндегі ең үлкен пікірдің бірі – қазақ мемлекеттігінің негізі күні кеше ғана пайда болды деген сыңаржақ ой. Әрине, бұл шетелдік азаматтардың жалаң пікіріне Елбасы биылғы жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы деп жариялауымен соққы берді деп ойлаймын. Егер де қазақ тарихында ұлы бабаларымыздың есімі жазылмаса, олардың ерлік істері болмаса ұланғайыр атырапты бүгін біз еншілеп отырар ма едік? Қойнауы қазынаға толы қазақ даласын жауға таптатпай, бүгінгі күнге аманаттау сол бабаларымыздың қайсарлығы, өр рухтылығының жемісі. Тарихты нақты түсініп, оның бастауы қайдан, қалай шыққанын білмей тұрып сан-саққа тартатындар көбейді.

— Ұлы ғұлама тарихшы Мырза Мұхамед Хайдар Дулати бабамыз Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылы, яғни 1465-1466 жылдар деп тарихи деректерде көрсетіп кеткен. Осы тұста сол тарихи деректерге шолу жасап, Қазақ хандығының құрылуына қандай фактор негіз болды және Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың істері төңірегінде айта кетсеңіз.

— Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы турасында деректер өте аз кездеседі. Біз қазір басшылыққа алып отырған Мұхамед Хайдар Дулати бабамыздың деректерінің негізінде хандықтың құрылуы 1465 жыл деп отырмыз. Қазақ хандығының пайда болуына қазақ жеріндегі XIV-XV ғасырда болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси үрдістер бастау болды. Сол дәуірдегі Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың молая түсуі бұл мемлекеттердің ыдырауына әкеліп соқты. Арадағы осындай қырқысу, жауласудан зәбір көрген халық Әбілхайыр ұлысынан кетіп, бұқараның көбі Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістанға және Қаратау бөктерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барды. Оны Керей мен Жәнібек басқарды.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды. Ол хандықта 1458-1473 жылдары отырса, 1473-1480 жылдары Қазақ хандығын Жәнібек басқарды. Бұлардың тұсында Жетісу халқы 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы өзара қырқыстың күшеюіне байланысты Керей мен Жәнібекке ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін білдірді. Ал, Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Керей мен Жәнібектің ұлысының күшін арттыра түсті. Сөйтіп, Керей мен Жәнібек құрған мемлекеттің көлемі ұлғайып, басып алған жерлерді жаудан азат етуде бар ынталарымен күресті. Керей мен Жәнібек негізін салған хандықтың заңды мұрагерлері бірінен соң бірі қазақ шекарасын қорғап, үстемік құрудың нәтижесінде Қазақ хандығы өркен жая бастады. Кейбір таққа отырған хандардың дәуірінде құлдырау да болды. Дегенмен, қазақтың ұлы ел болып, өркен жаюында Керей мен Жәнібектің сіңірген еңбегі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды.

— Біз Қазақ хандығының 550 жылдығы дегенді тек той тойлап, оны дүбірлетіп атап өтудің негізінде ғана хандықты дәріптеуден құтылып кете алмасымыз анық. Себебі, бұл тұнып жатқан тарих. Осы ісіміз келер буынның есінде сақталуы үшін қандай ауқымды шаралар жасалуы қажет?

— Өте орынды сұрақ. Осы тойдың барысында қазақтың барлық бітім-болмысы, кешегі тарихта өткен ұлы хандары Керей мен Жәнібектен бөлек, билік басында болған хандардың, билердің, батырлардың, сұлтандардың есімдері дәріптелуі қажет. Қазақ хандығының іргесі қаланған Шу мен Таластан бөлек хандықтың ордасы болған бірнеше шаһарлардың нақты деректері жарыққа шықса деген ой бар. Оның ішінде Абылайды ақ кигізге көтеріп хан сайлаған, үш жүздің басын қосқан Ұлытаудың да алар орны айшықталса нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айта кетерлік дүние, қай кинода болсын қазақ тек жоңғарлармен ғана соғысқанын көрсетеді. Ал, тарихқа үңілер болсақ, біздің ата-бабаларымыз тек жоңғарлармен ғана соғысқан жоқ. Қырғызбен де, өзбекпен де, қытай, орыспен де майдан даласында жүріп, ақ найзаның ұшымен жерін, елін қорғады. Осы тұсын да ескеруіміз дұрыс болар еді. Ал, халықтың ұлттық тарихқа деген құрметі мен ізгі ниетін арттыру шарасын әр аймақ, әр қала өз бетінше ауқымды деңгейде өткізіп, оның маңыздылығы сан ғасыр бойы ұрпақтар айтып жүретіндей істермен есте қалуы керек.

Жұмағали аға, тарихшы ұстаз ретінде мектеп қабырғасындағы қазақ тарихының оқытылуы, оны жастардың санасына сіңіру деңгейі жөнінде сыни көзқарастар айтылып жүр. Бұл орайда Сіздің айтар ойыңыз қандай?

— Сөзімнің басында айтқанымдай, қазақ тарихы бұл үлкен ғылым. Мұны зерттеп-зерделеудің толық негізі аяқталған жоқ. Сондықтан да болар, мектеп оқулығына түскен деректердің аздығы Қазақ хандығы жайлы мағлұматтарды толық меңгертуге мұршасы жетпей отыр. Бұл төңіректе Қазақ хандығының тарихы толық зерттелуі шарт. Сонда ғана хандық дәуірдің толық шежіресі қалыптасады.

— Аға, әңгімеңізге рахмет!

Бұл той ұлттық санаға сілкініс жасап, ұлы бабалар жолын мұрат тұту, «Мәңгілік ел» идеясын ұстанған қазақ елінің болашақта бабалар салған сара жолды негізге алатындығын көрсетсе керек-ті. Ендігі мақсат – бұл тойдан қазақ жастары ұлт рухын сезініп, олардың намыс-жігерін оятатындай әсер алса болғаны!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.