Қауіпсіздік құралдарының маңызы зор

20150123-03-1Үстіміздегі жылдың 7 қаңтарынан бастап елімізде «Жол жүру ережесі туралы» заң жобасы күшіне енгені белгілі. Аталмыш құжаттың қоғамда дау тудырған пункттеріне байланысты Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Бүркіт Мақанов түсініктеме берген еді.

— Жаңа жол жүру ережелерінің «Жолаушыларды тасымалдау» атты 22-пунктіне маңызды өзгерістер енгізілді. Бұдан былай 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы орындықсыз көлік ішінде алып жүруге тыйым салынған. Енді көлік салонында қанша бала отырса, сонша автоорындық болуы шарт.

— Бұл ереженің такси жүргізушілеріне қатысы бар ма?

— Даулы мәселе қоғамдық пікір тудыруда. 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы құралдарсыз тасымалдаған көлік жүргізушілерінің барлығы жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Балаларды тасымалдауға арналған құралдар ретінде автоорындықтарды ғана емес, түрлі белбеулерді де қолдануға болады. Мәселен, 5-6 жасар балғындарға автоорындықтар міндетті түрде қажет болса, жасы үлкен балалар үшін арнайы белбеулер керек. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қала тұрғындары арасында жаңа жол ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық жүргізушімен әңгіме жүргізілді. Қуантарлығы, көлік иелерінің басым бөлігі жаңа ережелермен таныс.

— Заңға бағынбағандардың қалтасы қанша теңгеге қағылмақ?

— Автокөліктің алдыңғы орындығына отыратын балаларға арналған орындықтың болуы міндетті. Ал, артқы орындықтарға арнайы құрылғыларды қолдануға болады. Ережені сақтамаған жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Заңға бағынбағандарға 9260 теңге айыппұл салынады.

— Жол ережесіндегі жаңа өзгерістерден кейін тұрғындар автоорындық іздеуге кірісіп кетті. Бұл құралдардың бағасына тоқтала кетсеңіз.

— Халыққа бағаның қолжетімді болғаны керек. Бұл күнде автоорындық сататын арнайы дүкендердің саудасы қызған. Осы заң күшіне енеді дегеннен бастап бұл тауарларға деген сұраныс арта түсті. Автоорындықтардың ең төменгі құны 17 мыңнан басталып, 120 мың теңгеге дейін жетеді. Қазір сатып алушылардың қатары бірнеше есеге өсе түсті. Өйткені, жұрттың көбі таңмен таласа тұрып балаларын мектепке, балабақшаға апарады. Бәріне автоорындық қажет.

— Құралдардың тиімділігі неде?

— Қауіпсіздік құралдарының маңызы зор. Балаларды көлікпен тасудың қауіпсіздігі артады. Қазір көліксіз адам жоқ. Барлығы өзіміз үшін. Автоорындықты пайдаланудың жол-көлік оқиғасы кезінде жазатайым жағдайдан сақтануға септігі мол.

— Автокөліктегі алғашқы медициналық көмек қобдишасының құрамы туралы да айта кетсеңіз.

— Автокөліктегі алғашқы медициналық көмек қобдишасының жаңа құрамы туралы бұйрық 2015 жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, медициналық қобдишаның жаңа құрамы еуропалық елдердің нормаларына және Ресей мен Беларусь елдерінің автокөліктеріндегі медициналық қобдишаның құрамымен сәйкес. Автокөліктегі алғашқы медициналық көмек қобдишасын жаңадан сатып алу міндетті емес, көлік иелері оның ескісін жаңарта алады. Министрлік мамандарының мәліметінше, медициналық қобдишаны әркім өзі бұйрыққа сай жабдықтауына болады. Естеріңізге сала кетсек, автокөліктегі медициналық қобдишасының жаңа құрамына мына заттар кіреді:

— Сутегі тотығының 3% ерітіндісі (1 флакон);

— Зарарсыздандырылған бинт 5 метр х 10 сантиметр (1 дана);

— Зарарсыздандырылмаған бинт 5 метр х 10 сантиметр (1 дана);

— Зарарсыздандырылмаған бинт 7 метр х 14 сантиметр (1 дана);

– Зарарсыздандырылған медици-налық дәке майлық (1 дана);

— Зарарсыздандырылған таңу пакеті (1 дана);

– Зарарсыздандырылған медицина-лық гигроскопиялық мақта 50 грамм (1 дана);

— Қан тоқтатқыш жгут (1 дана);

— Бактерицидті жапсырма (5 дана);

— Ұшы доғал қайшылар (1 дана).

— Мәжіліс депутаттарының жаңа заңдағы автокресло орнату туралы бабын бір жылға шегеруді сұрағандығы белгілі. Жүргізушілерге айыппұл салу жалғасуда ма?

— Елімізде тіркеуде тұрған 5 миллион көліктің барлығына бірден автокресло орнату мүмкін емес. Оның үстіне жаппай кресло іздеп сандалған жұрт алыпсатарларға жем болуда. Яғни, дүкен сөрелерінде жылдап өтпей тұрған құралдардың бағасы бірден шарықтап шыға келді. Әзірге жүргізушілерге ескерту жұмыстарын жүргізудеміз. Мектеп, балабақшаларда түсіндіру шаралары өтуде. Заң талаптарының өзгеріссіз қалу, қалмауы белгісіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.