Ауқымды іс-шаралар мерекенің шырайын ашпақ

Үстіміздегі жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның ХХІ сессиясында 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Осы атаулы мерекеге орай Ассамблея жылын өткізу Тұжырымдамасы әзірленді. Бейбітшілік пен келісімнің тойын мерекелеу ақпан айының 6 күні салтанатты түрде ашылып, ел көлеміндегі ауқымды шаралар Ассамблеяның 20 жылдығына арналмақ.

Кенді қалада да мерейтойға орайластырып бірнеше мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр. Жүзеге асырылатын ауқымды жұмыстардың барысы жайында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова әңгімелеп берген еді.

– Қазақстан Тәуелсіздік кезеңінде теңдікті, достастық пен бауырмалдықты, ұлт пен ұлыстың ымыра-біршілігін ел тыныштығының кепілі ретінде ұстанып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағытта атқарып отырған рөлі маңызды. Біздің қалада да Ассамблеяның ұстанған бағыт-бағдары жүзеге асып келеді. Оның жүзеге асуына үлес қосып отырған 7 этно-мәдени орталық бар. Олардың әрқайсының келісім мен тұрақтылықты насихаттап, өздерінің салт-дәстүрін, тілін ұстануға толық негіз бар. Ассамблея жылын атап өтуге байланысты жоспарланған іс-шаралардың маңызды дегендеріне тоқталып өтер болсақ, оның бастауы 6 ақпан күні салтанатты түрде ашылып, татар-башқұрт этно-мәдени орталығының 15 жылдығына арналған «Бізге – 15 жыл» концерттік бағдарламасына ұласпақ. Мерекелік тарту ретінде Жезқазған қаласы өнерпаздары өздерінің ән шашуын арнайды деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, авторлық (бард) ән орындаушылар байқауы ұйымдастырылмақ. «Туған жер – алтын бесігім» тақырыбында этно-мәдени орталықтардың мәдени күндері өтпек. Оның ішінде Т.Шевченко атындағы украин этно-мәдени орталығының 15 жылдығы мен «Қазақ тілі» қоғамының 25 жылдығына арналған ауқымды шара қолға алынып отыр. Одан бөлек, білім ошақтары мен колледждерде кітап көрмелері, тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарға еніп отыр.

Жылдың соңына дейін жоспарланған іс-шаралардың мәні мен маңыздылығы ұлттар татулығын насихаттап, мерейлі мерекенің шырайын аша түспек.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.