Ардагер ӘрІнов: «Еңбек ұжымы – кәсіпорынның негізгі тірегі»

20150130-08-1Жезқазған байыту фабрикасы металлургия саласындағы ірі өнеркәсіптер қатарында. Осыдан алпыс жыл бұрын кеңестер одағы бойынша аталмыш кешен құрылысы айтулы оқиғалардың бірі ретінде ойып тұрып орын алды. Ол кезде Жезқазған аймағында өндірілген кен өңдеуден өту үшін Оралға жіберілетін. Көп ұзамай жаңа шахталардың ашылуы бұл процесті өзімізде іске асыруға мүмкіндік туғызды. 1954 жылдың желтоқсанында Жезқазған байыту фабрикасында алғашқы кен өңдеуден өтті. Уақыт талабы мен асқан қажеттіліктен кейін барып дүниеге келген фабрика бүгінде кен байытудың жаңа әдісін қолданған жоғарғы технологияға ие кәсіпорынға айналды.

Мерейтой қарсаңында оның тыныс-тіршілігі туралы кәсіпорын директоры Ардагер Әріновпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Кәсіпорынның негізгі тірегі – еңбек ұжымы. Тәжірибелі, ұйымшыл ұжымда 2300 адам еңбек көрігін қыздыруда. Өткен жылы 140 маман жұмысқа қабылданды. Олардың арасында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Сәтбаев технологиялық колледжінің түлектері бар. Жаңадан келгендер біліктілік көтеру курстарына жіберіліп, қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша білімін жетілдіреді. Жас мамандардың жанына арнайы жетекшілер бекітілген. Бізде ата-әкелерінің жолын жалғастырған байытушылар әулеттері жетерлік. Солардың қатарында Классендер, Зайцевтар, Қалқановтар, Жанайдаровтар, Черновтар бар. Қазіргі кезде жоғары деңгейлі техникалық мамандар көп емес. Сондықтан, кеңестік оқу орындарында техникалық білім алғандардың тәжірибесіне сүйенуге тура келеді. Олардың көмегімен біз жастарды үйрете аламыз. Болашақта заманауи техникалардың құлағында ойнайтын кадрлар қалыптасады деген ойдамын.

– Ардагер Қуандықұлы, өткен жылды қандай өндірістік көрсеткіштермен аяқтадыңыздар? Алдағы жоспарлармен таныстыра отырсаңыз.

– Жезқазған байыту фабрикасы соңғы жылдары тұрақты жұмыс істеп тұр. Жоспарды орындауда да кемшін түсіп жатқан тұстары жоқ. Биылғы жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Концентратты мыс алуда жылдық жоспарды желтоқсан айының ортасында орындап қойдық. Мыс кенін өңдеу көлемі бойынша жылына 25 млн. тоннаны құрайды. Жобалық қуаты 22 млн. 130 тонна. Қазақмыстың инвестициялық бағдарламасына сәйкес жаңа қондырғыларға қол жеткіздік. Ұнтақтау, насосты парктерді, ескірген флотомашиналарды жаңарту мақсатында 3 жылға арналған жаңа жоба жүзеге асырылуда. Қайта құрылымдау жұмыстарына 127 млн. доллар бөлінді. Жаңа флотомашиналар қазіргі кезде пульпаларды қажетті деңгейде араластыруды қамтамасыз етеді. Жобаның мақсаты мен міндеті — Жезқазған фабрикасы өндірісін қалпына келтіру, концентратты мыс шығару жоспарын ойдағыдай орындау. Қайта құрылымдау жұмыстары аяқталғаннан кейін фабриканың жаңа кезеңі басталмақ. Модернизация өндірістік көрсеткіштерді арттырып қана қоймай, еңбек жағдайын да жақсартады.

– Сәтбаев қаласы аумағында орналасқан №3 байыту фабрикасының жайы қалай?

– №3 байыту фабрикасының 2013 жылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге тоқтатылғаны белгілі. Мердігер ұйымдардың қызметкерлерін қосқанда жеті жүздей адам Жезқазған байыту фабрикасына уақытша жұмыс істеуге ауыстырылды. Қайта құрылымдау жұмыстары ескі жабдықтарды бөлшектеп бұзу мен цехтарды кең көлемді күрделі жөндеуге дайындаудан басталды. №22 диірмен мен классификатордағы жұмыстар табысты аяқталды. №11 диірмен, үш флотациялау машинасы жөндеуден өтіп, барабан мен бүйіріндегі қақпақшалар айырбасталды. №7 конвейердің таспасы жаңартылды. Екі флотациялау машинасы бөлшектеп бұзылды. Құрылыс және монтаждау жұмыстары жасалып, кәсіпорынның ескірген жабдықтарының орнына жаңалары жеткізілді. Флотациялау машинасының 40 камерасы мен диірмен барабаны алынды. Аталмыш жөндеу жұмыстары жарты жылдан кейін аяқталып, фабриканың екінші тынысы ашылмақ.

– Қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау талаптарының сақталу барысына тоқталсаңыз.

– «Қазақмыс» корпорациясында қауіпсіздікке арналған бірнеше жобалар бар. «Өмір» жобасының «Мінез-құлық аудиті» – осының бір айқын дәлелі. Бағдарламаның мақсаты – жұмысшының жұмыс орнындағы қауіпсіздікке деген көзқарасын өзгерту, түсінігін кеңейту. Аудитор әр жұмысшының қимыл-қозғалысын бақылауда ұстай отырып баға береді. Ал, кәсіпорындағы модернизациялаудың басты көрсеткіштерінің бірі — жаңа жабдықтардың өндіріс стандарты мен қауіпсіздік техникасы талаптарымен сәйкестігі. Бізде арнайы жүйе туралы, корпорация стандарттары, қауіпсіздік ережесі турасында сабақтар өткізіледі. Онда қауіпсіздіктің бес қадамы мен он кардиналды ережесі туралы да сұрақтар қамтылған.

– Жағымды еңбек қатынасы қалыптасқан ұжымдағы береке-бірліктің сыры неде?

– Біріншіден, бұл табыс мөлшеріне де байланысты шығар. Орташа жалақы 105-107 мың теңгені құрайды. Дұрыс жұмыс істесең одан да көп табуға болады. Сонымен қатар, бір-біріне деген сенім, қолдау білдіру, жетекшілерге бағыну, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету деген қарапайым адами қағидалар қалыптасқан. Жаңадан келгендерге де осыны сіңіруге тырысамыз. Жұмысшылармен ұдайы кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Жетекші мамандар жұмысшылармен ортақ тіл табысуға тырысады. Жағымды жұмыс жағдайын қалыптастыру – басты міндет.

– Ардагер Қуандықұлы, байыту фабрикасының ұзақ жылдар бойы ырғақты жұмыс істеп тұруына кен байыту өндірісінің тарихында аттары қалған ардагерлердің қосқан үлесі зор. Жезқазған байыту фабрикасының алғашқы жетекшілері туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Осы уақыт ішінде еңбек ұжымы небір ауыр жолдардан, қиын кезеңдерден өтті. Биік белестерді бағындырып, асулардан асты. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарысқа да төтеп берді. Жаңа байыту фабрикасының іргетасы қаланып жатқан сол жылдардың ардагер-құрылысшылар үшін де маңызы зор. Олар еңбектегі жетістіктері мен ерліктері, шыдамдылықтары бен түсінушіліктері арқасында кәсіпорын ғимаратының бой көтеруіне ықпал етті. Мен кәсіпорын тарихындағы он төртінші басшымын. Байыту фабрикасы тарихының бастауында Израиль Герцогович Меклер тұрды. Кейіннен оны Леонид Александрович Ларионов ауыстырды. Одан кейін Иван Васильевич Кондратенко, Александр Тихонович Мирошник, Илья Абрамович Литинский, Анатолий Ефимович Аврахов, Николай Иванович Салабаев, Күсенов Қабжан Күсенұлы, Ибраев Сәбит Ягудинович, Виктор Александрович Цветков, Владимир Николаевич Гущин, Айбеков Нұрмұхамбет Жанбекұлы, Нұрымов Сламбек Мұсаұлы абыройлы қызмет етті.

Міне, алпыс жылдан асты жезқазғандық байытушылар кәсібиліктері мен жауапкершіліктерін алға тарта отырып, өнімді еңбек етуде. Технологиялық жетістіктер жаңа мақсаттарға жетелеп, болашаққа міндеттер жүктегенімен байыту саласының іргетасы осы ардагерлердің, алғашқы басшылардың тәжірибесі арқылы қаланды. Сондықтан, «Қазақмыс» корпорациясы өндірістік нәтижеде тұрақтылық танытып, әлемдегі ірі мыс өндіруші компания ретінде қалып отыр.

– Байыту фабрикасының мерейтойы 2014 жылы аталып өтуі керек еді. Кейінге қалдырылуының себебі неде?

– Бұл рас. Кәсіпорын алпыс жасқа өткен жылы толып қойды. Негізінде былтырғы жылдың желтоқсан айына жоспарлап қойғанбыз. Әйтсе де, мерейтойды кейінге шегерудің салмақты себептері бар. Атаулы күн болғандықтан, жақсылап дайындалуды ұйғардық. Өндіріске еңбегі сіңген төрт байытушыға жеңіл автокөліктің кілті тапсырылады. Екі жүзге жуық жұмысшыны бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Сонымен қатар, кәсіпорын жұмысшылары қомақты сыйақыға ие болды.

Өткен жыл оңай болған жоқ. Кейбір қайта құру шешімдерінің ауыр болғандығы айқын. Бұған қарамастан біз басты принциптен – ұжымдық мәселерден ауытқымауға тырыстық. Кәсіпорындағы маңызды ресурс, табыс көзі – адамдар болып табылады. Алда жауапты жұмыстар күтіп тұр. Уақыт бізден шешімді әркеттерді талап етеді. Өз тәжірибеме сүйене отырып, барлық табыстың біріккен еңбектің арқасында келетіндігін атап айтқым келеді. Ортақ іске жұмыла үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Алға қойылған міндеттердің орындалатыны сөзсіз. Қиыншылақтарға қарамастан өздеріңіз бен отбасыларыңызды сақтаңыздар дей келе, әріптестерімді, барлық байытушыларды мерейлі күнмен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, толағай табыстар тілеймін!

– Әңгімеңізге көп рахмет! Ел игілігі үшін жасаған еңбектеріңіз жана берсін!

Мейрамгүл Саяжанқызы. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.