Жемісті еңбек жігерлендіреді

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, өткен сәрсенбі күні  Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар тұрғындар алдында есеп берді. Әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар барысы жайында пікір алмасу, өзекті мәселелерді шешу, 2014 жылдың нәтижелері мен 2015 жылға арналған міндет-жоспарлармен бөлісу мақсатындағы кездесуге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук және Ақсақалдар алқасының мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.

20150123-13-1

– Халық пен билік арасындағы ашық әңгіме алаңында өткен жылдың қорытындысы шығарылып, келелі мәселелер анықталады. Басымдық берілетін міндеттерді нақтылап, оны шешу жолдарын қарастырамыз. Елбасымыз өткен жылы өңірімізге арнайы сапарында Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралін іске қосып, қасиетті Ұлытау төрінде сұхбат берді. Тамыз айында Қарағанды облысына жасаған сапары барысында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған тапсырмалар берді. Біз бүгін шағын қалаларды, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған тапсырмалар бойынша жұмыс жүргізудеміз, – деп атап айтты Әнуар Омар.

– Қала шағын. Атқарылған жұмыстар көз алдарыңызда. Нәтижелі жұмыстардың жемісі бізді жігерлендіре түседі. Аяғына дейін жетпегені бар екендігін мойындаймыз. Оның объективті және субъективті себептерін талқылай отырып, жеткізбекпін, – деген қала басшысы солардың бірнешеуіне тоқталды. Мәселен, өнеркәсіп және шағын кәсіпкерлікті дамытуда 2014 жылы өнеркәсіп өнімінің күтілетін көлемі қала бойынша 7 млрд. 317,9 млн. теңгені құрады. АКИ 74 пайызды, негізгі капиталға инвестиция 16 млрд. 283,7млн. теңгені құрауы Жезқазған мыс зауыты мен №3 байыту фабрикасының қайта құрылымдауға уақытша тоқтауына байланысты түсіндірілді. Аймақты дамытудың кешенді жоспарындағы «Индустралды-инновациялық даму» бойынша Сәтбаев қаласында суармалы егіншілік ұйымдастыру мақсатында Жартас карьерінен қашықтығы 7 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту көзделуде. Жалпы құны 735 млн. теңгені құрайтын жоба 2015-2016 жылдары жүзеге асырылмақ.

– Сәтбаев қаласын бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі зерттедік. Қалаға келіп тұрған жылдық тұтынушылық қордың 10 пайыздан артығын ғана өзіміз өндіреді екенбіз. Қалғаны сырттан әкелінеді. Сондықтан, осы 700 гектар жерді бақша өнімдеріне ыңғайлап, инфрақұрылымдарды апарып, су жеткізіп, көкөністер өсіруге мүмкіндік туғызбақпыз. Қаланың ынта білдірген азаматтары жобаны қолға алып, жұмысты жалғастыратын болады, – деді қала әкімі өз сөзінде.

Аса маңызды «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» бойынша Кеңгір су қоймасынан келетін ауыз суды тазартуға арналған тазарту қондырғысының құрылысына 1 млрд. 162 млн. теңге қарастырылған. Бүгінгі күні жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 10 млн. теңге бөлінген. Жезқазған мен Сәтбаев қаласы ортасында орналасқан Кеңгір су қоймасына 319 млн. текше метр су жиналады деп жоспарланған. Бірақ, әр жылдағы су қоры әртүрлі. Осыдан қаламызға беріліп отырған судың тазалығын сақтау үшін аталмыш кешен салынып, Кеңгірден келетін су қоры тазаланатын болады.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға облыстық бюджет есебінен 172 млн. теңге бөлінді. Осы қаражатқа ауданы 2182 ш.м. Комаров көшесі 9 Б тұрғын үй сатып алынып, оның басым бөлігі «Көші-қон» бағдарламасы бойынша, ал, 29 пәтер үй кезегіндегі тұрғындарға берілді.

Су және кәріз құбырларына қатысты да жағымды жаңалықтар жоқ емес. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2014 жылы 2 кезектегі Батыс ауданының су және кәріз құбырлары құрылысына республикалық және облыстық бюджет тарапынан 148 млн. 748,0 мың теңге бөлінді. Әбдіров, Сарыарқа, Оразбаев, Кентаев, Жанпейісов көшелеріне жалпы ұзындығы 911 қ.м., Әбдіров көшесіне 534 қ.м. су құбырын жүргізу жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарлануда.

– Коммуналдық базарға қатысты қала тұрғындарының өтініш, шағымдарын естідім. Бұрын Сәтбаев пен Шаталюк көшелерінің қиылысына таяу жерде өткізілетін жәрмеңкені қала орталығына қарай ыңғайлы жерде орналастыруды өтінгеннен кейін жеке бір жердің иесімен келісе отырып, «Тұрар» базарына жақын жерге көшірдік. Бір жерден екінші жерге көшкенде өзіндік кедергілер болады. Бұл мәселенің бар екендігін білеміз. Алдағы уақытта оны шешу бағытында жұмыс жасамақпыз, – деді қала әкімі.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және қаланы абаттандыру» бағытында жергілікті атқарушы органдардың жұмысы 2015 жылы да жалғасын таппақ. Жеңіс саябағында «Тағзым» мемориалдық кешенін, балаларға арналған ойын кешенін салу секілді тағы басқа жұмыстар жоспарланған. Қалада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған табиғи саябақ бар. Бұған қоса, тыл, Ауған соғысы, Чернобыль апатының құрбандарына және бейбіт өмірде қаза тапқан полиция қызметкерлерін, өрт сөндірушілерді құрметтеуге арналған төрт жаңа қосымша ескерткіш белгілер орнатылмақ.

Кездесуде соңғы уақытта жастар арасында деструктивтік діни ағымдар идеологиясының тарауы мәселесіне баса назар аударылды. Алдын алу шараларын жүргізу мақсатындағы «Діни сенім сұрақтары жөніндегі орталық» құрылып, ауқымды шаруалардың шалғайы қайырылуда. Ересектерді айтпағанның өзінде қала мектептерінде 92 оқушының түрлі діни ағымдарға бой алдырғандығы белгілі болды. Оның 16-ы Ислам дінінен тараған жат ағымдарға барған болса, қалғандары басқа Агноиты, Адамиты, Акефалы, Альбигойцы, Вечное евангелие секілді секталарды жағалаған. Сәтбаев қаласында 419 жат радикалды ағымға бой алдырған ересектердің үш жүзге жуығы туралы деректер жинақталып, жүйелі жоспарланған жұмыстар жүргізілуде.

– Осы ретте тұрғындардың көмегі аса қажет. Сәтбаев қаласында жетпіс мыңнан аса тұрғын бар. Ересек тұрғындар саны отыз жеті мыңды құрайды. Осы отыз жеті мың тұрғынның бес жүз адамға деген ықпалын көре алмай отырмыз. Бұл мәселеде алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасауымыз қажет. Өткен жылғы есепте қала бойынша «Кемшіліктер картасын» жасаймыз деген бастама көтерген болатынбыз. «Кемшіліктер картасы» жасалды. Экономикалық дағдарысқа байланысты оны жылдарға, кезеңдерге бөліп, нақты атқарылатын уақытын белгілеп, қаржы бөлу барысында өзгерістер енгізу мәселесі туындап отыр. Республикалық бюджеттегі түзетулерден, облыстық бюджеттегі толықтырулардан, қалалық мәслихат сессиясында өз бюджетіміз толық нақтылағаннан кейін осы құжатқа қайта оралатын боламыз, – деп атап айтты Әнуар Омар.

Есеп беруге дайындық барысында қала көшелеріне сұрақтарға арналған арнайы жәшіктер қойылған болатын. Бірінші осы сұрақтарға жауап берілді. Мәселен, балалар ойнайтын алаңның жоқтығын сұрап хат жазған Сәтбаев даңғылы 142, 148, 146 үй тұрғындарына жағдай нақтыланғаннан кейін биылғы жылға жоспарланған бес алаңның біреуі орнатылмақ. Осы мәселеде барлық аулаға балалар алаңын салудың тиімсіздігі, жақын маңдағы ойын алаңдарын пайдалану қажеттігі айтылды. Жыл сайын салынатын он ауланың саны бүгінде беске кеміген. Себебі, ойын алаңдарының күтіміне, сақталуына бюджеттен жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінуде.

Сонымен қатар, көлік санының арта түсуіне байланысты аулалардың тарылып кеткендігі, көшелердің дұрыс жарықтандырылмауы, көп қабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен шатыры, тұрғындардың мазасын алған жертөлелердегі ойын залдары секілді мәселелер ортаға салынды. Тұрғындардың бір жылдық жұмысына берген бағасына алғысын білдірген қала басшысы атқарушы биліктің атына айтылған сын-ескертпелердің қатаң бақылауға алынып, аталмыш сұрақтардың жауабын БАҚ арқылы беретіндігін жеткізді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер Бағдат Қазкеновтікі.

Комментарии закрыты.