Өз еркімен соғысқа аттанған

Солардың бірі – Нияз Калимов ақсақал. Бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған қарияның өмір жолы мен майдан даласындағы ерлік істерін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында әңгіменің арқауына айналдырдық. Он тоғыз жасында майдан шебіне аттанған сол кездегі бозбала жауынгерлік жорықтары жайлы былай деп еске алады:

20150130-01-1

– Мен 1922 жылы Ұлытау ауданы Қаракеңгір ауылының Махат көңінде өмірге келіппін. Балалық шағымыз қиыншылық пен жоқшылықта өтті. Әлі есімде, қазақты қынадай қырған 1932 жылғы ашаршылықта бір үзім нан тауып жеудің өзі қиямет қайымға айналды. Халықтың апшысын қуырған ашаршылықтың зардабы сейілмей жатып, «Кеңес Одағының шекарасына жау шапты» деген суыт хабар қазақ жерінің түкпір-түкпірін шарлап кетті. Ауылдағы жас жігіттердің алғашқы легі соғысқа алына бастады. Сол кездегі жастықтың жалыны болды ма, мен де соғысқа өз еркіммен баруға бел шешіп, жергілікті әскери комиссариатқа тіркелдім. 1941 жылдың желтоқсанында көп жігіттермен бірге мен де Отан қорғауға аттандым. Бізді ІІ Украина майданы 42 гвардиялық дивизиясына қосты. Бұрынғы тіс қаққан жауынгерлердің соғыстағы әдіс-тәсілдерін меңгеріп, 1942 жылы майдан шебіне кірдім. Харьков, Житомир қалаларын неміс басқыншыларынан азат еттік. Украина даласына бекініп алған фашистік топтың көзін жою оңайға түспеді. Екі қаладағы жаудың шебін бұзып өтіп, Днепрге жеттік. Мұндағы ормандар жаудың нағыз ордасы екен. Орман ішіндегі шайқаста да біздің 84 полктің сарбаздары ерлік көрсетті. Еріксіз еске аламын, әлі күнге дейін көз алдымда, өз қолыммен немістің 5 басқыншысын өлтіріп, 5-еуін тұтқындап, тапсырдым. Сол жылы осы ерлігім үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым. Бұл соғыста ІІ Украина майданының жауынгерлері ерліктері үшін жоғарғы қолбасшылардың марапаттауларына ұсынылып жатты. Ерін, жерін қорғаймын деп қыршынынан қиылған замандас достар да сол майдан даласында топырақ құшты. Кейін біздің 84 полкті І Украина майданына қосты. Бұл құрамда да жүріп, шағын деревнялардағы жаудың ордасын бұздық. Арада көп ұзамай Ульянов облысындағы әскери училищеге оқуға түсіп, кіші лейтенант атағын алып шықтым. Одан кейін Ленинградтағы әскери академияға оқуға бардым. Осында оқып жүргенімде «Кеңес Одағының өр рухты, намысқой ерлері Германияның сағын сындырып, Жеңістің туын желбіретті» деген зор қуанышты хабарды естіп, көзімізге жас алдық. Әрине, қуаныштан. Сол сұрапыл соғыстағы жауынгерлердің ерен ерлігі 1945 жылдың 9 мамырында үлкен шерумен аталып өтті. Елге 1946 жылы оралдым. Ол кезде Қарсақбай мыс қорыту зауытының атағы Одақ көлеміне тарап, жұмысы жалындап тұрған сәт болатын. Майданнан келісімен зауытқа инспектор болып орналастым. 1947 жылы жолдамамен Рудникке келіп, Шығыс Жезқазған кенішіне орналастым. Шахтаның астына түсіп, жеті қат жер астынан кен қопардық. Қазіргідей техниканың емес, қолдың күшімен істелетін ол кезде барлық жұмыс. Осы кеніште табан аудармастан 42 жыл еңбек еттім. Отанды қорғап, оған адал еңбек ету құрмет пен даңққа бөлейді. Біз зұлмат соғыстың отын өшіріп, балаларымызға бейбіт өмір сыйлағанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Аталар ерлігімен орнаған тыныштық заманның бағасын кейінгі буын жете түсіне білсе, – дейді қарт майдангер.

Отан үшін жан беруге барған Нияз Калимов соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендері мен маршал Жуковтың, «Ерен ерлігі үшін» және көптеген медальдармен марапатталды.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде ақсақал жемісті еңбектері үшін екі мәрте Құрметті кенші атағын иеленді. Бәйбішесі Ұлжамал апай соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді.

Елге ентелеп кірген жауға бетпе-бет келіп, ерліктің өшпес өрнегін салған сүйегі асыл аталарымыздың қатары сиреп барады. Біз асыл қазынаға теңейтін осы қарттарымызды көзі тірісінде алақанға салып, аялай білсек – олардың ұрпақ үшін жасаған ерлік істеріне деген зор құрметіміз болар еді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.