Қысқы спортың қалай, қала?

20150206-06-1Спартакиадаға қызу әзірленуде

Жалғыз біздің қалада ғана емес, жалпы Қазақстанда қысқы спорт түрлері кенже дамыған десек болады. Оған спорттың осы түрінен өтетін түрлі деңгейлердегі жарыстар куә. Шаңғы тебуден, конькимен жарысудан, тіпті көпсайыстың өзінен біздің спортшыларымыздың бағы жанбай-ақ қойды. Бұған себеп не? Кез келген спорттың үйірмелерден басталатынындай, бұл спорттың да осы төменгі сатысы дамымай жатыр ма? Жалпы, қысқы спортқа қысым қай жағынан түсіп тұр деген сауалдарды біз Зухрап бауырымыздың алдына көлденеңінен тарттық.

– Сіз айтқандай таза ақсап жатқан жеріміз жоқ. Қайта, қалада қысқы спортқа деген елдің ықыласы артып келеді. Біздің негізгі міндетіміз – спорттың бұқаралығын арттыру. Соған сай ел қатарлы жоспарлы жұмыс жасап жатырмыз. Орайы келгенде айта кетейін, елімізде ұйымдастырылған Азия ойындарынан кейін мәнерлеп сырғанау мен конькиге қызығушылық танытушылар аз емес. Оған тағы бір себеп, өзге аймақтардағыдай емес, біздің қаламызда арнайы спорттық-сауықтыру кешенінің болуы. Қала жастары да, спортқа қызығушылық танытқан тұрғындар да осы кешенге келіп, коньки теуіп, өзге де спорт түрлерімен шұғылдануларына мүмкіндіктері зор, – деп ағынан жарылған Зухрап біраз әңгіменің тиегін ағытты.

– Кеншілер қаласында қысқы спорт түрлерін дамыту үшін жыл сайын желтоқсан айында 14 кортта мұз айдындары құйылады. Бұл корттар шаһардағы жалпы білім беру мекемелерінің спорт алаңдары мен аула клубтарының жанында орналасқан. Егер балалардың өздерінің конькилері болса осы жерлерде тегін сырғанай алады. Мұның сыртында спорттық-сауықтыру кешеніндегі мұз айдынына келіп те сырғанақ тебулеріне болады. Тек мұнда коньки де, мұз айдынына кіру де ақылы. Көпшілік оған қарап жатқан жоқ. Қалаған уақыттарыңда мұз айдынына келіп, өздерінің бос уақыттарын қызықты өткізуде. Мұнда, аяғына конькиді алғаш байлаған жандар мен өз бетінше сырғанау білетіндерге дейін арнайы жаттықтырушылар жәрдемдесіп, үйретеді, – дейді Зухрап Даумбаев.

Спорт секторы меңгерушісінің айтуынша, қалада қазір облыста өтетін қысқы спартакиадаға қызу әзірлік жүріп жатыр екен. Он екінші рет өткізіліп отырған бұл облыстық дода биыл 19-21 ақпан аралығында Қарағанды қаласында өтетін көрінеді. Оған облысымыздың барлық қалалары мен аудандарынан жүздеген спортшылар қатыстырылмақ.

– Қысқы спартакиада жылдағы дәстүр бойынша шаңғыдан, допты хоккейден, конькимен жүгіруден және президенттік көпсайыс түрлерінен өткізіледі. Оған жас ерекшеліктері әр түрлі отыздан астам спортшы барады. Бүгінгі күні осы байрақты бәсекеге баратын үміткерлер іріктелуде.

ШаҺарда шайбалы хоккейден арнайы командамыз болғанымен, допты хоккей кенже қалып отыр. Әйтсе де біз қалада спорттың осы түріне бейімі барлардың арасында командалар жасақтап, арнайы біріншілік өткізіп, мықтылардан құрама команда жасақтап жатырмыз. Қазірдің өзінде осындай үш-төрт кездесу өтті. Енді бірер күннен кейін шаңғышылар арасында осындай іріктеу жарысы өтетін болады. Конькимен жүгірушілер мен президенттік көпсайысқа қатысушылар арасында да іріктеу жарыстары өткізілмек.

Орайы келгенде айта кетейін, өткен жылы біздің спортшыларымыз қысқы спартакиадада командалық қорытынды бойынша үшінші орынды иемденген болатын. Биылғы межеміз – осы үштіктен көріну, – дейді Зухрап Жұмабекұлы.

 

База бар, жаттықтырушы жоқ

Біз спорт секторының меңгерушісіне қысқы спортты қалай дамытуға болады деген сұрақты да қойдық. Оның айтуынша, қалада база бар. Бірақ, жаттықтырушы жоқ. Гәп осында.

– Әріге бармай-ақ, өзімнен бастайыншы. Мен қаланың спорт бөліміне жетекшілік етіп отырмын. Бірақ, мұнда менен басқа арнайы маман жоқ. Қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасыловаға рахмет, бір маманды маған көмекшілікке берді. Ол бірыңғай іс қағаздарымен, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Ал, спортқа жетекшілік етерлік нұсқаушылар жоқ. Сол сияқты, қысқы спорт түрлерінен жаттықтыратын бапкерлер де қалада жетіспейді. Олар жоқтың қасы. Спорттық-сауықтыру кешеніндегі мамандар өз жұмыстарына әзер уақыт табады. Қосымша жұмыс істеу мүмкін емес. Бізге нұсқаушы-жаттықтырушы болып келуге айлықты азсынады. Соның салдарынан спорттың бұл түрі кенже қалып отыр. Егер мүмкіндік болып, мамандар табылып жатса, біз олармен бірігіп жұмыс істеуге әзірміз.

Негізінен, біздің жұмыс спорттың бұқаралығын арттыруға негізделген. Ал, арнайы спорт мектептері белгілі бір бағыт бойынша жұмыс істейді. Мысалы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шектеулі шеңбері бар. Оған қысқы спорт түрлері кірмейді. Жаттықтырушылары да белгілі бір үйірмеге ғана сай дәріс береді. Ал, қысқы спортпен айналысудың бірден бір жолы – аула клубтары. Бірақ, оларда да арнайы маман-жаттықтырушылар жоқ. Бары конькиді қалай байлап, шаңғымен қалай сырғанауды үйретуден әріге бармайды. Сонда да болса біз тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Мектептерді конькимен, шаңғымен мейлінше қамтамасыз еттік. Қала басшылары бұл тұрғыдан еш сараңдық танытып отырған жоқ. Керек-жарақтарды алуға тиісінше қаржы бөлуде. Тіпті, облыстық, республикалық деңгейдегі қысқы спартакиадаларға баратын командаларға біркелкі спорттық киімдер, допты хоккейдің құралдарын алып берді. Ол жағынан еш кемдігіміз жоқ. Бар гәп жаттықтырушы маманда болып тұр, – дейді спорт секторының меңгерушісі.

 

Аула клубтарында алаңдаушылық бар

Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт секторы меңгерушісімен әңгімеден соң біз атбасын аула клубтарына жетекшілік жасап отырған қалалық мәдени сауықтыру спорт бөліміне бұрдық. Осы бөлімнің басшысы Гүлбахыт Байдүйсеновамен болған әңгімеден аңғарғанымыз, аула клубтарында алаңдаушылық бар сияқты. Өйткені, келер жылдан бастап орталық бәсекелестік ортаға беріліп, аула клубтары қарымдылардың қарамағына өтетін болса керек. Ал, бұл белгілі бір жетекшінің жоспарымен жұмыс істеп үйренген ұйымға оңай тимейтіні белгілі. Солай екен деп аула клубтарының жұмысын ақсатып қоюға да болмас. Кім біледі, ұтқыр ұйымдастыра білетін жан аула клубтарын тығырықтан алып та шығар.

Бұл нені меңзеп отыр дейтін шығар оқырман. Ашып айтайын, аула клубтарының жұмысы ауқымды деп айтуға келмейтіндей. Мұндағылар бірлі-жарымды үйірмелердің жұмысымен ғана шектеліп қалған. Мәселен, қол өнері, спорттың белгілі бір түрлері ғана. Бір өкініштісі, сол санаулы спорт түрлерінің қатарынан бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған қысқы спорт түрлері тағы қалыс қалып отыр. Бұрнағы жылдары аулалардағы корттарға мұз айдыны жасалатын. Соңғы кезде бұл жұмыстар салғырттанып барады. Оған мамандар ауа райының қолайсыздығын алға тартады.

– Мұз айдынын жасау бізде желтоқсан айынан басталады. Бірақ, биыл қыс жылы болып, мұз қатыруға мұрша бермеді. Ал, коньки мен шаңғыға келсек, қазір «Сарыарқа» аула клубында азғана шаңғы мен коньки бар. Қаражат соған ғана жетіп отыр, – дейді мәдени сауықтыру спорт орталығының жетекшісі Гүлбахыт Байдүйсенова.

Қара күздің соңын ала жауған жаңбыр қарға ұласып, оның аяғы көктайғақ болғанын ел жақсы біледі. Бір еріп, бір қатқан қар да аяқ басып жүргізбей қойды. Айнала көкайна мұзға айналғанда кортта мұз қатпады дегенге сену қиын.

Ал, соңғы кездері құйылған су кедір-бұдыр. Оны тегістеп жатқан тағы бір жанды көрмедік. Соған қарап, аула клубтарына басшылықты бәсекелестік ортаға берген де жөн бе деп қаласыз. Бұлай деуімізге спорт секторы меңгерушісінің де сөзі себеп болып отыр. Ол әңгімесінде «Мұз айдынын жасауға су жіберетін шланг та жетіспейді. Корттар кезек күтіп қалады», деген еді. Басқасын былай қойғанда, шланг алуға қауқары жоқ орталықтың қайыры да шамалы емес пе. Әрине, оны құзырлы орындар өздері ойластыра жатар.

 

Түймедей түйін

Бірді айтып, бірге кетіп қалып жатамыз кейде. Қысқы спортты дамытуға бірден бір ықпал ететін жер осы аула клубтары десек, оның жұмыс жоспарында да осы сала болғаны жөн. Қазір оған аздап бет бұра бастаған сыңай байқалады. Әлгінде сөз еткен «Сарыарқа» аула клубында коньки жалға беріліп, шаңғы тебуге де мүмкіндік жасалған. Бірақ, сол жұмыстардың өзі көңіл көншірлік емес. Аула клубының спорт нұсқаушысы Талғат Жанұзақовтың айтуынша, шаңғы тепкісі келген балаларға корт маңынан арнайы трасса жасалмақ. Бұл аймақта бір шәйнек су боларлық қар жоқтығын ескерсек, жұмыстың әшейін жоспар үшін жасалғанын түсіну қиын емес.

Ал, балаларды қаланың сыртына алып шығып, шаңғымен сырғанатуға жаттықтырушы жауапкершіліктен қашады. Онысы да дұрыс шығар. Бүгінде ата-аналар болмашыға дау көтеретін болып алды ғой. Бірақ, солай екен деп, балаларға қара тақыр мен көк мұзда шаңғы тептіру де еш қисынға сыймайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, қысқы спорт тек жүлде алып, жеңіске жету үшін ғана емес, жұртшылықтың бос уақытын тиімді өткізуге де үлкен ықпал ететінін ескерген жөн. Бұрынырақта орталық алаңда мұз айдыны жасалып, балалар мәре-сәре болып еді. Мамандар бүгінгі мұз ертең су болып, асфальттың сапасын төмендететінін айтып, тиым салса керек. Бұл тығырық емес. Одан шығар жол көп, соның бірі әлгінде өзіміз сөз еткен корттар. Ендеше, соның жұмысын жандандырып, жұмысқа ден қойған жөн.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.