Заңсыз тіркеу жарға жығады

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар заң актілеріне өзгерістер енгізілгені мәлім. Сондай өзгерістердің бірі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілді. Бұл, әсіресе, елімізде тіркеусіз жүрген азаматтар мен жалған тіркеумен жүрген азаматтарға қатысты болып отыр.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін жаңа кодекстен үзінді келтіре кетейік. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 492-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұрған азаматтар алдағы уақытта айыппұл төлейді. Сонымен қатар, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 493-бабына сәйкес, тұрғынжай меншік иесінің немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және үй-жайлары бар басқа да тұлғалар аталған мекенжайда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол берсе, оларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

– Бүгінгі күні Сәтбаев қаласының тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан халықты құжаттандыру және тіркеу бөліміне осы сауал төңірегінде көптеп келіп жатыр. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес қала тұрғындары кезінде өз үйлеріне тіркеуге қойған азаматтарды тіркеуден шығаруда. Себебі, 1 қаңтардан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 493-бабына сәйкес, тұрғын үй иелері тіркелген мекенжайда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол берсе, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұл, әрине, үй иесіне зиянын тигізеді.

Айта кету керек, кез келген тұрғынжай меншік иесі жеке куәлігі мен меншігіндегі тұрғын үйінің барлық құжаттарын әкеліп, үйінде тіркеуде тұрған азаматтарды тіркеуден шығаруға құқығы бар, – дейді Сәтбаев қаласы ішкі істер басқармасының көші-қон полиция тобының инспекторы Мұрат Әбілханов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың тіркелген мекенжайда тұрып жатқанын учаскелік инспекторлар тексереді.

– Бұл жұмыстардың бәрі заң шеңберінде жүргізілетін болады. Учаскелік полиция инспекторлары өз аймақтарында құжаттарды тексеру немесе жоспарлы тексерістер жүргізген кезде азаматтардың нақтылы мекен-жай бойынша тіркеліп, сол жерде тұрып жатқаны немесе тұрмайтыны анықталып, тиісті құзырлы орындарға хабарланады. Одан кейін жаңа кодекс талаптары бойынша азаматтарға тиісті шаралар қолданылатын болады, – дейді инспектор.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.