Ұлы жеңіс – ұлт жадында

20150206-02-1Сәтбаев қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталды. Атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыс барысы туралы Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықоваға жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

–1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс шараларды дайындау және өткізу жөніндегі қалалық штаб құрылды. Штаб құрамында қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бар.

Сонымен қатар, барлық санаттағы ардагерлердің тізімі нақтыланып, іс шаралар өткізу бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленуде. Әр бейсенбі сайын қалалық штаб отырысы өткізіліп, осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, ортаға салынады.

– Кауһар Әлмағамбет-қызы, Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен, туған жердің топырағы бұйырмаған жауынгерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі қаншалықты?

– Салқыны сан жылдарға созылған сұрапыл соғыстың жаңғырығы – мәңгі жадымызда. Ел шетіне жау тиген шақта қолына қаруын алып, қан майданға аттанған жауынгерлер қашан да құрметке ие. От кешіп, оққа кеудесін тосқан сарбаздардың ерліктері – бүгінгі бейбіт күннің кепіліндей. Атақ-даңқ иелену тұрмақ, әлі күнге дейін жерленген жерлері белгісіз жауынгерлер, туған жер топырағы бұйырмаған боздақтарымыз қаншама? Осы ретте үстіміздегі жылдың қаңтарынан сәуір айы аралығында «Есімдеріңіз ұмытылмайды» кең ауқымды жастардың ізденіс акциясы өткізіледі. «Із-түзсіз жоғалды» деген тілімдей қағаздан өзге хабары жоқ жауынгерлер туралы деректер іздеумен айналысады. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, соғыста қаза болған және елге қайтып келіп дүние салған майдангерлердің жесірлерін, соғыс балаларын құттықтау ұйымдастырылмақ.

– Қандай әлеуметтік көмектер мен қолдаулар көрсетілмек?

– Ардагерлерді қолдау бағытында тұрақты мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік көмек көрсету мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады. Жыл сайын диспансерлік тексеріспен қамту, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, газеттер мен журналдарға жазылу, тіс протезі, монша және шаштараз, әлеуметтік такси қызметтеріне қоса алғанда ардагерлердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін осы тектес жұмыстар жүзеге асырылады. «Ардагерім – ардағым!» акциясы аясында да көмек көрсетілмек. Сонымен қатар, ҰОС ардагерлеріне, ҰОС қатысушының жесіріне, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдеріне, тыл ардагерлеріне, концлагерь тұтқындарына, кеңес әскері мүгедектеріне бір жолғы материалдық көмек қарастырылған.

–Батыр ағаларымыздың ерлігін насихаттау барысындағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, таныстыру – кітапхана қызметкерлерінің міндеті. Осы ретте кітап оқу кештері, мәнерлеп оқудан байқау өткізіледі. Қазақстандықтардың жеңісті жақындатуға қосқан үлесі, олардың батырлық ерліктері туралы материалдарды мүмкіндігінше мол қамтуымыз қажет. Мақсат – жас ұрпақты бейбітшілікті сақтауға және нығайтуға, өз Отанын сүюге, Отанымыздың саясатын қолдауға, ерлікке, адал, батыл болуға, өзін — өзі басқаруға, еркін сөйлей білуге тәрбиелеу. Мәселен, «Ауғанда шыңдалған сарбаздар» секілді кештерде құжаттық, мемуарлық, көркем әдебиеттерге мән берілетін болады.

– Қала көшелерін мерекеге сай безендіру жұмыстары қашан басталмақ?

– Қаланы көркемдеп, безендіру жұмыстары Наурыз айынан басталады. Абаттандыру бағытындағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы биыл да жалғасын таппақ. Жеңіс саябағында «Тағзым» мемориалдық кешені бой көтеріп, Даңқ алаңына қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіледі. Қаламызда ҰОС ардагерлеріне арналған саябақ бар. Енді тыл, Ауған соғысы, Чернобыль апатының құрбандарына, бейбіт өмірде қаза тапқан полиция қызметкерлерін, өрт сөндірушілерді құрметтеуге арналған ескерткіш белгілер орнатылады.

Сонымен қатар, «Ұлы Жеңіс жұлдызы» айлығы, «Біз жеңімпаздар ұрпағымыз!» онкүндігі жарияланады. Осы ретте «Сәтбаевтықтардың Ұлы Жеңіске үлесі» аймақтық жастар конференциясы, «Әскерге шақырылған азаматтар күні!» акциясы ұйымдастырылады. Акция аясында 16 жасқа толған азаматтарға әскери тіркелу куәлігі табысталып, әскер қатарына шақырылған жас азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсімі өткізіледі. «Мен Қазақстанға қызмет етемін», «Ұлы Жеңіске тарту!» онкүндіктері бойынша да мазмұнды кештер мен кездесулер өтеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын өз деңгейінде атап өту үшін дайындық жұмыстары басталып, жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта орын алатын маңызды шаралар туралы БАҚ арқылы хабарлап отыратын боламыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.