Жастарға жалын берді

20150206-12-2Қаңтар айының 23-31 күндері Алматы қаласындағы Жазушылар Одағы ғимаратында қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл толуына арналған ақын атындағы VII республикалық «Жырлайды жүрек» балалардың ән-жыр байқауы өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 1200-ден аса жасөспірім қатысқан сайыста кенді қаланың намысын төрт бірдей жалынды жасымыз қорғап, жүлдемен оралды. Солардың бірі – байқаудың «Көркем сөз» номинациясы бойынша Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқыған Бейбарыс Кетебей орта жас топта өнер көрсеткен 752 сайыскердің арасында бас жүлдемен оралды. Талай байқауларда замандастарын шаң қаптырып жүрген Бейбарыс Мұқағали Мақатаев атындағы қордың да арнайы жүлдесімен марапатталды. Осы аталымның жоғарғы тобында бақ сынаған Абай Жағыпар І орынды қанжығалап қайтты.

Ал, вокал номинациясы бойынша өнер көрсеткендердің ішінен І орынның жүлдесі Ақмоншақ Махамбетке, ІІ орын Халифа Төлеуге бұйырды.

Поэзия әлемінде өзіндік стиль қалыптастырып, жаңаша бағыт әкелген Мұқағали шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен бұл байқауға балалардың бабын келістіріп, бәйгеге қосқан жетекшілері Весовая елді-мекеніндегі «Теміржолшылар» клубының меңгерушісі Эльмара Жұбаниязова, сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Амангелді Бұқар мен Гүлнұр Сембетова ұйымдастырушылар атынан Алғыс хатпен марапатталды.

Жас өнерпаздардың республикалық байқауға қатысып, шығармашылық шыңдалуларына демеушілік жасаған қала әкімі Әнуар Омар мен орынбасары Серік Имамбайға ата-аналарға балалардың да, жетекшілердің де айтар алғысы шексіз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.