Елі үшін отқа түскен

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтағанда Жеңіс сағатын жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін білеміз. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионнан астам адам әскер қатарына шақырылды. Олардың көбі майдан даласынан қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бір де бір отбасы қалмады. Бірінің – әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Жас жігіттер қыршынынан қиылды. Сондай азапты жолдан аман-есен оралған азаматтардың бірі Ілия Есетов еді. 1940 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Тула қаласына аттанған ол бір жылдан кейін сұмдық соғыстың куәгері боларын білген жоқ.

20150206-01-1

1919 жылы Жезқазғаннан елу сегіз шақырым жердегі №3 ауылда туып-өскен Ілияс Есетов – Ерденнің заманында өмір сүрген Аманбай батырдың ұрпағы. Батырдың ұрпағы екендігін ол сол қиын кезеңде танытып бақты. ­Қолына қару алған өрімдей жігіттің жастық шағы жан- жағын қоршаған оқ пен оттың ортасында өтті.

– Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастап, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диқаншы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Калинин облысындағы «Белое озеро» деген көлдің жағасына әскери лагерь құрылды. Маусымның 27 күні соғысқа сол жерден аттандық. 1941-1942 жылдары артиллериялық полктің сержанты ретінде Калинин майданында небір шайқастарға қатыстым. Алғашқы күндері мықты дайындалып келген жау бет қаратпады. Біздің әскер шыдамдылықпен төтеп берді. Қыстың күні немістердің «Он алтыншы отрядын» қоршауға алдық. Немістер ашыға бастады. Ешкімді өткізбейміз, шығармаймыз. Аңдысып жүріп, жауды қолға түсірдік, – деп еске алады қарт жауынгер.

– Су кешіп, балшыққа батып, күн-түн демей жүреміз. Күнделікті жейтініміз – бір тілім қатқан нан. Оны тілдің астына салып сорып, нәрін талғажау етеміз. Қарным ашты, ұйқым қанған жоқ деп айта алмайсың. Есіл-дертіміз жауды жеңіп, үйге қайту. 1943 жылы Ленинградтағы №3 артиллериялық училищеде оқыдым. Толық аяқтауға мұршам келмеді. Шұғыл түрде артиллериялық дивизияға жіберіп, төрт ай бойы дайындықтан өттік. Бірақ, дивизия командирі Уверенко автозауытқа оқытушы ретінде алып қалды. Сол жерге жиналған Украин балаларын оқыттым. «Біз жеңдік!» дегенді естігенде қуанышымызда шек болмады. «Ұлы Жеңіс жасасын!» деп малақайымызды аспанға атып айқайладық.

Соғыстан кейін Жезқазған аймағының өркендеуіне үлесін қосқан Ілияс ата 1974 жылға дейін Жезқазған кен комбинатында есепші болып еңбек етті. Кейіннен Жәйремге бас есепші болып ауысып, зейнеткерлікке шыққан соң туған жеріне қайта оралды. Он баланы дүниеге әкелген зайыбы Торы Есетовамен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Жиырмаға жуық немере, бес-алты шөбере сүйген Ілияс ата биыл тоқсанның сегізіне толады. Санасы сергек, ойы ұшқыр жанның айтар әңгімесі көл-көсір, шертер шежіресі жетерлік. Қазір немерелерінің ақылшысы, сырласы, досы. Оларды қайсар, батыл, еңбекшіл, табанды, жігерлі болуға тәрбиелейді.

– Барлық Кеңес жастары сияқты патриоттық рухта тәрбиеленгендіктен, қиындықтарға мойымадық. Біз патриот болдық. Ата-ана, туыстар, ауылдастарымызды қадірлеп, туған жерді жүрегімізге жақын тартып, аялап, ардақтай білдік. Қиын-қыстау кезде сыртқы жаудан жан аямай қорғап, елді, жерді басқыншылардан азат ету үшін қасық қан қалғанша күрестік. Қазіргі жастар осы бейбіт өмірдің қадірін білсе екен деймін. Компьютерді білген, техниканы меңгерген, технологияны игерген — жақсы. Сонымен бірге әр жас азамат өз жүрегінде ұлттық, отаншылдық қасиеттер қалыптастыруы керек. Мен қазіргі жастардан осыны талап етемін, – деген Ілияс ата әңгімесін ары қарай жалғастырды.

Фашистік Германия тізе бүкті. Бірақ, сол сұм соғыс өзімен бірге талай жанның өмірін алып кетті. Ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынамызды құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан, адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек.

Осыдан 70 жыл бұрынғы Жеңіс толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті, сонысымен қымбат. Әрине, Жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Ұлы Отан соғысы ардагерлері ел мен жерді қорғауда теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Олардың қатарында екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің, «Германиядағы жеңісі үшін» медалінің, «Кеңестер Одағының маршалы Жуков» атындағы мерейтойлық медаль иегері, болаттай беріктік пен ержүректілік көрсеткен Ілияс Әуезұлы да бар.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.