Жақсылық пен жаңашылдық жаршысы

20150221-06-1Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайы мектептен тыс, қосымша білім беру бағытында 2000 жылдың 11 ақпанынан бастап үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Болашақ ұрпақтың ой-санасын қалыптастыру мақсатында ұрпақ тәрбиесін жаңаша жаңғыртып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын мекемедегі тәрбие тәсілдері әр баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бір жылға құрылған жоспар бойынша ашық сабақтар, көрме, ата-аналармен бірлескен кештер, семинарлар, дөңгелек үстөлдер өткізу арқылы педагоктардың мәртебесі мен біліктілігін арттыру дәстүрге айналған. Мерейлі күнге орай аталмыш білім мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

– Баланың іс-әрекеті өтпелі кезеңге дейін қалыптасып, қарқынды түрде дамиды. Осы кезде берілетін білім мен тәрбие әлеуметтік сұранысқа сай жүзеге асырылуы тиіс. Болашақ ұрпақтың өміріне бей-жай қарай алмағандықтан осы Сарайды құрудың қажеттілігі артты. Содан бері 15 жыл өтіпті. Қазір жұмысымыз жанданып, өз жемісін беруде. Үйірме жетекшілері тақырыптарға сай іс-шараларды жоспарлы түрде жүргізеді. Бұл жастарды ізденуге, тынымсыз еңбек етуге баулып, жас мамандардың заман талабына сай талпыныс жасауына зор әсерін тигізеді. Олардан қызметтік тұлға қалыптастыра отырып, ізденіп, оқып үйренуге, тәжірибе жинауға итермелейміз. Мақсатымыз – балалардың ой өрісін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қоғамдық шараларға белсене қатысуға дағдыландыру, – дейді мекеме басшысы Гүлнар Сұлтанқызы.

Бүгінгі күні Оқушылар сарайында 26 жоғары білімді, 5 жоғары, 15 бірінші, 12 екінші санатты тәжірибелі мамандар еңбек етуде. Олардың қатарындағы Мәуия Бекмағамбетова, Күләш Берлібекова, Гүлфира Аяулина, Эльмира Байсадықова, Надежда Дзелюсь, Мария Лобада секілді майталман мамандардың ізін басқан Гүлзада Көшербаева, Эльмара Жұбаниязова, Мадияр Құлашев, Айнұр Ақжігітова, Толғанай Сейпішева секілді жастар жетістіктерімен қуантуда. Мәселен, «Жас биолог» үйірмесінің жетекшісі Толғанай Сейпішева «Жергілікті өсімдіктердің дәрілік қасиеттері» тақырыбындағы ғылыми жұмысын облыстық байқауда сәтті қорғады. Бұл жерде жас маманнан құзіреттілігі жоғары шығармашыл жеке тұлға қалыптастырып шығару да ұмыт қалмаған. Жыл сайын мұғалімдер біліктілігін жетілдіру курстарында оқып, 5 жылда бір аттестациядан өтеді. Жетекшілердің оқып, үйренуге деген ынтасын арттыру, әдеттен тыс әдіс-тәсілдерді жинақтап, ұйымдастырылған іс-әрекетке енгізу, тәлімгерлік тәжірибені бағыттауға арналған шараларда шек жоқ. Өткізілетін әр іс-шарада слайд-шоу көрсетіліп, қимыл-қозғалысқа толы ертегілер қойылып, сауықтыру шаралары музыка ырғағымен үйлестіріледі. Имандылық-инабаттылық тәрбие бағытындағы шараларда да тақырыпқа сай, оқушылар жұмыстарынан тұратын көрме ұйымдастырылады. Ерекшелігі сол мұнда балалар емін-еркін жүріп, іс-қимыл үстінде болады. Сабақтарда олардың іс-әрекеттері көрсетіледі. Мұғалімдердің көздегені осы мақсатта жүзеге асады.

Оқушылар сарайында түрлі бағыттағы алпыстан аса үйірме, 4 жексенбілік «Стол теннисі», «Мирас», «Ұлттық ойындар», «Кемпірқосақ» клубтары жұмыс істейді. Тегін үйірмелерде қала мектептерінен 1410 оқушы тұрақты түрде білім алып, 1500 оқушы бос уақыттарын өткізеді. «Көркем қолданбалы экология» және «Көркем музыка» бағыттарындағы үйірмелер қазақ, орыс тілінде жүргізіледі. Жан жақты дамыған жеке тұлға тәрбилеуді көздейтін үйірмелерде ұлттық нақышқа, мәдениет пен имандылыққа баса мән берілген. Патриоттық сезімді оятатын тарихи жобалар да назардан тыс қалмаған. «Тұлғалық бағытталған оқыту моделіне жас ерекшелігі әртүрлі балалардың бейімделуі» тақырыбында жұмыс істеп келген оқушылар сарайы жаңа педагогикалық технологияларды игеру арқылы бейіндік оқытуды қамтиды. «Балаға мейірімді оқушылар сарайы», «Нұрлы өркен» кешенді бағдарламалары арқылы азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік дағдыларды сіңіріп, жеке тұлғаның мәдени құндылықтарын дамытатын, өзін-өзі тануға, көшбасшылыққа үйрететін жүйе құрылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға ұмтылған Оқушылар сарайының жұмыс жоспары техникалық, тілдік, экологиялық, көркем мәдени, сәнді қолданбалы, музыкалық секілді жеті бағытқа негізделген.

– Бүгінгі заман талабына сай жеке шығармашылық тұлға қалыптастыру басты міндеттеріміздің бірі. Сонымен қатар, қосымша білім беру бағыты жан-жақты қамтылған. Балалар мен мұғалімдердің бірлескен іс-әрекетін ұйымдастыра отырып, әр оқушының қабілетін танып, ары қарай дамытуға жағдай жасаймыз. Мұның барлығы оқу тәрбие жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Бала бойындағы ерекшелікті ескере отырып, оның тасада тұншығып қалмай дамуына жол ашуға тырысамыз. Жас ұрпақтың ой-санасын дамыту үшін тәрбиені жаңаша жаңғыртқан абзал, – дейді директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Жанат Бектұрова.

Оқушылар сарайы кітапханасы оқырманнан босамайды. Мұғалімдердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, сұраныстарын қанағаттандыратын, жаңа кітаптармен таныстырып, әдістемелік көмек көрсететін кітап көрмелері, әдеби кештер мен дөңгелек үстөлдер, әр сала мамандарымен кездесулер осы жерде ұйымдастырылады.

Жылына екі жүзге жуық шара өтетін мекемеде айтарлықтай оң нәтижелер жоқ емес. Үйірме қатысушылары халықаралық «Күншуақ», «Ақ көгершін» фестивалдерінің тұрақты қатысушылары әрі жүлдегерлері. Сәтбаев қаласының атағын аспандатып жүрген «Лашын» би тобы Польшада өткен «Снежная вершина» байқауында бірінші орынды жеңіп алса, әнші Салтанат Серкебаева Анталияда өткен «Арт-олимпия» байқауында екінші орынды иеленді. Аймақтық «Говарящие кисточки», халықаралық «Табиғат фантазиясы» байқауларында «Бейнелеу өнері» үйірмесінің оқушылары жеңімпаз атанып жүр.

Техникалық базасы қазіргі талапқа сай жабдықталған, кітап қоры жеткілікті, музыкалық құрылғылары 80 пайызға жаңартылған мекемедегі басты орын алатын костюмдер кабинетін Гүлманап Жақыпова басқарады. Киімдерді жуып, өтектеп, реттеп отыру осы кісінің мойнында. Жан-жануарлар мен аңдардың киімдері, ою-өрнекке толы ұлттық киімдер көз тартарлық.

– Ескірген, жыртылған костюмдерді өзіміз тігеміз, қайта өңдеуден өткіземіз. Барлық костюмдер тігіншілеріміз Жұмагүл Бәкірова мен Гүлсім Қалмұқанбеттің қолынан шыққан. Қажетті материалдарды өзіміз табатындықтан ұқыптылықпен қарап, сақтауға тырысамыз, – дейді кабинет меңгерушісі.

Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық концертін өткізіп, сый ретінде өз қолдарынан шыққан бұйымдарды ұсынатын Сарай өнерпаздары шетінен алғыр, талапты да жігерлі. Оқу жылының аяғында әр үйірме есеп беру концертін өткізуді дәстүрге айналдырған. Қасиетті өнер шаңырағынан түлеп ұшып, қазір қазақ эстрадасының жұлдызы атанған дарындар жетерлік. Солардың бірі «Супер старда» бас жүлденді иеленген жанкүйерлері «Капкарашка» атап кеткен Нұржан Керменбаевтың талабы осы жерде ұшталып, қанаты осы шаңырақта қатайған. Ғабит Мүсірепов, Асқар Нұржанов, Дастан Жанайдаров, Жансая Керменбаева, секілді өнерпаздар да өнерден өз жолын тауып, талай додаларда топ жарып жүр.

Оқушылар сарайында ата-аналармен жұмыс істеудің жеке жүйесі құрылған.

– Қазіргі ата-aналар үлкен қиналыс үстінде жүреді. Жұмысымызға ата-aналарды қатыстырудың өзіндік себептері бар. Олар балаларына қай жағынан болмасын көмектесуді үйренеді. Осындай әдістемелік іс-шаралардың тигізер септігі көп, – дейді Жанат Бектұрова.

Мұғалімдер мұнан бөлек жыл сайын обылыстық көлемде өтетін конференцияларға, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Сонымен қатар, кейінгі жылдары дамыта оқыту, ақпараттық-қатынастық технологияларды жұмыс барысына енгізу, әдеттен тыс әдіс-тәсілдерді қолдану жүзеге асырылуда. Аталмыш тәжірибелерден педагоктардың шығармашылық қабілеттері дамып, ішкі жан дүниені ұғынып, жаңашылдыққа ұмтылып, ұлттық мәдениетті үйреніп, тынымсыз еңбек етуге талпынуда. Олар қазір мерейтой құрметіне арналған кезекті шараға дайындық үстінде.

Міне, осындай жақсылық пен жаңашылдықтың жаршысы болған Оқушылар сарайының ұжымы алдағы күндерге сеніммен қадам басуда.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.